Қазақстандағы президенттік институтына 35 жыл: эволюция және сын-тегеуріндер жолы

1419
Фотосурет: po.qr-pib.kz

Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасының Президенттік орталығында «Қазақстан Республикасындағы президенттік институт: эволюция, сын-қатерлер және перспективалар» тақырыбында дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.

Бұл іс-шара Қазақстандағы президенттік институттың құрылғанына 35 жыл толуына арналды.

«Қазақстан Республикасындағы президенттік институт мемлекеттік билік құрылымында басты орын алады, саяси тұрақтылық пен стратегиялық дамудың негізгі факторларының бірі болып табылады. Бұл – еліміздің саяси жүйесінің өзегін құрайтын институттардың бірі, соңғы үш жарым онжылдықта ел дамуына айқындаушы әсер етті. Бүгін, 24 сәуірде, Қазақстанда Президент лауазымының құрылғанына 35 жыл толуын атап өтудеміз. Осы жылдар ішінде біз саяси модельдің эволюциясын байқадық, бірнеше маңызды кезеңдерден өттік. 1990 жылы қалыптасудан бастап, 1995–2007 жылдар аралығында суперпрезиденттік билікке трансформация кезеңі, 2007–2017 жылдары либерализация кезеңі өтті. 2019 жылдан бастап саяси трансформация кезеңі басталды, белсенді демократиялық реформалар жүргізіліп, билік өкілеттіктері қайта бөлінді. 2022 жылғы Конституциялық реформа бұл процесте ерекше рөл атқарды, ел дамуының жаңа кезеңін белгіледі. Негізгі заңның 30-дан астам бабына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Бұл өзгерістер билікті орталықсыздандыруға және суперпрезиденттік басқару формасынан ықпалды Парламенті бар президенттік республикаға көшуге бағытталды. Азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысуын кеңейту, жаңа саяси мәдениетті қалыптастыруға баса назар аударылды. Реформа билік моделін өзгертті: Президенттің бір реттік жеті жылдық мерзімі енгізілді; Мемлекет басшысының партиялық мүшелігінен бас тарту; Парламент пен мәслихаттардың өкілеттіктерін күшейту; қоғаммен кері байланысты нығайту. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы айқындалды. Бұл процестер эволюциялық жолдың бір бөлігі болып табылады және қоғамның неғұрлым демократиялық мемлекеттік басқару формаларына ұмтылысын көрсетеді. Қазақстандағы президенттік институт өз бейімділігі мен өзгеруге қабілеттілігін дәлелдеді. Бүгінде оның алдында жаңа міндеттер тұр. Бұл – ашықтықты, есеп берушілікті, азаматтық қоғаммен диалогты арттыру, заң үстемдігін қамтамасыз ету, сондай-ақ қазіргі геосаяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістерге тиімді әрекет ету» Президенттік орталықтың директоры Бақытжан Темірболат.

Өз сөзінде ҚР Президенті Архивінің перспективті зерттеулер секторының меңгерушісі Шолпан Тлепина қазақ қоғамындағы президенттік институттың эволюциясы, саяси ой сабақтастығы және ХХ ғасырдың басында президенттік институттың енгізілуі, бұл институттың құқықтық ресімделуі мәселелеріне тоқталды. Сонымен қатар, баяндамашы КСРО-ның соңғы жылдары мен посткеңестік кезеңнің алғашқы жылдарындағы президенттік институт енгізілер алдындағы құқықтық актілерді талдау нәтижелерін келтірді.

Іс-шара аясында Қазақстан Республикасындағы президенттік биліктің эволюциясы, конституциялық және институционалдық қырлары, сондай-ақ елдегі саяси тұрақтылықты қамтамасыз етудегі Президенттің орны мен рөлі сынды өзекті мәселелер талқыланды.

«Тәуелсіздік жылдарында президенттік институт еліміздің тұрақтылығы мен қарқынды дамуын қамтамасыз еткен мемлекеттік жүйенің басты өзегіне айналды. Бүгінде әлемдегі геосаяси тұрақсыздық, сауда соғыстарының күшеюі және жаһандық нарықтардағы құбылмалылық аясында президенттік институттың «тұрақтандырушы» ролі қайтадан ерекше мәнге ие болуда» Деді Әлемдік экономика және саясат институтының директорының міндетін атқарушы Жұмабек Сарабеков

Қазақстандағы президенттік институт бірнеше даму кезеңдерінен өтті. Президенттік биліктің тарихи негіздері мен оның кейінгі дамуы 1990 жылғы 24 сәуірде қабылданған «Қазақ ССР Президенті қызметін енгізу және Қазақ ССР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақ ССР Заңымен тікелей байланысты. Бұл маңызды оқиға тәуелсіз мемлекеттің саяси жүйесінің қалыптасуына шешуші ықпал етіп, мемлекеттік биліктің сабақтастығын қамтамасыз етті. Қазақстанда президенттік биліктің эволюциясы елдің жедел дамуына қозғаушы күш болды. Оның әр кезеңдегі трансформациясы объективті қажеттілікке сай болып, тәуелсіз мемлекет үшін туындаған сын-қатерлер мен қауіптерді еңсеруге мүмкіндік берді.

Биылғы қаңтар айында «Ana tili» газетіне берген сұхбатында Қазақстан Президенті Қ.К.Тоқаев: «Қазіргі кезеңде және таяу болашақта президенттік басқару нысаны Қазақстан үшін ең оңтайлысы», – деп атап өтті. Осылайша, қазіргі жаһандық сыртқы және ішкі сын-қатерлер жағдайында президенттік институттың саяси тұрақтылықты, тиімді басқаруды және стратегиялық дамуды қамтамасыз етудегі рөлі өзекті бола түсуде.

Жиын барысында Парламентаризм институтының атқарушы директоры Алмас Қанатов, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты Мемлекет тарихы институтының бас ғылыми қызметкері Жапсарбай Қуанышев, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің аға оқытушысы Қарғаш Жанпейісова сөз сөйледі.

Іс-шараға Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының, ғылыми-зерттеу мекемелері мен жоғары оқу орындарының өкілдері, сондай-ақ сарапшылар қатарынан 40-дан астам адам қатысты.

Іс-шара қорытындысы бойынша осы дөңгелек үстелде сөз сөйлеген спикерлердің баяндамалары жинақталған электрондық жинақ әзірленеді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -