Экономист елге ЕО инвестицияларын тарту тетіктерін тізді

5874
Фотосурет: iStock

Қазақстанның Еуропа Одағымен әріптестігі өңірдегі басқа елдер үшін тамаша үлгі бола алады. Өзара тиімді инвестициялар мен сауда байланыстарын нығайту арқылы бұл әріптестік аймақтағы экономикалық өсімге оң ықпал етеді. Сарапшылардың пікірінше, Қазақстанның Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамытуға ерекше басымдық беруі елді өңірлік логистикалық хабқа айналдырады. Бұл ретте, Еуропа Одағының осы жобаны қолдауы Қазақстанға транзиттік кірісті арттырып, инфрақұрылымды дамыту мен логистикалық әлеуетті нығайтуға көмектеседі, деп хабарлайды DKnews.kz.

Еске салсақ, Қазақстан Президенті Еуропа Одағының Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі, Еуропалық комиссияның вице-президенті Кая Калласпен кездесті. Тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықтың маңызды бағыттарын, атап айтқанда, энергетика, өнеркәсіп, цифрландыру салаларын, сондай-ақ Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамытуға бағытталған ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады. Кездесуде Кая Каллас Қазақстан азаматтарына Шенген визасын алу тәртібін жеңілдету үдерісінің басталғанын хабарлады. Бұл қадам екіжақты қарым-қатынастардың жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетеді. Сарапшылардың айтуынша, визалық режимнің жеңілдеуі туризм, білім және бизнес салаларында ынтымақтастықты нығайтуға үлкен септігін тигізеді. Экономист Бауыржан Ысқақовпен сұқбаттасқанымызда, ол осы дамулардың Қазақстан мен Еуропа арасындағы байланыстарды одан әрі нығайтатынын атап өтті.

Суретті түсірген: Бауыржан Ысқақ/facebook.com

Еуропа Одағының Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі, Еуропалық комиссияның вице-президенті Кая Калластың сапары ел экономикасына еуропалық инвестицияларды тарту тұрғысынан қандай жаңа мүмкіндіктер ашуы мүмкін?

– Кая Калластың біздің елге ресми сапары Қазақстанның Еуропа Одағы елдері алдындағы инвестициялық климаты жоғары, қаржы-салық саясатын қалыпты ұстайтын, саяси тұрақтылығы бар мемлекет ретінде жақсы бағаланатынын көрсетеді деп есептеймін. Сапардың өзі біздің ел үшін көптеген инвестициялық жаңа мүмкіндіктер ашады. Бірінші кезекте, бұл сауда-экономикалық байланысты нығайтуға мүмкіндік береді. Кая Калластың сапары барысында Еуропа Одағы елдері мен Қазақстан арасындағы экономикалық әріптестіктің жаңа деңгейге көтерілуі туралы келіссөздер жүргізіліп жатқаны белгілі. Бұл өз кезегінде сауда көлемін ұлғайтуға, инфрақұрылымдық жобаларға бірлескен инвестиция тартуға және Қазақстанда еуропалық кәсіпорындардың өндірісін ашуға септігін тигізеді.

Екінші фактор – жасыл экономика мен цифрлық трансформация бағытындағы серіктестік. Өйткені Еуропа елдерінің басым бөлігі цифрландыру мен электронды үкімет саласында алдыңғы қатарға шыққан мемлекеттер. Бұл Қазақстанға цифрлық шешімдер мен технологиялық трансферлердің келуіне, жасыл энергетика жобаларына еуропалық қаржыландыруды тартуға және смарт-сити, электронды басқару, киберқауіпсіздік салаларындағы бірлескен жобаларға жол ашады.

Үшінші фактор – инвестициялық климатты жақсартуға бағытталған келісімдер. Осы сапар аясында Қазақстандағы инвестициялық ортаны жақсарту бойынша құнды ұсыныстар алынуы мүмкін. Сонымен қатар, еуропалық инвесторлар үшін салықтық және құқықтық жеңілдіктер пакеттерін әзірлеу туралы келісімдер болуы ықтимал.

Төртінші жағымды фактор – шағын және орта бизнес үшін жаңа мүмкіндіктердің ашылуы.  Жалпы, Еуропада шағын және орта бизнес өте жақсы дамығаны белгілі. Осы кездесу барысында Еуропа Одағы мен Қазақстан арасында еуропалық қаржылық институттар тарапынан отандық кәсіпкерлерге гранттар мен жеңілдетілген несиелер беру, қазақстандық нарықтың еуропалық нарыққа шығуы үшін бірлескен кластерлер құру мүмкіндіктері қарастырылатыны анық.

Келесі маңызды бағыт – Қазақстанның Еуропа Одағы елдері үшін логистикалық торап ретінде дамуы. Мәселен, Қазақстанның Транскаспий халықаралық көлік бағдары жобасында еуропалық қатысушылардың көбеюі ел экономикасын арттыруға ықпал етеді деп ойлаймын.

– Еуропа Одағынының Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне қаржылық қолдауы Қазақстанның логистикасы мен экспорттық әлеуетіне қалай әсер етеді?

– Еуропа Одағының Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне қаржылық қолдауы Қазақстанға оң әсерін тигізеді.

Біріншіден, көлік инфрақұрылымын жаңғырту мен дамытуға, яғни Еуропалық Одақ инвестициялары арқылы теміржол, логистикалық хабтар, кеден инфрақұрылымын жетілдіруге мүмкіндік аламыз. Одан кейін жүк тасымалдау уақытын қысқартып, кедергілер тізбегін азайтады. Нәтижесінде Қазақстанның транзиттік әлеуеті күшейіп, Еуропа мен Азия арасындағы негізгі мультимодальді дәлізге айналуына жол ашылады.

Екіншіден, отандық өнімдердің экспорттық нарықтарға жылдам әрі тиімді қолжетімділігі артады. Қазақстан өз өнімдерін Еуропаға дәстүрлі теңіз жолдарына қарағанда 2-3 есе тез жеткізе алады. Сондай-ақ, Қазақстан Орталық Азия, Кавказ және Түркия арқылы Жерорта теңізі нарықтарына шығу мүмкіндігіне ие болады. Бұл өз кезегінде ауыл шаруашылығы өнімдері, өңделген тауарлар және басқа да экспорттық тауарлар үшін жаңа нарықтар ашады.

Тағы бір айта кетерлік жайт – экспорт құрылымын әртараптандыру. Еуропа қаржыландыратын логистикалық жобалар тек шикізат тасымалдаумен шектелмей, қосылған құны жоғары өнімдерге де әсер етеді. Бұл Қазақстандағы өңдеу өнеркәсібінің дамуына және қайта өңделген өнімдердің экспорттық үлесін арттыруға ықпал етеді. Президент барлық экономикалық баяндамаларында Қазақстанның шикізатқа тәуелділіктен арылып, өңдеу өнеркәсібі дамыған мемлекетке айналуы қажеттігін атап өтеді. Бұл кездесудің негізгі бағыттарының бірі де – экспорт құрылымын әртараптандыру.

Келесі маңызды фактор – жаңа инвестицияларды тарту. Яғни, логистика, көлік және өңдеу салаларына шетелдік компаниялар мен ірі операторлардың келуі. Сонымен қатар, Қазақстан аумағында ЕО-ға бағытталған өндіріс пен қайта өңдеу өнеркәсіптерін ашу үшін жақсы ынталандырушы фактор болып табылады.

Тағы бір маңызды аспект – саяси және экономикалық ықпалдың күшеюі. Еуропалық Одақтың қаржылық ресурстарының Қазақстанға кіруі халықаралық саудада тұрақты және болжамды серіктестік құруға, сондай-ақ елдің геоэкономикалық маңызын арттыруға ықпал етеді. ЕО қаржыландыруының нәтижесінде Қазақстан тек транзиттік қана емес, сонымен қатар экономикасын әртараптандырып, Еуропа мен Азия арасындағы стратегиялық көпір ретінде дамуға мүмкіндік алады.

Қазақстан Еуропа Одағымен сауда айналымын арттырып, еуропалық нарыққа қолжетімділігін кеңейту үшін қандай экономикалық реформалар жүргізуі қажет?

– Қазақстан Еуропа Одағымен сауда айналымын арттырып, еуропалық нарыққа қолжетімділігін кеңейту үшін бірқатар шараларды қолға алады деп ойлаймын. Бұл – экономикалық блокқа жауапты мемлекеттік органдардың, соның ішінде Ұлттық экономика министрлігі мен Қаржы министрлігінің ЕО елдерімен экономикалық реформаларды үйлестіруіне мүмкіндік береді. Ең алдымен сауда және кедендік рәсімдерді оңайлату қажет. Сонымен қатар, кедендік әкімшілікті цифрландыру, ЕО стандарттарына сәйкес «бір терезе» қағидатын толық енгізу маңызды. Бұдан бөлек, кедендік алымдар мен тарифтерді оңтайландыру, процедуралардың ашықтығын қамтамасыз ету, техникалық реттеу және стандарттар бойынша келісімдерді кеңейткен жөн деп санаймын. Келесі мәселе – құқықтық және инвестициялық климатты жетілдіру қажет. Сот жүйесінің тәуелсіздігін нығайту, бизнес үшін заң үстемдігін қамтамасыз ету, шетелдік инвесторлар үшін тұрақты құқықтық орта құру, салықтық әкімшілікті жеңілдету маңызды. Сондай-ақ, логистика және көлік инфрақұрылымын дамыту қажет. Транскаспий дәлізі мен Қазақстан ішіндегі мультимодальді бағыттарға жеке капиталдарды тарту үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамытса нұр үстіне нұр болар еді.

– Қазақстан азаматтары үшін Шенген визасының жеңілдетілуі елдегі кәсіпкерлік, туризм және еңбек нарығына қалай әсер етуі мүмкін?

– Шенген визасын жеңілдету Қазақстан азаматтары үшін бірнеше экономикалық сектордың дамуына тікелей және жанама әсерін тигізеді. Нақтылап айтатын болсақ, кәсіпкерлік пен іскерлік байланыстарды күшейтеді. Виза рәсімдерінің жеңілдеуі отандық кәсіпкерлер үшін Еуропа нарығына сапарлар мен келіссөздер жүргізуді оңтайландырады. Еуропадағы бизнес серіктестік бойынша көрмелер мен кездесулерге жиі  қатысуға, жаңа инвестициялар мен экспорттық келісімдерге жол ашады. Шағын және орта бизнестің дамуына ықпал етеді.  Екіншіден, туризм секторы дамиды, бұл өз кезегінде туроператорлар, әуе тасымалы және қонақ үй бизнесіне сұранысты арттырады. Сонымен қатар, қазақстандық туристік имиджге оң әсер етеді. Қазақстанға да виза жеңілдеуі мүмкін. Нәтижесінде, елге Еуропадан келетін  туристер ағыны ұлғаюы мүмкін. Қызмет көрсету саласындағы жұмыс орындары көбейетіні анық. Еңбек нарығына да әсері бар. Жас мамандар үшін Еуропада білім алу, тағылымдамадан өту сияқты жағымды сипатқа ие. Шетелден тәжірибеден өтіп келген мамандар кадр сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Бұл жерде ескерерлік жәйт, өзіндік тәуекелдері бар. Біздің білікті кадрлардың шетелге кетіп қалу қаупі бар. Сондықтан Үкімет кері миграция тетіктерін қарастырып, мықты мамандардың Қазақстанға қайта келуін қадағалауы керек. Қысқасы, Шенген визасын жеңілдету ел экономикасының ашықтығын арттырады, іскерлік климатты жақсартады, туризм мен қызмет көрсету саласын жандандырады, адами капиталдың сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Кездесуді қорытындылайтын болсам, Кая Калластың сапары – Қазақстанның экономикалық дамуына мүмкіндік ашатын маңызды келісім. Президенттің негізгі мақсаты – экономиканы әртараптандыру және барлық саланың дамуына жағдай жасау. Осы сапардың нәтижесінде тиімді экономикалық жобалар мен келісімшарттар қабылданатынына сенеміз.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -