Кеңес Одағының батыры, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлы атындағы Ұлттық ұланның 5571 әскери бөлімінің әскери қызметшілері бокстан үш дүркін әлем чемпионы, Париж олимпиадасының қола жүлдегері Назым Қызайбайға құрмет көрсетті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Ефрейтор Назым Қызайбай Ұлттық ұлан сапында 2014 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Ол – ІІМ Ұлттық ұланының спорт командасын даярлау орталығының аға маманы.
Ұландық спортшы жақында қазақ боксы тарихын жаңартты. Ол Сербияның Ниш қаласында бокстан өткен әлем чемпионатында кезекті жеңісіне қол жеткізген еді. Спортшының елеулі жеңісімен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтады.
Сонымен қатар ұландық боксшы қаруластарының құрметіне де бөленді. Кеш барысында әскери қызметшіге «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы Талапкер Әміреев алғыс хат пен гүл шоғын және естелік сый-сияпат табыстады. Сондай-ақ еліміздің және құқықтық тәртіп әскерінің намысын халықаралық деңгейдегі сайыстарда абыроймен қорғап жүргенін айрықша атап өтті.
Чемпион қыз сарбаздар мен сардарларға көрсеткен ілтипаты мен жылы лебіздері үшін алғыс бірлдірді.
"Бүгін әскери қызметшілермен қызықты кездесу өтті. Ұлттық ұлан әркез маған қолдау білдіріп келеді. Мен үшін бұл – үлкен демеу, әрі мәртебе. Алдағы уақытта да сіздерді жарқын жеңістеріммен қуантуға барымды саламын" Назым Қызайбай
Назым Абайқызы Әскери бөлімнің құрметті қонақтар кітабына естелік қолтаңба қалдырып, әскери қызметшілермен бірге фотоға түсті.
Айта кетейік, Назым Қызайбай бұған дейін 2014 және 2016 жылдары да әлем біріншілігінің жеңіс тұғырынан көрінген еді.