Ата Заңымыз - Конституцияның 36-бабында Қазақстан Республикасын қорғау оның әрбір азаматының қасиетті парызы және міндеті болып айқындалған.
Елімізде әскери ерлік пен әскери қызмет ерекше құрметке ие.
Отан қорғаушылар қашанда отансүйгіштіктің, халқына аянбай қызмет етудің, ерлік пен батылдықтың айқын көрінісін көрсетеді.
«Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 31-бабына сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы мен Үкiмет қаулысы негiздерінде азаматтарды мерзiмдi әскери қызметке шақыру жылына екi рет жүргiзіледi.
Он сегіз жастан жиырма жеті жасқа дейінгі, әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе әскерге шақырылудан босатылуға құқығы жоқ азаматтар Қарулы Күштердi, басқа да əскерлер мен əскери құралымдарды жасақтау үшін қажетті санында мерзiмдi әскери қызметке шақырылуға жатады.
Ағымдағы жылдың 1-наурызынан бастап Қазақстан аумағында көктемгі шақыру кампаниясының жұмысы басталды, ол 30-маусымға дейін жалғасады.
Жергілікті әскери басқару органдары, орта білім мекемелері мен басқа да мемлекеттік органдардың жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу мақсатында атқарып жатқан жұмыстарына қарамастан жылдан жылға әскер қатарында өз борышын өтеуге ниет білдірген азаматтар саны кемуде.
Бұған әртүрлі себептер әсер етуі мүмкін, яғни бір азаматтар әскери қызметтегі тыйымдардан, шектеулерден және қатал күнделікті әскери өмірден үрейленетін болса, енді біреулері ұялы телефондармен, интернетпен және басқа да ойын-сауықпен күндерін өткізуді қалайды, ал тағы басқалары бір жыл әскери қызмет өткергенше өз уақытын тиімдірек пайдалануға ұмтылады (бизнеспен айналысу, үйлі болу, ата-анасына көмектесу, жұмысқа тұру және т.б.).
Азаматтардың себеп-сылтаулары көп, бірақ олардың басым көпшілігі әскерге шақырудан кейінге қалдыруға негіз болып табылмайды.
«Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңның 36-бабында көрсетілген негіздер бойынша ғана әскерге шақырылудан босатылады (денсаулық жағдайы бойынша, жиырма жеті жасқа толған, заңды негiздер бойынша мерзiмдi әскери қызметке шақырылмаған; туыстарының бiрi әскери қызмет өткеру кезеңiнде қызметтік мiндеттерiн атқару кезiнде қаза тапқан, қайтыс болған немесе оған бірінші немесе екінші топтағы мүгедектік белгіленген жағдайда, ғылыми дәрежесі барлар, тіркелген діни бірлестіктердің дін қызметкерлері).
Сонымен қатар, Заңның 35-бабында әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыруды беру негіздері көрсетілген.
Қазіргі уақытта Астана қаласы бойынша әскери қызметтен жалтарып жүрген 1,3 мың бозбала іздестірілуде.
Әскери қызметтің мәртебесін көтеру мақсатында 2023 жылдан бастап әскерде қызмет еткен азаматтар ҰБТ нәтижелеріне қарамастан, еліміздің жоғары оқу орындарына оқуға түсе алады, ал ерекше көзге түскендерге ақысыз оқуға гранттар беріледі.
Сонымен бірге әскери қызметтен жалтарғаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауаптылықтар көзделгенін де атап өткім келеді.
Анықтама ретінде:
ӘҚБтК 647-бабына сәйкес – азаматтардың әскери есепке алу жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салу түріндегі әкімшілік жаза белгіленген.
ӘҚБтК 648-бабына сәйкес – медициналық тексерілуден немесе жиындардан жалтарғаны үшін әскери міндеттілерге 5 АЕК мөлшерінде, ал әскерге шақырылушыға ескерту жасауға не 3 АЕК мөлшерінде айыппұл салу түріндегі әкімшілік жаза белгіленген.
Әскери қызметтен жалтарғандар үшін ҚР Қылмыстық кодексінің 387-бабына сәйкес бір мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не төрт жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не бір жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жаза көзделген.
Сондықтан да Ақмола гарнизонының әскери прокуратурасы жастарды уақытылы Отан алдындағы қасиетті борыштарын өтеуге шақырады.
Ақмола гарнизоны әскери прокуратурасының аға прокуроры әділет подполковнигі С. Төлеужанов