«Қазақмыс» компаниялар Тобы қауіп төнуі ықтимал телімдерде өндіруді уақытша тоқтатады және барлық жерде қауіпсіздік шараларын күшейтеді, деп хабарлайды DKnews.kz.
«Қазақмыс» компаниялар Тобының өндірістік нысандарында жазатайым оқиғалардың жиілеуіне байланысты корпорация басшылығы бүгіннен бастап бекітілген кестеге сәйкес тәуекел деңгейі жоғары барлық технологиялық процестерді тоқтата тұру туралы шешім қабылдады.
Кеніш тоқтап тұрған кезеңде қауіпсіздік ережелерінің сақталуы бақылауға алынып, барлық жұмыс түрлері жан-жақты тексеріледі. Барлық кемшілік жойылғаннан кейін ғана телімдердегі жұмыс қайта жалғасады.
Қауіпсіздікті күшейту жөніндегі кешенді шаралар шеңберінде Қазақмыс компанияның барлық өндірістік нысандарын жоспардан тыс тексереді, сондай-ақ инженерлік-техникалық персонал мен жерасты жұмыс орындарын қайта аттестаттаудан өткізеді. Сонымен қатар комиссия құтқару жабдықтарының даярлығын, қызметкерлердің өнеркәсіптік қауіпсіздік техникасы мен төтенше жағдайдағы іс-қимыл алгоритмдері бойынша білімін тексереді.
Бұл қадам компанияның басты басымдығы – қызметкерлердің денсаулығы мен өмірін қорғауға бағытталған.
Бұдан бөлек компанияның барлық өндірістік алаңдарында орын алуы ықтимал апаттық жағдайда персоналдың іс-әрекетін пысықтауға және төтенше жағдайға дайындығын жетілдіруге бағытталған жоспардан тыс жаттығулар өткізілуде.
«Қазақмыс» компаниялар Тобы өз қызметкерлері мен олардың отбасы алдындағы жауапкершілігін толығымен түсінеді. Біз жұмыс орындарындағы апаттың алдын алу және қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету үшін барлық күш-жігерімізді жұмсаймыз.