Ұлт болашағы: Бурабайда шетелдегі жас қазақтарға арналған этнолагерь ашылады

1738
Фотосурет: Liter.kz

2025 жылғы 9 шілдеде Бурабайда шетелдегі этникалық қазақ балаларына арналған «Jas Qazaq» жазғы танымдық этно-лагерінің ресми ашылуы өтеді, деп хабарлайды DKnews.kz.

2025 жылғы 9 шілде сағат 15:00-де Бурабайдағы IQanat High School of Burabay базасында шетелде тұратын этникалық қазақ балаларына арналған «Jas Qazaq» жазғы танымдық этно-лагерінің ресми ашылу салтанаты өтеді. Іс-шараны Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігіне қарасты «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы ұйымдастырып отыр.

«Jas Qazaq» лагері осымен бесінші рет өткізілуде. Бұған дейінгі лагерлерде 700-ден аса қандас балалар қатысса, биыл АҚШ, Түркия, Польша, БАӘ, Ресей, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстан және Қытай елдерінен келген 150-ге жуық этникалық қазақ балалары қатысып жатыр. Олар – Қоғам ұйымдастырған түрлі байқауларда үздік нәтиже көрсеткен, білімді де талапты қаракөз жастар.

Лагерь 2025 жылғы 7-20 шілде аралығында өтеді. Екі апта бойы қатысушылар қазақ тілі, тарихы, салт-дәстүрі және ұлттық ойындарды үйреніп, қазақи рухани құндылықтарды терең меңгереді. Балалар киіз үй құрып, атқа мініп, домбыра мен өзге ұлттық аспаптарда ойнауды үйренеді, еліміздің жоғары оқу орындарының қатысуымен өтетін білім көрмесіне қатысады және әртүрлі елден келген замандастарымен достық қарым-қатынас орнатады.

«Jas Qazaq» лагері – шетелдегі этникалық қазақ балаларын тарихи Отанымен жақындастырып, ұлттық болмысын сақтауға бағытталған маңызды жоба. Бұл бастама – «Отандастар қорының» шетелдегі қандастарымызға мәдени-гуманитарлық және ақпараттық-консультациялық қолдау көрсету жөніндегі тұрақты қызметінің жарқын көрінісі.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -