Бұрынғы Мелиорация және су шаруашылығы министрі Нариман Қыпшақбаев Көкарал бөгетін 2 метрге көтеруді ұсынып отыр. Су шаруашылығы саласының ардагері Солтүстік Арал теңізін сақтаудың өз нұсқасын таныстырды. Оның айтуынша, Кіші Аралға 30 млрд текше метрден артық су жиналмайды, деп хабарлайды DKnews.kz.
«Кіші Аралға 51 млрд текше метр су жинау мүмкін емес. Су мол келгеннің өзінде 30 млрд-тан артық жинай алмаймыз. Себебі, Сырдарияның жалпы су көлемі 37 млрд текше метр. Бүгінгі таңда өзен бойындағы 4 мемлекеттің суға деген сұранысы 3 есе артып кетті. 100 млрд су сұрап отыр. Халық саны көбейіп жатыр, жаңадан зауыт-фабрикалар салынуда, елді мекендер бой көтеруде. Одан артық су келеді деген бос әңгіме»,- деді бұрынғы су шаруашылығы министрі Нариман Қыпшақбаев.
Су саласының ардагері Сырдария өзенінің су көлемі тұрақты емес екенін де айтады. Тіпті 4-5 жыл қатарынан суы аз жылдар циклі қайталанып отырған.
«Мен «Кіші Арал» жобасын 1988 жылы бастағанмын. 2006 жылға дейін Арал теңізінен бір де бір шабақ ауланған жоқ. Балықшылардың бәрі жан-жаққа көшіп кетті. Біз 12 шақырым бөгетті салғалы теңіздің су тұщыланып, қазір жылына 8-10 тонна балық аулайтын болды. Арал қаласында 8 балық зауыты салынды. Яғни, бөгет өзінің керек екенін дәлелдеді. Енді тек сол бөгетті 2 метрге көтеріп, беріктігін нығайту керек»,- деді Қазақстанның Еңбек сіңірген гидротехнигі.
Еске салсақ, бүгінгі таңда Су ресурстары және ирригация министрлігі Солтүстік Арал теңізін сақтау жобасының бірнеше нұсқасын пысықтауда. Осыған қатысты Арал ауданының тұрғындарымен қоғамдық талқылаулар өтті. Жобаны іске асыру Солтүстік Аралдың сақталуына, судың тұздылығының төмендеуіне және теңіз бассейніндегі экологиялық жағдайдың жақсаруына ықпал етеді.