ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Қарағанды облысына жұмыс сапары аясында өңір активімен және халықпен кездесулер өткізді. Еңбек министрлігінің басшысы Мемлекет басшысының әлеуметтік-еңбек саласындағы тапсырмаларын іске асыру және қазақстандықтарды әлеуметтік қолдау шараларын күшейту туралы хабарлап, сондай-ақ әлеуметтік қорғаудың тиімділігін арттыруға, жұмыспен қамтуды, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған цифрлық шешімдерді көрсетті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Жергілікті халықпен кездесуге Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Анафин, ҚР ЕХӘҚМ Әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Төлеген Оспанқұлов, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мен аудандық бөлімдердің басшылары, медициналық-әлеуметтік мекемелердің, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, көпбалалы аналар, мүгедектігі бар адамдар және өңірдің өзге де белсенді тұрғындары қатысты. Кездесуге 60-тан астам адам қатысты.
Кездесуде Светлана Жақыпова Еңбек министрлігі жұмысының негізгі бағыттары және түрлі санаттағы азаматтарды қолдау бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы егжей-тегжейлі хабарлады.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2023 жылдан бастап базалық зейнетақыны кезең-кезеңімен арттыру жүзеге асырылуда. 2025 жылы оның ең төменгі мөлшері 70% - ға дейін, ал ең жоғары мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 110% - на дейін көтерілді. Сондай-ақ, 2023 жылы ынтымақты зейнетақыны есептеу үшін қабылданатын ең жоғары табыс мөлшері ең төменгі есептік көрсеткіштің 46-дан 55-ке дейін көтерілді.
Жалпы республика бойынша зейнетақы төлемдеріне 2024 жылы бюджеттен 3 трлн 752 млрд теңге бағытталды, Қарағанды облысында зейнетақы төлемдерінің көлемі шамамен 300 млрд теңгені құрады.
Осы жылдың басынан бастап инфляция деңгейін ескере отырып, зейнетақылар мен жәрдемақыларды жыл сайын индекстеу жүргізілді. 2025 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша зейнетақының орташа мөлшері базалық, ынтымақты және жинақтаушы зейнетақыны ескере отырып, 187,7 мың теңгені құрады.
«2024 жылдың қорытындысы бойынша Қарағанды облысында бюджеттен бөлінетін бала тууға байланысты біржолғы жәрдемақыны 2,6 млрд теңгеге 15,9 мың адам алды, жұмыс істемейтін әйелдерге бала күтімі бойынша берілетін жәрдемақы 1,5 млрд теңгеге 4,7 мың адамға төленді, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеушілерге арналған жәрдемақыны 4,2 млрд теңгеге 4,9 мың адам алды. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жүктілікке және босануға байланысты төлемдерді 13,3 млрд теңге сомасына 10 мыңнан астам, бала күтіміне байланысты төлемдерді 16,6 млрд теңге сомасына 30 мыңға жуық адам алды.
Өңірде 4 және одан да көп кәмелетке толмаған балалары бар 16,5 мың көпбалалы отбасы бар. 2024 жылы оларға 13 млрд 158 млн теңге төленді. «Алтын алқа» және «Күміс алқамен» наградталған немесе «Батыр Ана» атағы бар көпбалалы аналар үшін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы көзделген. Қарағанды облысында бұл төлемді 7,6 мың ана алады, оның көлемі 2 млрд 315 млн теңгені құрады», – деді министр.
2024 жылы өңірде атаулы әлеуметтік көмек (бұдан әрі – АӘК) алушылар саны 6,6 мың адам немесе 1,4 мың отбасы болды. 2023 жылмен салыстырғанда алушылардың саны 31% - ға азайды.
АӘК алатын балалы отбасыларға әлеуметтік қолдауды күшейту үшін 1 жас пен 6 жас аралығындағы балаларға қосымша төлем көзделген. Қарағанды облысы бойынша өткен жылы аталған төлемді мыңнан астам отбасындағы 2 мың бала 78 млн теңгеге алды.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әлеуметтік көмек пен қолдау жүйесін қайта қарау жұмыстары жүргізілуде. Осыған байланысты АӘК-ті трансформациялау қарастырылуда. Көмек үміткердің кірістері мен шығыстарын ескере отырып тағайындалады. Бұл мемлекеттің қолдауына мұқтаж әлеуетті алушыларды анықтауға, бюджет қаражатының атаулылығы мен мақсатты пайдаланылуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті Светлана Жақыпова.
Ол өз сөзінде мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдау мәселелеріне ерекше назар аударды.
Бүгінде 737 мыңнан астам қазақстандықтың (халықтың 3,6%) мүгедектігі бар. Қарағанды облысында 56 мыңнан астам адамда мүгедектік белгіленген, оның 60%-ы еңбекке қабілетті жастағы адамдар, 32 %-ы зейнет жасындағы адамдар, 9%-ы 18 жасқа дейінгі балалар.
«Қазақстан БҰҰ-ның Мүгедектердің құқықтары туралы Конвенциясын, оған Факультативтік хаттаманы ратификациялау және Марракеш шарты шеңберінде міндеттемелер қабылдады.
2025 - 2030 жылдарға арналған инклюзивті саясат тұжырымдамасын іске асыру басталды, оның шеңберінде мүгедектікті танудың дәстүрлі және медициналық модельдерінен әлеуметтік-құқық қорғау моделіне көшу жүзеге асырылатын болады», – деп хабарлады Еңбек министрлігінің басшысы.
2024 жылы Қарағанды облысы бойынша Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы қажетті техникалық құралдар мен оңалту қызметтерін сатып алу бойынша 35,3 мың іс-шара іске асырылды.
Порталдың жұмысына жиі шағымдардың болуына байланысты онда жаңарту жүргізілді. Жыл басынан бері жосықсыз жеткізушілердің 3400 өтінімі алынып тасталды, 5 мыңнан астам қайталанатын карточкалар жойылды, соның ішінде түрлі жалған акциялар өткізіп, сыйақылармен жарнама жасағандар бар.
Жеткізушілердің қызметіне қойылатын талаптар күшейтілді, атап айтқанда 3 күн ішінде өнімді беру немесе тауарларды жеткізу туралы мәліметтер болмаған кезде тапсырыс жойылады.
Сондай-ақ Тауарлар мен қызметтердің құнын өтеу үшін ұсынылатын кепілдендірілген соманы айқындау әдістемесі қайтадан қаралуда
Министр осы жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша Қарағанды облысында мүгедектігі бар адамдар үшін 1 055 объект бейімделгенін атап өтті. Алайда, қол жетімділік мәселесі әлі күнге дейін күн тәртібінде тұр және жергілікті атқарушы органдар оның нақты орындалуын қамтамасыз етуі керек.
«2024 жылы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету жүйесін (бұдан әрі – АӘҚ) трансформациялау басталды. Орталықтардың қызметін цифрландыру барлық процестердің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
2025 жылғы 1 қаңтардан бастап АӘҚ беру сапасын арттыру үшін осы қызметті лицензиялау енгізілді. Қарағанды облысында бұл рәсімнен барлық орталықтар өтіп, 33 лицензия берілді.
Сондай-ақ, осы жылдың басынан бастап жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесі енгізіледі, онда әлеуметтік көмек пен қолдаудың қажетті көлемі әрбір көрсетілетін қызметті алушының дербестендірілген қажеттіліктерін ескере отырып айқындалады. Жаңа шараларды енгізу халыққа АӘҚ көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді», – деді Светлана Жақыпова.
Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шеңберінде 2024 жылдың қорытындысы бойынша Қарағанды облысында 49,8 мың адам жұмысқа орналастырылды, кәсіптік оқытумен 3,3 мың адам қамтылды, кәсіпкерлік негіздеріне тағы 2 мың адам оқытылды. АӘК алушылар, мүгедектігі бар немесе мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған адамдар, көпбалалы отбасылар қатарынан өңірдің 178 тұрғыны өз ісін дамыту үшін өтеусіз гранттар алды.
Биыл Қарағанды облысында 1 млн 572 мың теңге көлемінде 230 грант беру жоспарлануда.
Сөз соңында министр қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету мәселесіне тоқталды. Ол іске асырылып жатқан шаралар кешеніне және өндірістік жарақаттану мен кәсіптік ауруларды төмендетуге ықпал ететін еңбекті қорғаудың заманауи стандарттарын енгізуге қарамастан, бүгінгі күні зиянды еңбек жағдайларын толығымен алып тастау мүмкін емес екенін атап өтті.
«2023 жылдың қорытындысы бойынша Қарағанды облысында еңбек жағдайы зиянды жұмыста 80 мың жұмыскер еңбек еткен. Зиянды еңбек жағдайларын өтеуге 29,4 млрд теңге бағытталды. Бұл дегеніміз ақшалай төлемдер, тегін сүт және оған теңестірілген тамақ өнімдері, емдік-профилактикалық тамақтану және жұмыс күнінің қысқаруы.
Президенттің тапсырмасы бойынша зиянды және қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істейтін жұмыскерлер үшін 2024 жылдан бастап арнаулы әлеуметтік төлем (бұдан әрі – АӘТ) енгізілді. Жыл қорытындысы бойынша Қарағанды облысында төлем тағайындауға 2 454 адам, 2025 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша 234 адам жүгінді.
Зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін жұмыскерлерді әлеуметтік қорғауды одан әрі арттыру мақсатында Министрлік АӘТ алушылар санатын кеңейту мәселесін қарайтын болады», – деді Светлана Жақыпова.
Халықпен кездесу барысында министр қарағандылық тұрғындарды толғандырған барлық сұрақтарға толыққанды жауап берді.
Кездесуден соң Светлана Жақыпова азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
Сапар барысында Еңбекминінің басшысы №1 Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының жұмысымен танысты, онда тәулік бойы күтімге мұқтаж жалғызілікті қарттарға және бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі. Орталық 151 төсек-орынға есептелген және стационар жағдайында көмек көрсетеді.
Сонымен бірге министр Қарағанды жоғары политехникалық колледжінде болып, онда Жұмысшы мамандықтар жылы шеңберінде білікті кадрларды даярлаумен танысты, сондай-ақ азаматтарды жеке қабылдауды өткізді. Қабылдау барысында өңірдің төрт тұрғынының атаулы әлеуметтік көмек, зейнетақы, жәрдемақы тағайындауға, жұмысқа орналасуға және т.б. қатысты өтініштері қаралды.
Жұмыс сапарының соңында Светлана Жақыпованың облыс активімен кездесуі болды, оның барысында әлеуметтік-еңбек саласында іске асырылған цифрлық шешімдер көрсетілді. Олардың қатарында Отбасының цифрлық картасының және Кәсіпорындардың цифрлық картасының мүмкіндіктері, Жобалардың инновациялық навигаторы және әлеуметтік қолдаудың тиімділігін арттыруға, жұмыспен қамтуды, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған басқа да құралдар бар. Кездесу қорытындысы бойынша министр жергілікті атқарушы органдардың әлеуметтік-еңбек саласындағы жұмысын жетілдіру үшін бірқатар ұсыныстар берді.