Алматы қаласында Туран университетінің базасында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының психологиялық қызметі мамандарына арналған үшкүндік практикалық дайындық өткізілді.
Шараның мақсаты әскери бөлімдерде психологиялық жұмыс жүргізудің ортақ тәсілдерін әзірлеу, жеке құрамның моральдық-психологиялық тұрақтылығын арттыру, сондай-ақ әскери психологтардың кәсіби дағдыларын дамыту болды.
Практикалық дайындыққа аға офицерлер, бөлімше бастықтарының көмекшілері, нұсқаушылар мен психологиялық қызмет мамандары, сондай-ақ шақырылған сарапшылар қатысты. Олар: психология ғылымдарының кандидаты Алия Байзрахманова, С.Д. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ маманы Фатима Багиярова, клиникалық психолог, лудомания бойынша маман Майя Меркулова, коммуникативтік дағдылар кафедрасының ассистенттері Айжан Құдайбергенова мен Гүлбану Абсатарова, психология кафедрасының профессоры, EMDR ҚА Қауымдастығының президенті Анар Қасымжанова.
Шараның ашылу рәсімін тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыс басқармасының бастығы, подполковник Арман Сейітов өткізді. Ол сондай-ақ, өңірлік қолбасшылықтағы психологиялық жұмыстың жағдайы туралы кіріспе сабақ жүргізді.
Нормативтік құжаттар бойынша практикалық сабақтарды подполковник Альмира Құрманәлиева мен капитан Баламир Прланов жүргізді, ал социометрия әдістемесі бойынша сабаққа аға лейтенант Гауһар Ибраимқұлова жетекшілік етті. Бірінші күннің соңында подполковник Альмира Құрманәлиеванің жетекшілігімен тәжірибе алмасу сабағы өткізілді.
Екінші күн ашық аспан астында, Тұңғыш Президент саябағында ұйымдастырылып, кәсіби тұрақтылықты қалыптастыру және теріс эмоцияларды өңдеу дағдыларын жетілдіру бойынша тренингтер өтті. Соңғы күні кәсіби күйреудің алдын алу, консультация беру, лудомания мәселелері, психологиялық іріктеу және әскери қызметкерлердің отбасы мүшелеріне қолдау көрсету тақырыптарында сабақтар өткізілді.
"Жиынға қатысушылар жеке құраммен жұмыс істеу әдістемелерін жетілдіріп, тренингтерге қатысып, тәжірибе алмасты және армиядағы психологиялық қолдау мәселелерін талқылады. Мұндай шараларды өткізу әскери қызметкерлерге психологиялық қолдау көрсету жүйесін жетілдіруге және Ұлттық ұланның психологиялық қызметі мамандары арасында біртұтас кәсіби тәсілді қалыптастыруға ықпал етеді" Подполковник Арман Сейітов
Жиын нәтижесі бойынша қорытынды жасалып, алдағы жұмыс бағыттары белгіленді.
Подполковник Бақыт Әліпбаев,
Алматы қаласы