Агенттік банк секторындағы тәуекелге бағытталған қадағалаудың кезекті циклін аяқтады, оған бірнеше негізгі процедуралар кірді: кешенді SREP (Supervisory Review and Evaluation Process) бағалауы, активтердің сапасын тұрақты бағалау (AQR) және қадағалап стресс-тестілеуі (ҚСТ), деп хабарлайды DKnews.kz.
SREP қадағалау моделі корпоративтік басқарудың сапасын арттыруға және бизнес-процестерді жетілдіруге бағытталған. 2024 жылы SREP бағалауы жаңартылған әдістеме негізінде жүргізілді, ол неғұрлым терең және жан-жақты талдауды көздейді. Бұл тәуекелдерді анықтау, бағалау және бақылау тиімділігін арттыруға мүмкіндік берді.
AQR аясында банктердің қарыз портфелін жан-жақты талдау және резервтердің жеткіліктілігін бағалау жүргізілді. Жүргізілген ҚСТ банктік сектордың экономикалық және қаржылық дағдарыстарға қарсы тұрақтылығын бағалауға мүмкіндік берді. AQR және ҚСТ ауқымына банктердің жалпы активтерінен 85%-ын құрайтын 11 банк кірді.
«2024 жылғы AQR және ҚСТ бағалауларының қорытындысы бойынша негізгі капиталдың жеткіліктілігі (k1) 15,0% құрады, бұл белгіленген минималды нормативтен – 5,5% – айтарлықтай жоғары. Қадағалау циклының қорытындысы бойынша алғаш рет банктердің капитал жеткіліктілігіне жеке үстемелер мен буферлер енгізілді. Бұл шаралар банктік сектордың қаржылық тұрақтылығын арттыруға және потенциалды тәуекелдерді жабу үшін қажетті капитал қорының жеткіліктілігін қамтамасыз етуге бағытталған» Агенттік Төрағасының орынбасары Тимур Әбілқасымов
SREP және AQR нәтижелері бойынша қадағалаушы үстемелерді қолдану және банктердің капитал жеткіліктілігіне буферлер енгізу туралы шешімдер Агенттіктің пруденциялық реттеу және қаржы нарығын дамыту Комитетінің отырысында қабылданды. Барлық банктер қадағалаушы үстемені ескере отырып, минималды нормативтік талаптарды сақтай отырып, жеткілікті капитал қорын сақтап қалды.
Тұрақты AQR-ға кіретін банктер үшін қадағалаушы үстемелердің диапазоны SREP және AQR нәтижелеріне байланысты 0-ден 6%-ға дейін құрайды. AQR-ға қатыспайтын банктер үшін үстемелер 0-ден 3%-ға дейін және тек SREP нәтижелері бойынша анықталады.
ҚСТ нәтижелері бойынша буфер 0%-дан 3%-ға дейін өзгеріп, банктердің стресс-сценарийлерге ұшырау деңгейіне байланысты анықталады, ал қадағалаушы үстемелерден айырмашылығы, буфер тек банктердің таза табысын дивидендтер төлеуге бөлу шектелген жағдайда ескеріледі.
«Банктерге стратегиялық және бюджет жоспарлау процестерінде, сондай-ақ тәуекелдерге деген көзқарасты анықтағанда қадағалаушы үстемені және буферді ескеру қажет. Агенттік банктерге тәуекелге бағытталған қадағалаудың кезекті циклі бойынша анықталған кемшіліктерді жою үшін талаптар мен ұсыныстар жіберді» Тимур Әбілқасымов
SREP кешенді бағалау нәтижелері бойынша Агенттік бірінші есепті жариялады, ол қадағалаушы бағалаудың негізгі қорытындыларын және қолданылған әдістеме мен процедураны толық сипаттайды, бұл Қазақстанның банктік секторының тұрақтылық деңгейін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.
Агенттіктің сайтында 2024 жылғы AQR және ҚСТ нәтижелері бойынша жылдық есептер де қолжетімді.