2025 жылғы 5 және 6 сәуірде Қазақстанның екі ірі қаласы Астана мен Алматыда жыл сайын 2 сәуірде аталып өтетін Аутизм туралы ақпарат таратудың дүниежүзілік күніне арналған «Autism Talks: ерекше балалардың ата-аналарының шабыттандыратын әңгімелері» атты жыл сайынғы кездесулер өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Іс-шараны 2015 жылдан бері инклюзивтік білім беруді дамыту жобаларын іске асырып келе жатқан «Болашақ» корпоративтік қоры ұйымдастырды. Алматыда өткен іс-шараның бірлескен ұйымдастырушысы – FIDE Infinite Chess жобасы шеңберінде Халықаралық шахмат федерациясының ұлттық серіктесі болып табылатын Қазақстан шахмат федерациясы/Kazchess.
Астана: «ішінен» білетіндердің көзқарасы және шын диалог
Астанада өткен іс-шара ата-аналар, мамандар және аутизм спектрінің бұзылуы бар адамдардың өздері қатысқан ашық диалог алаңына айналды. Аспергер синдромы бар жасөспірім Асылбек Сатинов пен 27 жасында АСБ және ЗТГС диагнозы қойылған дефектолог Сымбат Әбдіраманованың сөзі ерекше назар аударды. Олар аутизммен өмір сүру тәжірибесімен бөлісіп, бұл жолда көрген қиындығы және оны қалай жеңгені туралы ашық айтты.
Ted Talk форматында ата-аналар диагнозды қалай қабылдағаны, балаларының шабыттандыратын жетістіктері және білім беру мен қолдау саласындағы өздерінің бастамаларын тілге тиек етті. Жиынға қатысқан бейіндік министрліктердің өкілдері, мінез-құлық талдаушылар, логопедтер және басқа да мамандар ата-аналардың көкейіндегі маңызды сұрақтарға жауап берді.
Кездесудің модераторы болған «Болашақ» қорының Қамқоршылық кеңесінің төрайымы Динара Гапла өз сөзінде серіктестіктің маңыздылығына тоқталды:
«2022 жылдан бастап біз бұл іс-шараны жыл сайын өткіземіз және оның өзектілігі жылдан-жылға артып келеді. Біз аутизмі бар адамдарға қалай өмір сүретінін және әлемді қалай қабылдайтынын айтуы үшін сөз беріп жиын форматын өзгерттік. Биылғы жылы біз Autism Talks іс-шарасын Қазақстан шахмат федерациясының қолдауымен алғаш рет Алматыда да өткізіп отырмыз. Ерекше балалардың ата-аналарына осындай мүмкіндік жасауға көмектескен серіктестерімізге алғыс айтамыз» Динара Гапла
Алматы: шахмат және жеке әңгіме арқылы инклюзия шегін кеңейту
6 сәуірде Алматыда 3.4 Аймағының Азия чемпионаты шеңберінде Autism Talks үшінші жыл сайынғы кездесуі өтті, онда барлығы 200-ге жуық қатысушы – мамандар, АСБ бар балалардың ата-аналары бас қосты. Іс-шара ауқымды бағдарламаның маңызды бөлігіне айналып, спорт пен инклюзияның қатар жүретінін көрсетеді.
Kazchess вице-президенті Дәрмен Сәдуақасов, Бағылан Мусиннің «Freedom Shapagat» қорының президенті және ҚШФ атқарушы директоры Гүлмира Дәулетова жиналғандарға арнап құттықтау сөз сөйледі. Бағдарлама аясында ата-аналар, мамандар, қоғам қайраткерлері мен сарапшылар жанды да әсерлі сөздерін айтты. Спикерлердің қатарында Аружан Сайын, Әлия Арқарова, Жанна Қалиева, Рүстем Қайырбеков, Мәдина Нұркенова және т.б. болды. Динара Гаплан бұл кездесуге де модераторлық етті.
Сараптамалық сессия аясында психиатр дәрігер Әсел Ыбыраева, мінез-құлық талдаушысы Әсия Қизатова, FIDE Infinite Chess амбассадоры Надежда Кравчук, психолог Бақыттыгүл Ахметжанова және БҰҰ волонтёры Мәулен Ахметов білімі мен тәжірибелерін бөлісті.
Сессия гроссмейстер және 20 жасқа дейінгілер арасындағы әлем чемпионы Қазыбек Нөгербектің балалармен бір мезгілдегі ойын сеансымен, сондай-ақ серіктестер ұсынған түрлі жүлде – шахмат жинақтары, кітаптар, сертификаттар мен курстар ұтыс ойынымен аяқталды.
«ФИДЕ ұйымымен және "Болашақ" қорымен бірге Қазақстан шахмат федерациясында инклюзивтік бастамаларды жүйелі түрде дамыту туралы шешім қабылдадық. Шахмат — сөзді қажет етпейтін, бірақ адамдарды біріктіре алатын тіл екеніне кәміл сенеміз. Сондықтан аутистік спектрі бұзылған және дамуының басқа да ерекшеліктері бар балаларға жаңа көкжиектерді ашатын Infinite Chess жобасын іске қостық. Біздің мақсатымыз — Федерацияны спорт алаңына ғана емес, шын мәнінде инклюзивтік қоғамның бір бөлігіне айналдыру» ҚШФ вице-президенті Дәрмен Сәдуақасов
FIDE ұйымының Қазақстандағы Infinite Chess жобасы:
Шахматты инклюзивтік үйретуді дамытуға бағытталған FIDE Infinite Chess бастамасы 2024 жылдың қарашасында №1 Арнайы мектеп-интернатында басталды. 2025 жылы жоба Алматыда да «Аутизмді жеңеміз!» оралығында іске қосылды. Онда жаттықтырушы Виталий Козяк екі топ шәкірттерімен жұмыс жасайды.
Қазақстанда ресми түрде тіркелген аутизмі бар 15 000-нан астам бала тұрады, ал бейресми деректер бойынша олардың саны 35 000-нан көп. Мектеп жасына дейінгі балалар арасында бұл көрсеткіш 7 000-ға жуықтайды. АҚШ CDC деректері бойынша, 36 баланың біреуінде АСБ бар.
2015 жылдан бері «Болашақ» қоры 71 инклюзивтік кабинет ашты, 4 000-нан астам маман мен ата-ананы оқытты, 800-ден астам баланы үйде оқытудан алып шықты. Қордың моделі ұлттық инклюзивтік білім беру саясатының бір бөлігіне айналды.