Астанада Қазақстан Республикасы Ұлттық қорғаныс университетінің базасында Қарулы күштер бригадаларының, базаларының және полктерінің 25 сержанты біліктілікті арттыру курсынан өтіп жатыр, деп хабарлайды DKnews.kz.
Онда әскери қызметшілер қазіргі заманғы қарулы қақтығыстардың сипатын, Қарулы күштер түрлерінің, әскер тектерінің, өңірлік қолбасшылықтардың және арнайы әскерлердің құрылымы мен мақсатын зерделеуде.
Сержанттар бөлімшелерді басқару жүйесін, жалпыәскери ұрыстың ережелерін, әскерлердің қозғалу негіздерін, қорғанысты, шабуылды, арнайы әскери іс-қимылдарды және оларды жан-жақты қамтамасыз етуді игеру үстінде. Сондай-ақ әскери тәртіп пен құқықтық тәртіпті сақтаудың нысандары мен әдістеріне, әскери бөлімдегі сержанттар мен старшиналар құрамының тәрбиелік рөлін арттыруға назар аударылуда.
Курстар сержанттарды жұмылдыру дайындығы, хабардар ету, әскери басқару органдары мен әскери бөлімдерді жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежесіне келтіру, сондай-ақ әскери басқару органдары мен әскери бөлімдерді жауынгерлік қолдану контекстінде өз қызметін дербес жоспарлау мен ұйымдастыруға үйретуге арналған.
Курстық даярлықтың қорытындысы бойынша сержанттар курстың аяқталуы туралы сертификат алады. Бұл құжат олардың мансаптық сатысы бойынша ілгерілеуінде ескерілетін болады.