Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде заң факультетінің студенттерімен және оқытушыларымен «Заң және Тәртіп» қағидатын іске асыру аясында Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасары Ғалымжан Мәмбетұлы Қойгелдиевпен ашық кездесу өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Өз дәрісінде Ғалымжан Қойгелдиев халықаралық-құқықтық өзара іс-қимылдың басты бағыттарын, атап айтқанда, Қазақстанның 37 елмен 82 шарт жасасу арқылы бекіткен шарттық-құқықтық базаның қалыптасқанын, экстрадицияның, құқықтық көмек көрсетудің практикасын, сондай-ақ жазасын өз отанында өтеу үшін сотталғандарды беру бойынша ізгілік миссиясын талқылай отырып, түсіндірді.
«Қылмыс бір ғана ортада шектеліп қалмайды. Сол себепті кибералаяқтық, есірткі саудасы, трансұлттық қылмыстарының схемасы толығымен халықаралық бірыңғай көзқарасты талап етеді. Біздің еліміз де бұл талаптардан сырт қалмайды. Өйткені бұл жай ғана формальділік емес, бұл қаншама тағдырлар, нақты істер» Ғалымжан Қойгелдиев
Ашық диалог форматында Еуропа, Азия және Таяу Шығыс елдерінен қылмыскерлерді экстрадициялау, басқа да мемлекеттермен осы салада бірлескен іс-шаралар атқару, сондай-ақ шетелдегі жазасын өтеу орнындағы қазақстандық азаматтарды елге қайтару туралы нақты мысалдар келтірілді.
Іс-шара соңында патриоттық құндылықтар мен ұлттық болмыс тақырыбына ерекше назар аударылды.
«Қазақстан — ұлы мемлекет. Біздің ата-бабаларымыз батырлығымен және ержүректігімен қатар, дала дипломатиясының майталмандары ретінде де ерекшеленген. Олар келіссөз жүргізудің хас шеберлері және бітімгершіліктің кепілі бола білді. Бұл – біздің генетикалық жадымыз. Яғни, генетикалық тұрғыда болашақ ұрпақ үшін қорғауды қажет ететін заң мен тәртіп»
Кездесу барысында студенттер белсенділік танытып, құқық, әділдік және кәсіби таңдау туралы сұрақтар қойып, пікірлерін ортаға салды. Көпшіліктің пікірінше, бұл кездесу жай ғана дәріс емес, шын мәнінде қоғамға қызмет ету және дамуға деген ынталандыру үлгісі болды.
«Сіздердің батылдықтарыңыз бен табандылықтарыңыз тағдырларыңызды және болашақтағы орындарыңызды айқындайды. Осы ойды есте сақтаңыздар. Бұл өмірдің бұлжымас заңы» Ғалымжан Қойгелдиев
Бас прокуратура Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың басшылығына ықыласты әрі зияткерлік ортаның басын қосқаны үшін алғыс білдіріп, жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру бағытында ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екенін жеткізді.