Премьер-министр Олжас Бектенов Павлодар облысының бизнес-қоғамдастығы өкілдерімен кездесу өткізді, деп хабарлайды DKnews.kz.
Онда Мемлекет басшысының қуатты экономика қалыптастыру жөніндегі тапсырмаларын іске асыруға бағытталған отандық тауар өндірушілерді қолдау шаралары талқыланды.
Өңір кәсіпкерлерімен кездесу барысында Олжас Бектенов Үкімет отандық тауар өндірушілерді жан-жақты қолдау бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті. Мемлекеттік сатып алу саласында отандық өндірушілер тауарларының, жұмыстары мен көрсетілетін қызметтерінің тізбесі кеңейтілді, сатып алу рәсімдері оңтайландырылып, ұзақмерзімді шарттар жасау тетігі енгізілді. АӨК-те жеңілдікпен несие беру мөлшері ұлғайтылды, бұл 2024 жылы рекордтық жоғары өнімділікке қол жеткізуге мүмкіндік берді. Экономиканың нақты секторын дамыту үшін шағын бизнесті қолдауды қамтамасыз ететін қаржыландыруды кеңейту және кепілдік қорларын құру көзделген. Алдағы бес жылда 13 трлн теңге инвестицияға Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба іске қосылды.
Премьер-министр бірінші кезекте экономикалық әлеуеті бар басым бағыттарды дамыту қажеттігін атап өтіп, кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдау бағдарламаларына белсенді қатысуға шақырды.
«Мемлекет басшысы кәсіпкерлікті дамыту және қолдау мәселесін бірнеше рет көтерді. Ол үшін біз бизнесті жүргізуге барынша қолайлы жағдайлар жасаймыз. Өткен аптада мен екінші деңгейлі банктермен кездесу өткіздім. Олар экономиканың нақты секторын қаржыландыруды арттыруға ниетті. Сондықтан біз сіздерден келешегі зор жобаларды, өркендеудің жаңа бағыттарын және экспорт нарығын кеңейтуді күтеміз. Металдарды терең өңдеу, мұнай, газ және көмір химиясы, энергетика және машина жасау, туризм сияқты басым бағыттарды дамыту қажет. Бұл өнім сапасы мен компаниялардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу, халықтың табысы мен бюджетке түсетін кірісін арттыру тұрғысынан пайда әкеледі» Олжас Бектенов
Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков бизнес жүргізу үшін жағдайды жақсарту және оны басым түрде қолдау жөніндегі жұмыс туралы баяндады. Әкімшілік жүктемені азайту үшін кәсіпкерлік қызметті «таза парақтан» реттеу енгізілді, 10 мың негізсіз талап қысқартылды, сондай-ақ тексерулер жүйесі оңтайландырылды, бұл олардың санын 2019 жылмен салыстырғанда екі есеге қысқартуға мүмкіндік берді. Биыл Кәсіпкерлікті кешенді қолдау бағдарламасы аясында 271,1 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр. Оның 12,5 млрд теңгесі Павлодар облысы кәсіпкерлерін қолдауға бағытталады.
2025 жылы өңірде өңдеу саласында құны 125,3 млрд теңгеден асатын бес жобаны іске қосып, 1,2 мыңнан астам жұмыс орны ашу жоспарланған.
«Бәйтерек» холдингінің басқарма төрағасы Рустам Қарағойшин кәсіпкерлікті қолдау бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы хабарлады. Мәселен, 2025 жылы кәсіпкерлікті, тұрғын үй құрылысы мен инвестициялық жобаларды қаржыландыру көлемін 2027 жылға қарай 10 трлн теңгеге дейін ұлғайта отырып, 8 трлн теңге бағыттау жоспарлануда. Ірі бизнес үшін – 5 трлн теңгеге дейінгі жобаларды қаржыландыруды көздейтін 1,5 трлн теңгеге дейінгі мемлекеттік кепілдікпен, ал ШОБ үшін – қарыз сомасының 85%-на дейінгі кепілдіктермен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін Кепілдік қорлары құрылады. Сонымен қатар банктермен бірлескен жұмыс қарастырылған.
Отырыс барысында металлургия, ауыл шаруашылығы, сауда, қызмет көрсету және басқа да салаларда қызмет ететін кәсіпкерлер өзара іс-қимылды жақсарту бойынша идеялары мен ұсыныстарын бөлісті.
«АЭМЗ» ЖШС бас директоры Марат Ахметжанов тарифтік саясаттың өңірдің металлургия саласына әсері мәселесін көтерді. Ол ірі жобаларды іске асырудың барлық кезеңіне арналған электр энергиясына жеңілдігі бар инвестициялық тарифті бекітуді жеделдетуді сұрады. Оның пікірінше, бұл әлемдік нарықта экспортқа бағдарланған өнімнің бәсекеге қабілеттілігін сақтауға, Қазақстанға жаңа инвесторлар тартуға және металлургия өндірісінің орталығы ретінде еліміздің имиджін нығайтуға мүмкіндік береді.
«Едіге Шоң» ЖШС бас директоры Тоғжан Мұзапаров АӨК бағдарламаларын мысалға ала отырып, жеңілдігі бар пайыздық мөлшерлемемен тікелей қаржыландыру тетігін енгізуге қатысты ұсынысын айтты. Кәсіпкердің пікірінше, бұл қолдау алуды жеделдетіп, кәсіпкерлердің қаржылық тұрақтылығын күшейтеді әрі бизнесті дамытуға қолайлы жағдай жасайды.
«Галицкое» ЖШС директоры Александр Касицин пайыздық мөлшерлемелерді тікелей субсидиялауды және жылдық 6%-бен «тазаланған» қарыздар беруді қосқанда, аграрлық секторды мемлекеттік қолдаудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ кәсіпкер Президенттің өндіріс көлемін ұлғайтуға, өнім сапасын жақсартуға және еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін бірыңғай ауыл шаруашылығы салығын енгізу туралы бастамасын қолдады. Сонымен қатар ол диқандар көктемгі дала жұмыстарына тиісті қаражатты толық көлемде ала бастағанын және қажетті ЖЖМ-ның жартысын жеткізгенін атап өтті. Алдын ала егіске қаражат бөлінетін бұл тәжірибені Үкімет былтыр алғаш рет енгізген болатын.
«ECO CITY PAVLODAR» ЖК басшысы Махаббат Анаева Павлодар облысында 56 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектісі барын, олардың жартысы әйелдер екенін атап өтті. Әйелдер кәсіпкерлігін қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндіктерін кеңейту ұсынылды, бұл қоғамның бірқатар маңызды әлеуметтік мәселелерін шешуге мүмкіндік береді.
«Fonet Er-Tai AK Mining» ЖШС бас директорының міндетін атқарушы Азамат Әлжапаров Павлодар облысында құны 9,4 млрд теңгені құрайтын катодты мыс өндіретін гидрометаллургиялық зауыттың құрылысы туралы хабарлады. Бүгінгі таңда компания геологиялық барлау жұмыстарын жүргізіп, электр беру желісі салынды. Сонымен қатар кәсіпкер экологиялық құжаттарды келісу бойынша рәсімдердің ұзақтығын атап өтті.
«ЭкоДом-Павлодар» ЖШС директоры және Павлодар облысы Кәсіпкерлер палатасы әйелдер кәсіпкерлігін дамыту жөніндегі салалық кеңесінің мүшесі Марина Рейдина мемлекеттік қолдаудың, атап айтқанда жеңілдетілген несиелеудің, субсидиялардың және акселерациялық бағдарламаларға қатысудың арқасында төрт жыл ішінде шағын өндіріс сүт өнімдерінің 150-ден астам түрін шығаратын заманауи кәсіпорынға айналғанын айтты.
Талқылау қорытындысы бойынша Премьер-министр Павлодар облысының әкімдігіне, Ұлттық экономика министрлігіне және басқа да мемлекеттік органдарға «Атамекен» Ұлттық палатасымен бірлесіп айтылған ұсыныстарды пысықтауды тапсырды.