Ақтау гарнизонында әскери-теңіз базасының саптық алаңында матростардың Жауынгерлік тумен қоштасу рәсімі салтанатты жағдайда өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Әртекті корабльдер дивизиясында, десанттық-шабуылдау батальонында және коменданттық ротада қызмет еткен 179 әскери қызметшінің өміріндегі бұл маңызды сәт борыштың өтелгенін және азаматтық өмірге оралуды білдірсе керек.
Іс-шараға әскери-теңіз базасының басшылығы, гарнизон әскери бөлімдерінің командирлері, Қарулы күштердің ардагерлері, Ақтау қаласы мен Маңғыстау облысы бойынша сарбаздар аналары комитетінің төрағасы Гүлмира Кеңесбаева қатысты.
Әскерде қызмет еткен уақыттарың бекерге кеткен жоқ. Сендер шынықтыңдар, әскери-есеп мамандығын үйрендіңдер, психикалық және күш-қуат тұрғысынан дамыдыңдар. Сендердің бүкіл өмірлерің алда, бәріне сәтті бейімделіп, жоспарларың ойдағыдай іске ассын Деді әскери-теңіз базасының командирі полковник Есенғали Байботаев
Оқу-жауынгерлік даярлықтағы жоғары көрсеткіштері және міндеттерін адал орындағаны үшін матростар грамоталармен, алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Бүгін біз көп нәрсені үйренген әскери бөліммен қоштасамыз. Әрқашан командирлерімізді есте сақтаймыз. Барлық әріптестердің атынан оларға зор алғысымды білдіргім келеді, ал бізден кейін келгендерге әскери-теңіз ісін табандылықпен үйренулеріне тілектеспін Қарағанды облысынан шақырылған теңізші Нұрасыл Сыздықбай
Салтанатты рәсімнің соңы Мемлекеттік әнұранның шырқалуымен және әскери бөлім әскери қызметшілерінің салтанатты маршымен аяқталды.
Айта кетсек, көктемгі әскерге шақыру науқаны барысында Ақтау гарнизонының әскери бөлімдерінен 1500-ге жуық мерзімді қызметтегі әскери қызметші запасқа шығарылады.