Астанада РгК «Астана»-ның тұңғыш қолбасшысы құрметке бөленді

4235
Фотосурет: Gov

Елордада «Астана» ӨңҚ бірінші қолбасшысы Владимир Шацковтың мерейтойы атап өтілді, деп хабарлайды DKnews.kz.

ҚР Қарулы күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында «Астана» өңірлік қолбасшылығының бірінші қолбасшысы отставкадағы генерал-майор Владимир Шацковтың 75 жылдығына арналған мерекелік кеш өтті. 

Ардагерді құттықтауға Қорғаныс министрлігі басшылығының өкілдері, әріптестері, Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери колледждің кадеттері, «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері және жақындары келді.

Мерейтой иесін Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев құттықтады. Қорғаныс министрінің атынан ол Владимир Шацковтың тәуелсіз Қазақстанның Қарулы күштерін құруға және оны қалыптастыруға қосқан баға жетпес үлесі атап өтілген құттықтау хатын табыс етті.

– Ел үшін қиын жылдары сіз әрқашан ең маңызды бағыттарда қызмет етіп, жақсы нәтижелерге қол жеткіздіңіз. Сіздің тікелей басшылығыңызбен «Астана» өңірлік қолбасшылығы құрылды. Көпжылдық қызметтіңізде бірнеше лайықты офицерлер буынын тәрбиеледіңіз, – деп атап өтті министрдің орынбасары.

Владимир Александровичке Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы генерал-майор Мереке Көшекбаев жылы лебізін білдірді. «Қарулы күштердің ардагерлері» РҚБ төрағасы Халық қаһарманы отставкадағы армия генералы Мұхтар Алтынбаевтың атынан мерейтой иесіне отставкадағы генерал-майор Марат Нағұманов алғыс хат табыс етті. 

Кездесуге қатысушыларға алғысын білдірген Владимир Александрович армия құрудағы бастапқы қызмет жылдары мен сол кезеңде күрделі міндеттерді бірге атқарған әріптестері туралы естеліктерін айтып берді.

– Әрқашан алда болуға ұмтылдым. Маған бұл жолда спорт көмектесті. Қызметте сарбаздарға әкесіндей болуға тырыстым. Жарты ғасырдан астам уақыт бойы жұбайымызбен бірге тұрдық, төрт бала сүйдік – Отанымыздың лайықты азаматтарын тәрбиеледік. Олар менің сенімді тірегім. Мен әрқашан қызметте де, достықта да құрметке ие болу керек деп қайталаудан шаршамаймын. Бұл менің өмірлік ұраным, – деді Владимир Шацков.

Айта кетсек, әскерлерді басқару және басшылық ету ісіндегі жетістіктері, жауынгерлік дайындықты жоғары деңгейде қамтамасыз еткені үшін Владимир Шацков ІІ дәрежелі «Айбын» және «Құрмет» ордендерімен марапатталды. Жауынгерлердің қазіргі буыны үшін Владимир Шацковтың өмір жолы – әскери борышқа адалдықтың және Отанға жанқиярлықпен қызмет етудің үлгісі.

Шара соңы ҚР Қарулы күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығының шығармашылық ұжымы дайындаған концерттік бағдарламамен аяқталды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -