Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ICAO) кеңесінің Президенті Сальваторе Шаккитаномен кездесу өткізді, деп хабарлайды DKnews.kz.
Олар еліміздің әуе көлігін әлемдік стандарттарға сәйкес дамыту саласындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың азаматтық авиацияны дамытуға және әуе көлігінің жолаушылардың барлық санатына қолжетімді болуына көп көңіл бөлетінін атап өтті. Жаңа әуежайлар мен әуеайлақтарды салу және жұмыс істеп тұрған әуежайларды жаңғырту аса маңызды.
Қазақстанда жүргізілген құрылымдық және заңнамалық реформалар саланы британдық модель бойынша дамыту үшін жағдай жасады. ҚР авиация саласының ICAO стандарттарына сәйкестік деңгейі 2009 жылғы 47%-дан биыл 82%-ға дейін өсті, бұл Польша, Чехия, Дания сияқты және тағы да басқа Еуропа мемлекеттерінің көрсеткіштерімен салыстырылады. Бұл Еуропалық Одақ елдеріне ұшуды кеңейтуге мүмкіндік берді.
«Біз халықаралық азаматтық авиация ұйымымен өзара іс-қимылға терең мән береміз және екіжақты ынтымақтастығымызды авиация саласын дамытуды қамтамасыз етудегі стратегиялық басымдық ретінде қарастырамыз», – деп атап өтті Олжас Бектенов.
Өз кезегінде, Халықаралық азаматтық авиация ұйымы кеңесінің Президенті Сальваторе Шаккитано Қазақстанда азаматтық авиацияны дамыту бойынша жүргізілген жұмыстарға оң баға беріп, ҚР-мен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделі екенін білдірді.
«Қазақстанда соңғы бірнеше жылда авиация секторында айтарлықтай ілгерілеу байқалады. Жүйе қалыпты жұмыс істейді, елдің көрсеткіштері орташа жаһандық көрсеткіштен жоғары. Біз елдің авиация саласын одан әрі дамытуға дайынбыз. ICAO басымдықтарының бірі – Тұрақты даму мақсаттары контекстінде көлікті дамытуды қолдау. Шығарындылардың нөлдік деңгейіне жету үшін біз тұрақты «жасыл» отынды көбірек пайдалануымыз керек. Осы бағытта бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз», — деп атап өтті Сальваторе Шаккитано.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар серіктестік байланыстарды жан-жақты дамыту және тереңдету ниеттерін растады.