Банктер туралы жаңа заң жобасын талқылау бойынша дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Қазақстан Республикасының банктер туралы жаңа заңының жобасын талқылау бойынша дөңгелек үстел ұйымдастырды.
Іс-шараға Агенттіктің, Ұлттық Банктің, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының, екінші деңгейдегі банктердің басшылығы, министрліктердің, халықаралық ұйымдардың өкілдері мен сарапшылар қатысты.
Жаңа заңнама Мемлекет басшысының 2024 жылғы 2 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстан: заң және тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмасы шеңберінде әзірленуде. Заң банк секторының орнықтылығын нығайтуға, инновацияларды дамытуға ықпал етуге және экономиканың нақты секторын қаржыландырудағы банктердің рөлін арттыруды ынталандыруға арналған.
Кіріспе сөзінде Агенттік Төрағасы Мәдина Әбілқасымова 1995 жылы қабылданған Банктер және банк қызметі туралы заң қайта қарауды қажет еткенін атап өтті.
«Банктердің бизнес-модельдеріндегі айтарлықтай өзгерістер, цифрлық сервистердің таралуы, жаңа қатысушылардың пайда болуы және тұтынушылық күтулердің өзгеруі нормативтік базаны терең және жан-жақты жаңғыртуды талап етеді. Жаңа заң осы өзгерістерді ескереді және ағымдағы жағдайларда банк секторының орнықты дамуы үшін негіз болады» Мәдина Әбілқасымова
Бүгінгі күні банк секторы қаржы нарығының ең ірі сегменті болып табылады. 2024 жылдың қорытындысы бойынша сектор активтері 19,7%-ға өсіп, 61,6 трлн теңгеге жетті. Жалпы, соңғы 5 жылда сектор активтерінің орташа жылдық өсімі 18%-ды құрады. Банктердің депозиттік базасының құрылымында оң өзгерістер орын алды, оның 2 есе тұрақты өсуі байқалады (2020 жылдан бастап), бұл банк жүйесіне деген сенімнің жоғары деңгейін растайды.
«Соңғы жылдары Агенттік банк секторында бірқатар негізгі реформаларды жүзеге асырды. Трансформацияның маңызды бағыттарының қатарына жыл сайын активтердің сапасын бағалауды (AQR) жыл сайынғы өткізуді, қадағалап стресс-тестілеуді, SREP (Supervisory review and evaluation process) қадағалап бағалауды қоса алғанда, тәуекелге бағдарланған қадағалауды толыққанды енгізу жатады. 2025 жылғы қаңтардан бастап ICAAP және ILAAP қағидаттарын іске асыру, шоғырландырылған қадағалауға көшу, капиталға қадағалау үстемеақысын енгізу аяқталды, 9 ХҚЕС сәйкес провизияларды қалыптастыру, сондай-ақ орнықты даму саласындағы (ESG) талаптарды ықпалдастыру қамтамасыз етілді. Бұл қадамдар теңдестірілген және заманауи реттеуші ортаны қалыптастыруға ықпал етті» Мәдина Әбілқасымова
М. Әбілқасымова банк жүйесі дамудың жаңа кезеңіне кіргенін атап өтті. Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні кеңінен енгізу тәуекелдерді бағалаудың дәлдігін арттыруға, кредиттік скорингтерді жақсартуға, деректерді қорғауды және алаяқтыққа қарсы тетіктерді күшейтуге жаңа мүмкіндіктер береді.
Қаржы секторының өзгеруін және реттеудегі жаңа үрдістерді ескере отырып, Агенттік Ұлттық Банкпен бірлесіп жаңа заң жобасын дайындады.
Заң сарапшылардың, ЕҚДБ, ХВҚ сияқты халықаралық ұйымдардың өкілдерінің, қаржы нарығына қатысушылардың белсенді қатысуымен әзірленді, сондай-ақ Еуропалық Орталық Банктің, Англия банкінің, Ресей Федерациясының Орталық Банкінің және БАӘ Орталық Банкінің озық практикасы пайдаланылды. Нәтижесінде өзекті сын-қатерлерді, нарыққа қатысушылардың пікірін ескеріп қана қоймай, банк қызметін реттеудің озық халықаралық тәсілдерін енгізуге де мүмкіндік туды. Банктер туралы жаңа Заң жобасы жеті негізгі бағытты қамтиды.
Бірінші бағыт лицензиялау жүйесін жаңғыртуға және банк нарығына қолжетімділікті реттеуге қатысты, оның ішінде базалық банктік лицензияны енгізуді көздейді.
«Жаңа қатысушылардың нарыққа шығуын жеңілдететін және бәсекелестіктің күшеюіне ықпал ететін базалық банктік лицензия енгізіледі. Әмбебап лицензиядан айырмашылығы, базалық лицензия активтер мөлшері бойынша шектеулерді көздейді, сондай-ақ 10 млрд теңгеге дейін ең төмен капиталға, тәуекелдерді басқару жүйесіне және қадағалау жүктемесіне қойылатын талаптарды азайтады, бұл жүйенің орнықтылығын сақтаған кезде реттеудің барынша икемді жағдайларын жасайды. Бұл ретте жекелеген жоғары тәуекелді операцияларға және байланысты тұлғалармен мәмілелерге тыйым салынады. Жаңа тәсіл әсіресе шағын және орта бизнеспен, оның ішінде банктік лицензия алуға қызығушылық білдірген өңірлерде белсенді жұмыс істейтін МҚҰ үшін аса өзекті» Мәдина Әбілқасымова
Бұдан басқа, халыққа қаржылық қызметтер көрсететін банктік емес ұйымдарға қойылатын талаптар күшейтіледі, сондай-ақ ислам банкингін дамыту үшін жағдайлар жасалады.
Екінші бағыт іс-қимыл қадағалауын дамытумен және тұтынушылардың құқықтарын қорғауды күшейтумен байланысты. Маңыздылығы жағынан пруденциялық қадағалаумен салыстыруға болатын кешенді қадағалау жүйесі құрылатын болады. Реттеу қаржы өнімдерін әзірлеуді, жарнамалауды, ұсынуды және мониторингтеуді қоса алғанда, оларды басқару кезіндегі жауапкершілік қағидаттарын біріктіретін тәсілге негізделген.
Үшінші бағыт төлемге қабілетсіз банктерді реттеу тетіктеріне қатысты. Күшейтілген қадағалауды, қаржылық орнықтылықты қалпына келтіру режимін және реттеу режимін қамтитын үш сатылы жүйені енгізу көзделеді.
«Қаржылық жағдайдың нашарлауының алғашқы белгілерінде банк қалпына келтіру жоспарларын өзектендіре отырып, күшейтілген қадағалауға ауыстырылатын болады. Одан әрі нашарлаған жағдайда, тұрақтандыру шараларын қолдана отырып, орнықтылықты қалпына келтіру режимі іске қосылады, ал егер банк төлемге қабілетсіз банк ретінде танылса, уақытша әкімшілікті тағайындауды және жұмыс істеу қабілетін бағалауды көздейтін реттеу тетігі іске асырылады. Негізгі мақсаты – мемлекеттік қолдауды барынша азайту, ол тек жүйелік маңызы бар банктер үшін ерекше жағдайлармен шектеледі, қаржы жүйесі үшін тәуекелдері өте аз» Мәдина Әбілқасымова
Төртінші бағыт банктік реттеуді жетілдіруді қамтиды. 2023 жылы ХВҚ мен Дүниежүзілік банк өткізген Қазақстанның қаржы секторын бағалау (FSAP) қорытындысы бойынша ұсынылып отырған өзгерістерге негізі болды. Макропруденциялық реттеу құралдарын кеңейту, сондай-ақ негізгі блоктардың басшылары үшін біліктілік стандарттарын белгілеу, реттеушінің уәжді пайымдауын қолдану аясын кеңейту, байланысты тұлғалармен мәмілелерге қойылатын талаптарды қатаңдату және басқалар жоспарлануда.
Бесінші бағыт экономикаға кредит беру мен іскерлік белсенділікті ынталандыруға арналған. Синдикатталған кредиттерді одан әрі дамыту, банктердің қатысуымен ШОБ үшін кепілдік қорын құру, ШОБ субъектілері үшін қаржыландыруға қолжетімділікті кеңейту және экономикадағы іскерлік белсенділікті ынталандыру мақсатында факторингті ілгерілету үшін жағдайлар жасалатын болады.
Алтыншы бағыт банк заңнамасының құрылымын оңтайландырумен байланысты.
«Жаңа заң банктің өмірлік цикліне сәйкес қисынды түрде құрылатын болады – оны құру мен лицензиялаудан бастап тарату рәсімдеріне дейін, бұл ретте ескірген және қайталанатын нормалар алынып тасталады. Акционерлерге және басшы құрамға қойылатын талаптар жүйелендіріліп, «Мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау туралы» жеке заңға көшірілетін болады, бұл нарыққа қатысушылар үшін нормаларды қолданудың заңдық айқындылығы мен ыңғайлылығын арттырады» Мәдина Әбілқасымова
Жетінші бағыт ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымын дамытуға қатысты. Аталған блок алдағы уақытта цифрландыруға арналған құқықтық және техникалық базаны ұсынатын технологиялық тұрғыдан дамыған және орнықты қаржы жүйесін қалыптастыруға бағытталған.
Дөңгелек үстел барысында Агенттік өкілдері әрбір бағытқа егжей-тегжейлі тоқталып, мақсаттар мен міндеттерді ұсынды, сондай-ақ халықаралық тәжірибені таныстырды.
Ұлттық Банк өкілдері ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымын дамыту бойынша бастамаларды көтерді.
Екінші деңгейдегі банктер тарапынан талқылау барысында қаржы нарығын реттеу мен дамыту арасындағы теңгерімді сақтау, банктер мен банктік емес ойыншылар арасындағы реттеуші төреліктің алдын алу, сондай-ақ банк құпиясы қағидаттарын сақтау қажеттілігі атап өтілді.
Сарапшылар өз сұрақтары мен ұсыныстарын айтып, жаңа Заң жобасын тұжырымдамалық түрде қолдады. М. Темірханов банктердің тәуекел деңгейіне байланысты пропорционалды реттеу қағидатын заңнамалық тұрғыдан бекітуді, квазимемлекеттік сектордың екінші деңгейдегі банктермен бәсекелестігін болдырмау жөнінде шаралар қабылдауды, микро-және макропруденциялық реттеуді бөлуді, сондай-ақ төлем қабілетсіздігін реттеудің жаңа тетігін бүкіл қаржы секторына қатысты қолдануды ұсынды.
Банктер туралы жаңа Заңның әзірленуіне байланысты, сарапшы Ф. Карагусов басқа заңнамалық актілерге түзетулер енгізуді, атап айтқанда қаржы нарығына қатысушылардың мүліктік құқықтарын тиісінше қорғауды қамтамасыз ету мақсатында Азаматтық кодекс пен банк заңнамасы нормаларының арақатынасын қайта қарауды ұсынды.
Жаңа Заң жобасы сәуір айында жалпыға бірдей талқылауға ұсынылады, 2025 жылғы тамызда оны Парламент Мәжілісіне енгізу жоспарланып отыр.