Теміржолшылардың мәдениет сарайында майдангер Григорий Петрович Степенконың ғасырлық мерейтойына арналған салтанатты іс-шара өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Мерейтой иесін құттықтауға Қарағанды облысы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің әскери қызметшілері, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, ауған жауынгерлері, сондай-ақ қала мектептері мен колледждерінің оқушылары келді.
Қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары подполковник Еркебұлан Мұстағұлов ардагерге арнап сөз сөйлеп, Қорғаныс министрінің атынан құттықтау хатын тапсырды.
– Жанымызда тарихтың тірі куәгерінің жүруі біз үшін үлкен мәртебе. Келер ұрпақ үшін сіз батылдықтың үлгісісіз. Аға буын бостандыққа жету үшін аянған жоқ. Сізді мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймын және зор денсаулық, ұзақ өмір, рухани байлық тілеймін, – деді подполковник Еркебұлан Мұстағұлов.
Іс-шара аясында мерекелік концерт өтті. Жүрекке жылы алғыстар, бейбітшілік пен амандық тілеген сөздер айтылды. Мерейтой иесіне гүлдер, естелік сыйлықтар беріліп, жеңіске қосқан үлесі үшін ризашылықтарын білдірді. Григорий Петрович жас ұрпаққа аманатын айтты.
– Қашанда өздеріңе және ел қорғауда мықты болыңдар. Бейбітшілік үшін құрбан болғандарды, өткен тарихты ұмытпай, құрмет көрсетіп, абыроймен өмір сүріңдер. Бұл жеңіс бізге қандай күреспен келгенін білеміз және жадымызда сақтаймыз, - деді қария.
Григорий Петрович Степенко 1925 жылы 10 сәуірде Воронеж облысының Нижний Ровинка ауылында дүниеге келген. 1943 жылы Павлодар облысының Лозов аудандық әскери комиссариатынан қызыл әскер қатарына алынды. 2-ші Украина майданында пулеметші ретінде алғаш майданға аттанды. Ол Курск-Орловск доғасындағы шайқастарға, Белгород, Орел, Харьков, Курск, Кенигсберг және Варшаваны азат етуге, Днепрдегі соғысқа да қатысты.
Содан кейін Байкал әскери округы 39-армиясы 19-шы гвардиялық атқыштар дивизиясы 56-шы гвардиялық атқыштар полкінің құрамында Қиыр шығыстағы Жапон әскерлерін талқандауға қатысты.
Көрсеткен ерлігі үшін II дәрежелі Отан соғысы, II дәрежелі Даңқ ордендерімен, «Ерлігі үшін», «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «Кенигсбергті алғаны үшін» медальдарымен марапатталған.
1951 жылы Григорий Петрович Қарағандыға жолдама арқылы келіп, «Шахтострой» басқармасының цемент зауытында жұмыс істеді, кейін теміржол көлігімен жүк тасымалдау бас бақылаушысы болды. Ол 1980 жылы зейнетке шықты.
Ардагердің мерейтойы нағыз мерекеге айналып, жеңісті жақындатқан аға буынға деген құрмет көрсетілді.