Словения, Италия және Канаданың көпұлтты тобы Ақмола және Қарағанды гарнизондарының әскери бөлімдеріне кіретін «белгіленген ауданға» инспекция жүргізді, деп хабарлайды DKnews.kz.
ҚР Қорғаныс министрлігінің Қару-жарақты бақылау инспекциясын қамтамасыз ету орталығы Италия мен Канада инспекторларының қатысуымен Словения Республикасының әскери қызметшілерімен «белгіленген ауданға» инспекция өткізуді ұйымдастырды.
Көпұлтты инспекциялық топқа жыл сайынғы әскери ақпарат алмасу шеңберінде бұрын жіберілген мәліметтердің сәйкестігін растайтын Құрлық әскерлері, Әуе қорғанысы күштері Әскери-әуе күштерінің басшылығында, «Астана» өңірлік қолбасшылығында брифингтер өткізілді.
Құрлық инспекциясы барысында шетелдік өкілдер «Спасск» оқу-жаттығу полигонына барды. 610 авиабазаның және ерекше мақсаттағы 36-шы бригаданың командирлері авиация полковнигі Нұрлан Бекбосынов пен подполковник Абай Әлібеков инспекторларды әскери объектілердің инфрақұрылымымен, қару-жарақпен, әскери техникамен және әскери бөлімдердің күнделікті қызметімен таныстырды.
Орталықтың қару-жарақты бақылау және инспекциялауды қамтамасыз ету жөніндегі ілеспе тобы инспекторларды тексерілетін аудандағы Қарулы күштердің ағымдағы қызметінен хабардар етіп, атап айтқанда, Астанадағы Жеңістің 80 жылдығына орай әскери парадқа дайындық жүріп жатқанын мәлімдеді.
Инспекциялық топ Қазақстан Республикасының 2011 жылғы Вена құжаты шеңберінде халықаралық міндеттемелерді толық орындағанын және біздің әскери қызметшілердің кәсіби деңгейін жоғары деп атап өтті.