Отанды қорғау - абыройлы міндет. Бүгінде еліміздің ішкі және сыртқы тыныштығын сақтау қызметін көптеген күштік құрылымдар атқарады.
Ал қазіргі уақытта Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында маңызды орын алатын құрылымдардың бірі, еліміздің қалқаны атанған Ұлттық ұлан десек те артық айтқанымыз емес. Олар еліміздің ішкі тыныштығын сақтап, заңдылықты қадағалаумен қатар, қоғамның тұрақтылығы мен бейбіт өмірін қорғауда маңызды рөл атқарады. Әрине, Ұлттық ұланның әскери бөлімдері еліміздің барлық қалаларында орналасқан. Олар тек қана қала көшелерін күзетіп қоймай, түзету мекемелерін және еліміз үшін маңызды обьект деп танылған мекемелерді қорғау жұмыстарын атқарады. Ал Ұлттық ұлан сапындағы қарауыл қызметі үлкен жауапкершілік пен қырағылықты қажет ететін қызметтердің бірі. Бүгінгі біздің мақаламызда Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Орталық» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6505 әскери бөлімінің Қарабас кентінде орналасқан 3 атқыштар батальонының 6 атқыштар ротасының атқаратын қызметі туралы баяндаймыз.
3 атқыштар батальоны 6 атқыштар ротасының негізгі міндеттерінің біріне қарауыл қызметі жатады. Бұл ротада қарауыл қызметі ерекше назарға алынған, өйткені бұл рота Қарағанды облысы Қарабас кентінде орналасқан түзету мекемесін күзетуге жауапты. Бұл ротаның әскери қызметкерлері қыстың қытымыр аязында, жаздың аптап ыстығында биік бекетте тұрады. Рота, взвод командирлері жауынгерлік қызметті үздік атқару үшін қарауыл жеке құрамының дайындығына мән береді. Сондықтан да сарбаздар арнайы іріктеулерден өтеді. Әрине, сайдың тасындай іріктелген қайсар сарбаздар бұл ротаға жыл сайын келеді. Іріктеу барысында Отан қорғауға келген сарбаздардың ең алдымен жасына баса назар аударылады. Мәселен, қарауылдық қызметте түсетін сарбаздардың жасы 18 бен 22 жас аралығында болуы керек. Ал олардың психологиялық жағдайы қызметке өте үлкен әсер етеді. Сол себепті де, қарауыл қызметіне психологиялық тұрғыдан мықты, психологтың есебінде тұрмаған сарбаздарды алады. Міне, осылайша әр жыл сайын өзінің Отан алдындағы борышын өтеуге келген сарбаздардың ішінен ең мықтылары, қарауыл қызметіне түседі.
Қарабас кентінде орналасқан, 6 атқыштар ротасы сарбаздарының бір күндік өмірі күнделікті қызметпен өтеді. Ең алдымен таңғы 6:00-де сарбаздар «Рота, ұйқыдан тұр!» деген пәрменге құлақ түреді. Әрі қарай ұйқысынан оянған сарбаздар таңғы жаттығу жасап, жуынып болған соң, таңғы астарын ішуге кіріседі. Күннің бастамасы осылайша басталып, сарбаздар таңғы ас ішіп болған соң, арнайы сабақтарды оқуға кіріседі. Сарбаздар қызметке түспес бұрын, ең алдымен білім нәрімен сусындап, қызметті қырағы атқару үшін түскі уақытта ұйықтап та алады. Себебі, қарауылдық қызмет кезінде сарбаздардың басты қаруы - қолдарындағы автомат емес, басындағы білімі және өз-өзіңе деген сенімі.
Ал әрбір сарбаз қызметке түспес бұрын арнайы нұсқаулықтардан өтеді. Сонымен қатар сарбаздармен таралымның алдында бөлімнің психологы сөйлесіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Себебі, психолог мамандар үшін сарбаздардың қызметке түсу алдында психологиялық жағдайын анықтау маңызды.
– Сарбаздар қызметке түспес бұрын біз олармен психологиялық жұмыстар жүргіземіз. Бізге сарбаздардың моральдық-психологиялық жағдайлары өте маңызды. Себебі біздің сарбаздар өте жауапты қызметті атқарады, - деп атап өтті ефрейтор Дамира Ермекова.
Жіті тексерістен өткеннен кейін жеке құрам белгіленген түзеу мекемесінің қарауыл бастығына табысталады. Біз 6 атқыштар ротасы күзететін түзеу мекемесіне барған сәтте қарауыл бастығы қызметін сержант Шынболат Ұлықбанов және қарауыл бастығы көмекшісінің қызметін кіші сержант Владимир Васильев атқарып жатты. Бүгінде олар түзеу мекемесінің күзетілуіне, соның ішінде сотталушының қашып кетпеуіне, сақшылардың уақытылы ауысуына жауапты тұлғалар болып табылады. Сонымен қатар, қарауыл қызметіне түскен сарбаздардың ішкі тәртібін қадағалауды басты назарға алады.
– Қарауылдық қызмет – әрбір сарбаздың қолынан келе қоймас, себебі 24 сағат бойы қырағылығын жоғалтпай, өзінің жауапкершілігіне берілген аумағы мен бекетін қорғау және қадағалау олардың арқасына жүктелген үлкен міндет, - деді ол.
Уақыт өте келе, қарауыл бастығы қарауыл қызметіне түсетін қатардағы Нұрсаят Төкенов, ефрейтор Алдияр Жұмағужин және ефрейтор Салижан Құрбаналиевті қызметке дайындады. Қарауыл бастығы рота командирінің қызметке кірісу жайлы бұйрығын алып, таралымнан соң, қызметке түсуге жол тартты. Барлық қызметтегідей қарауыл қызметінде де қызметі ұйымдастыру белгілі бір ережеге сәйкес жүргізетіні бәрімізге мәлім. Жаңа ауысымда қарауыл қалашығына келіп сап түзеп өздерінің қызметке кірісуге сақадай сай екендерін көрсетті. Қызметке дайындық барысында бекетке түсетін сарбаздар бірден өздерінің қару оқтау орнына барып, барлық әрекеттерін қатесіз орындап иықтарына бекітілген қаруларын алып, бекетке қарай бет алды.
Бізде өз кезегімізде сарбаздармен бірге бекетке қарай бет алдық. Түзеу мекемесіне кірген сәтте, биік-биік бекеттерге көзіміз түсті. Бекет манына жақындаған сәтте қарауыл бастығы жарғыға сәйкес пәрмендерін беріп, бекетке көтеріліп, жарғыға сай қорғаныс байланыс, дабыл құралдарының жұмыс күйін тексеруге кірісіп те кетті. Қарап отырсақ кезінде, аталмыш қызметті тек көгілдір экраннан көріп өскен сарбаздар бүгінде өздері Отан қорғаушылар болып жүр. Күнделікті атқаратын қызмет болғандықтан сарбаздар үшін бекет, сымтемірлер байланған қабырғаларды көруге көздері үйреніп те қалған. Бір сәтте біз де бекетте тұрған сарбаздарды ауыстырып жүрген қарауыл бастығымен бірге бекеттің үстіне қарай шықтық. Қарап отырсақ, жерден біршама мертде биік орналасқан бекеттерден пайда болатын көрініс - бұл тек түзеу мекемесінің аймағы. Бұл көріністі жіті қадағалау сарбаздардың басты назарында. Қарауыл бастығы бекеттерге сақшыларды қойып болған соң, ескі ауысыммен бірге қарауыл үй-жайына қарай бет алды. Қарауыл аймағын аралау барысында көзімізге барлық әскери қызметкердің жарғыға сәйкес өз қызметтерін ешқандай қатесіз орындап жатқандарын байқадық. Бұның барлығы әскери тәртіптін жақсы сақталғандығының белгісі. Әрине, қазіргі уақытта қарауыл үй-жайында жеке құрамның қызметті сапалы атқаруы үшін барлық жағдай жасалған. Таңғы, түскі және кешкі ас күнделікті кестеге сәйкес уақытылы беріледі. Үй-жайының ішінде киім кептіретін бөлме, жаңа газет-журналдар мен шахмат, шашки секілді үстел ойындары да бар. Жалпы атап айтқанда сарбаздардың қырағы қызмет атқаруы үшін барлық жағдайлар жасалған. Ал бұл қарауылдық қызмет жылына 12 ай 365 күн тоқтамай атқарылады. Осылайша, Ұлттық ұланның қарауыл қызметі тек Қарабас кентінде ғана емес, еліміздің көптеген аймағында атқарылуда. Қорытындылай кетсек, Ұлттық ұлан сапындағы қарауыл қызметі – еліміздің қорғанысы мен қауіпсіздігін сақтаудың маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Бұл қызметке кірген әрбір әскери қызметші ел алдында тұрған маңызды міндетті абыроймен орындауға дайын. Қарауыл қызметі өзінің көпжылдық тарихында ұлттық қауіпсіздік саласындағы үлкен үлесін қосып, әрқашан Қазақстан Республикасының тыныштығы мен тұрақтылығын сақтау жұмысын абыроймен атқарған.
Лейтенант Бақдәулет Манарбек,
Қарағанды қаласы