Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды қасиетті Рамазан айының аяқталуымен құттықтады, деп хабарлайды DKnews.kz.
Қадірлі отандастар! Ораза айт мейрамы құтты болсын! Татулық пен бауырмалдық, жақсылық пен игілік салтанат құратын осы қастерлі мерекенің барша мұсылман қауымы үшін мән-маңызы айрықша Қасым-Жомарт Тоқаев
Өз үндеуінде ол бұл күннің барлық мұсылмандар үшін айрықша маңызға ие екенін атап өтіп, оны келісімнің, мейірімділік пен рухани тазарудың нышаны деп атады.
Рамазан айында имандылыққа, рухани тазаруға ұмтылған жұртымыз Айт күні ақ дастархан жайып, қонақжайлық көрсетеді. Бір-біріне ізгі тілегін арнайды. Мұқтаж жандарға көмек қолын созып, қамқорлық танытады. Сол арқылы адамгершілік құндылықтар қоғамымызда терең орныға түседі. Ораза айт мерекесінің тағылымы ата салтымызбен терең сабақтасып жатыр. Біздің дініміз де, дәстүріміз де азаматтарды бірлік пен ынтымаққа үндейді, өзара сыйлас болуға шақырады. Осы қасиеттеріміз барда халқымыздың Әділетті, Қауіпсіз, Таза әрі Қуатты Қазақстанды құру туралы арман-мұраты орындалатынына кәміл сенімдімін. Баршаңызға бақ-береке тілеймін! Әр шаңыраққа құт-береке дарысын! Айт қабыл болсын, ағайын! Қасым-Жомарт Тоқаев