Қазақстандық оқушылар енді колледж дипломын қатар алып шығады

1793
Фотосурет: Gov

2025 жылдың I тоқсанындағы оқу-ағарту жүйесіндегі жетістіктер мен бастамалар.

2025 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі білім сапасын арттыруға бағытталған бірқатар жүйелі бастамаларды іске асырды, деп хабарлайды DKnews.kz.

 Мектепке дейінгі білім беру

Басты жаңашылдық – мектепке дейінгі білім  беру жүйесіне ваучерлік қаржыландыру механизмін енгізу болды. Бұл модель мектепке дейінгі ұйымдардың қолжетімділігін, ашықтығын, сапаны бақылауды, мақсатты бағыттылықты және бюджет қаражатын тиімді пайдалануды қамтамасыз етеді.

Қазіргі уақытта жобаға 2,3 мыңнан астам мектепке дейінгі ұйым қатысып, 276,5 мың балаға ваучер берілді. Жоба жүзеге асырыла басталғалы қайталанатын және жалған тізімдер жойылып, 27 млрд теңгеден астам қаржы үнемделді. Оның ішінде 25 млрд теңге – кезекте тұрған балаларды орналастыруға, 2 млрд теңге – 2 жасқа толып, жаңадан кезекке тұрған балаларға бағытталды.

Қазіргі уақытта ваучерлік қаржыландыру жүйесі Тараз, Шымкент, Түркістан, Орал, Астана, Қарағанды, Семей, Өскемен, Жезқазған қалаларында, сондай-ақ Жамбыл облысының Байзақ ауданында және Түркістан облысының Сарыағаш ауданында жүзеге асырылуда.

Орта білім беру

Қазақстан Орталық Азияда жалпы білім сапасын бағалау жөніндегі ұлттық жүйені (ББЖМ) халықаралық аккредитациядан өткізген жалғыз ел болды. Аталған құрал RCEC сапа белгісін алды, бұл оның сенімділігі мен халықаралық стандарттарға сәйкестігін растайды.

Педагогтерді аттестаттау жүйесі автоматтандырылды. 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап мұғалімдердің үздіксіз кәсіби дамуына арналған «Ұстаз» ұлттық платформасын кезең-кезеңімен енгізу басталды. Бұл платформа аттестаттау үдерісін анағұрлым ашық етеді. 2025 жылы шамамен 150 мың қазақстандық мұғалім осы платформа арқылы аттестаттаудан өтеді.

Техникалық және кәсіптік білім беру

Мемлекет басшысының Жарлығымен 2025 жыл Жұмысшы мамандықтар жылы деп жарияланды. Осыған орай, орта білім беру ұйымдарында алғаш рет кәсіби бағдар беруші педагог лауазымы ресми түрде енгізілді. Бұл мектеп, колледж және жұмыс берушілер арасындағы жүйелі байланысты жолға қоюға және оқушыларға мамандық таңдауда қолдау көрсетуге мүмкіндік береді.

Жоғары сынып оқушыларына жұмысшы біліктілігін беру бойынша пилоттық жоба іске асырылуда. Бұл бастама мектеп білімінің тәжірибелік бағытын күшейтіп, жастардың ерте жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған. 11-сыныпты аяқтағаннан кейін оқушылар тек аттестат қана емес, сонымен қатар техникалық және кәсіптік білім туралы диплом алады. Бүгінде 905 түлек колледж дипломын алып, кәсіби біліктілікпен еңбек нарығына шығуға дайын.

2025 жылғы ақпанда «Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестивалінің аясында Жұмысшы мамандықтар жылы салтанатты түрде ашылды. 5 күн ішінде 300-ден астам іс-шара өткізіліп, колледждер мен кәсіпорындар арасында 250 ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. 30 мыңнан астам оқушыға кәсіби диагностика жүргізілді.

Сондай-ақ техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіндегі дарынды және болашағы зор студенттерді анықтау және қолдау, жоғары білікті мамандардың кадрлық резервін қалыптастыру мақсатында республикалық «ТОП – 100 студент» байқауы басталды.

«JasSkills» және «JuniorSkills» байқауларына дайындық басталды, сондай-ақ «Мансап Компасы» платформасында 100 мың оқушыны қамтитын кәсіби бағдарлау науқаны жүргізілуде.

Инклюзивті және арнайы білім беру

Алғаш рет ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған арнайы психологиялық-педагогикалық қолдау стандарты әзірленді. Бұл стандарт ерекше балаларды білім берудің барлық деңгейінде жүйелі түрде сүйемелдеуді мемлекеттік деңгейде бекітеді.

«Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды кешенді қолдау туралы» Заң жобасы әзірленуде. Ол отбасы мен баланы сүйемелдеуге бағытталған ведомствоаралық тетіктерді қамтитын болады.

Ұлттық инклюзивті білім беруді дамыту орталығын құру жұмыстары жүргізілуде. Елдегі мектептердің 90%-ында инклюзивті білім беруге жағдай жасалған, ал арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамтылған балалардың үлесі 85%-ға жетті. Арнайы білім беру ұйымдарының саны 504-ті құрайды.

Инфрақұрылым

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 460 мың оқушы орнына арналған 217 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Қазіргі таңда 105 мектеп пайдалануға берілді, қалған 112 мектеп 2025 жылдың соңына дейін аяқталады.

Келесі кезең – мектеп инфрақұрылымының бірыңғай заманауи форматына көшу аясында мектептерді жаңғырту (реновациялау). Президенттің тапсырмасына сәйкес, алдағы 3 жылда еліміздің барлық өңірлерінде мектептер жаңартылады. Бүгінде 1231 мектеп анықталды, олардың 54%-ы ауылдық жерлерде орналасқан.

Тәрбие жұмысы

Президенттің бастамасымен барлық білім беру ұйымдарында «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасы енгізілуде. Биылдан бастап бағдарламаға жекеменшік мектептер де қосылады, ал 2026 жылы кең көлемде енгізу шаралары қабылданады.

Бағдарлама аясында мектеп жанынан Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтары, ал өңірлерде Психологиялық қолдау орталықтары ашылды. Басты басымдық – сынып жетекшілердің тәлімгер және тәрбиеші ретіндегі рөлін нығайту.

Балалардың құқықтарын қорғау

Балаларды қорғауда жылдам әрі қауіпсіз байланыс орнату мақсатында мектептер мен колледждерде «111» байланыс орталығына қол жеткізуге мүмкіндік беретін QR-кодтар енгізілді. Бұл – психологиялық, заңдық және әлеуметтік көмекке анонимді түрде жүгіну жолы.

2025 жылы қамқоршылық органдардың штат саны 2,5 есеге ұлғаяды. Сонымен қатар жетім балалардың тәлімгерлері енді психологиялық дайындықтан өтетін болады.

Мемлекет жеке мектептерде оқитын бастауыш сынып оқушыларын тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етуге 12 миллиард теңгеден астам қаржы бөлді. Психологиялық қолдау орталықтары биыл 250 мыңнан астам оқушы мен олардың отбасыларына көмек көрсетті.

Жазғы демалыс және қауіпсіздік

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі жазғы маусымға дайындықты бастады. 2025 жылғы жаз мезгілінде әртүрлі сауықтыру, демалыс және жұмыспен қамту бағдарламаларымен 3,1 млн бала қамтылады. Оның ішінде 500 мыңнан астамы – әлеуметтік осал санаттағы балалар. «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен 10 мың бала тегін демалу мүмкіндігіне ие болады.

Барлық ұйымдастыру жұмыстары 9 мемлекеттік органның бірлескен жоспары аясында жүргізілуде. Осы мақсатта республикалық және өңірлік штабтар құрылды. Жазда жұмысын бастайтын демалыс орталықтарының тізімі әзірленді.

Қауіпсіз әрі белсенді жазғы демалыс мәдениетін қалыптастыру мақсатында жадынамалар, нұсқаулықтар және гайдбуктар дайындалып, таратылады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -