Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Дүниежүзілік банк өкілдерімен кездесу өткізді, деп хабарлайды DKnews.kz.
Жиынға Орталық Азия бойынша өңірлік директор Татьяна Проскурякова, Шығыс Еуропа және Орталық Азия үшін инфрақұрылым жөніндегі өңірлік директор Чарльз Кормье, Қазақстандағы Дүниежүзілік банктің тұрақты өкілі Андрей Михнев, сондай-ақ Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан бойынша ХҚК өңірлік менеджері Зафар Хашимов қатысты.
Кездесудің басты тақырыбы – Қазақстанмен 2026-2030 жылдарға арналған әріптестіктің жаңа стратегиясы, Әріптестік туралы негіздемелік келісімді (ӘНК) ратификациялау, талдамалық қолдауды кеңейту және бірлескен жобаларды іске асыру.
Серік Жұманғарин Қазақстан Дүниежүзілік банкпен ынтымақтастықтың стратегиялық сипатын жоғары бағалайтынын айтып, құрылымдық реформаларды іске асыруда және инклюзивті экономикалық өсуді қамтамасыз етуде әріптестіктің маңыздылығын атап өтті. Әріптестіктің 2020-2025 жылдарға арналған қолданыстағы стратегиясы шеңберінде елеулі нәтижелерге қол жеткізілді және Қазақстан 2026-2030 жылдарға арналған жаңа құжатты әзірлеуге дайын.
«Еліміз үшін экономиканы әртараптандыру, инвестиция тарту, инфрақұрылымды дамыту және негізгі салаларды жаңғырту басым міндеттер болып қала береді. 2025 жылы ЖІӨ-нің өсуі – 5,6%-дан жоғары болуы тиіс. Банкпен бірлескен бастамалар орнықты экономикалық дамуға қол жеткізуге көмектеседі» Серік Жұманғарин
Жиын барысында Дүниежүзілік банкпен қазіргі және келешектегі жобалар талқыланды. Оның ішінде: Қамбарата ГЭС-1 құрылысы, «Жезқазған–Қарағанды» жобасын қосқанда, автожолдарды жаңғырту, өнімді инновацияларды ынталандыру және ғылым мен технологияны дамыту, Солтүстік Арал теңізі жобасы, энергетикалық және коммуналдық секторды жаңғыртуды қолдау және тағы да басқалары бар.
Дүниежүзілік банктің Орталық Азия бойынша өңірлік директоры Татьяна Проскурякова ұйымның даму саласындағы ең ірі халықаралық құрылым болып саналатынын және ондаған мемлекетпен жұмыс істейтінін айтты. Ол Қазақстандағы жобалар портфелі $2,5 млрд екенін жеткізді. Дүниежүзілік банк инвестициялық қарыздан бастап нәтижеге негізделген бағдарламаға дейін қаржыландыру құралының кең ауқымын ұсына отырып, ынтымақтастықты кеңейту үшін айтарлықтай әлеуетті көріп отыр.
Татьяна Проскурякова Арал теңізін қалпына келтіру жобасын қоса алғанда, басым міндеттер арасында экологиялық бастамаларды бөліп көрсете отырып, орнықты дамудың маңыздылығын атап өтті.
«Әріптестік туралы негіздемелік келісімді ратификациялау процесін аяқтауды ұсынамыз. Осыған ұқсас уағдаластықты басқа да халықаралық институттар қолдануда. Бұл бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін жаңа мүмкіндік туғызады. Біз диалогқа ашықпыз әрі Қазақстанды оның стратегиялық мақсаттарына қол жеткізуде қолдауға дайынбыз» Татьяна Проскурякова
Дүниежүзілік банк Қазақстанның халықаралық негізгі әріптестерінің бірі болып қала береді. Оның сараптамалық және қаржылық қолдауы экономиканы жаңғыртуға және стратегиялық бастамаларды іске асыруға ықпал етеді.
«Біз Дүниежүзілік банкке Қазақстанның дамуына қосқан үлесі үшін алғысымызды білдіреміз. Ынтымақтастығымыз жаңа стратегиялық шеңберде одан да нәтижелі болатынына сенімдіміз» Серік Жұманғарин
Вице-премьер Қазақстан Үкіметі бірлескен жобаларды іске асыруды жеңілдету үшін Дүниежүзілік банк ережелері мен рәсімдерін қолдануға мүмкіндік беретін ӘНК-ге қол қоюды және ратификациялауды қарастырып жатқанын айтты. Келісімге қол қойылғаннан кейін квазимемлекеттік компаниялар халықаралық стандарттар бойынша қаржыландыруды тарта алады.