Әскери колледжге экскурсия: оқушылар Отан қорғаушы мамандығымен танысты

1441
Фотосурет: Gov

Шымкент қаласының білім басқармасына қарасты өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушілері Кеңес Одағының Батыры генерал-майор Сабыр Рақымов атындағы Әскери колледжде болды, деп хабарлайды DKnews.kz.

Балаларды оқу орнының бастығы полковник Мақсат Ақшалов қарсы алды, колледждің тарихы, оқу жағдайы, бағдарламасы және әскери қызметші болудың перспективалары туралы айтты.

 – Біздің оқу орнына қабылдау 15 жастан басталады. Бірінші курста оқушылар 10-11 сынып бағдарламасының жалпы білім беру пәндері бойынша білім алады. Оқытумен қатар спортқа, дене шынықтыруға көп көңіл бөлінеді, – деп атап өтті полковник М. Ақшалов.

Ол сондай-ақ екінші курстан бастап терең әскери дайындық жүріп жатқанын түсіндірді. Онда тактикалық, атыс, саптық, жарғылар мен әскери топография зерделенеді. Үшінші курста колледж тәрбиеленушілері таңдаған әскери мамандықты игеріп, әскери бөлімдерде оқу-далалық жиындар мен тағылымдамадан өтеді.

Колледж түлектері техникалық және кәсіптік білім туралы диплом, жүргізушілерді даярлау туралы куәлік, кіші сержант атағы берілген әскери билет алады. Бұл ретте озаттар қызмет орнын таңдау құқығын пайдалана алады, сондай-ақ жоғары әскери оқу орнының екінші курсына емтихансыз қабылдану мүмкіндігі бар.

Колледж басшылығымен кездесуден кейін тәрбиеленушілер оқу роталарының командирлерімен бірге оқу сыныптарын, казармаларды, асхананы және басқа да инфрақұрылым нысандарын аралады.

– Біздің тәрбиеленушілердің арасында өз өмірін әскермен байланыстыруды көптен армандайтындар бар. Колледжге барғаннан кейін балалар осы оқу орнына түсуге ниет білдірді, – деді өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығы директорының орынбасары Сәрсенбек Алтенбаев.

Кездесу соңында орталық басшылығы мен тәрбиеленушілері осындай іс-шаралар Отан қорғаушы мамандығына деген құрметті қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтіп, жылы қабылдағаны үшін алғыстарын білдірді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -