Астана қаласында өткен Қазақстан машина жасаушыларының XII форумы аясында «Қазақстанның инвестициялық әлеуеті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Машина жасау саласын дамытудағы шетелдік серіктестердің рөлі» атты панельдік сессия өтті. Сессияда ҚР Сыртқы істер министрлігінің Инвестициялар комитетінің төрағасы Ғабидолла Оспанқұлов баяндама жасады, ал «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Азамат Қожанов пікірталастың модераторы ретінде қатысты.
Өз сөзінде Ғабидолла Оспанқұлов машина жасаудың Қазақстанның индустрияландыру процесі мен қосылған құн тізбегін қалыптастырудағы маңызды рөлін атап өтті. Оның айтуынша, соңғы бес жылда қазақстандық машина жасау саласына 1,4 млрд АҚШ долларынан астам тікелей шетелдік инвестиция тартылған, ал жиынтық көрсеткіш 4,2 млрд доллардан асады.
Сыртқы істер министрлігі мен KAZAKH INVEST инвестициялық жобаларды келісімшарттан бастап экспорт нарықтарына шығаруға дейін толық сүйемелдейді. Басты мақсат – жекелеген жобаларды ғана емес, жоғары деңгейде локализацияланған және технологиялық тұрақтылығы бар индустриялық экожүйелерді құру. Спикер инвестициялық сұранысты қалыптастырып отырған жаһандық трендтерге роботтандыруды, цифрлық егіздерді, ESG-тәсілдерді, өндірістік жасанды интеллектіні және электромобильдерге арналған компоненттерді жатқызды.
Азамат Қожанов өз сөзінде машина жасау саласы ұзақ мерзімді стратегиялық инвестицияларды және технологияларды трансферттеу мен өндірісті жергіліктендіру үшін мемлекет тарапынан белсенді рөлді талап ететінін атап өтті.
«Мемлекет басшысының 2029 жылға қарай ЖІӨ-ні екі еселеу жөніндегі тапсырмасына сәйкес, Үкімет деңгейінде қайта өңдеу, машина жасау, агроөнеркәсіп кешені және өзге де басым салаларға инвестиция тарту бойынша проактивті жұмыс жүргізіліп жатыр. Инвестициялар туралы келісімдер тетігі ниет білдіруден нақты іске көшуге мүмкіндік береді — бұл құжаттар инвестор мен мемлекет тарапынан өзара міндеттемелерді қамтиды. Қол қоюдан кейін жобаны іске асыру іс жүзінде басталады. Жыл басынан бері жалпы сомасы 13 миллиард АҚШ долларынан асатын 7 келісім мақұлданды. Барлығы 13 Инвестициялық келісім келісілді, және біз жыл соңына дейін олардың саны 20-дан асады деп күтіп отырмыз» Азамат Қожанов
Азамат Қожанов машина жасау саласына жеке тоқталып, қазіргі уақытта жалпы сомасы 700 миллион АҚШ долларынан асатын жобалар пысықталып жатқанын атап өтті. Бұл жобалар теміржол техникасы, әскери өнім, автомобиль өнеркәсібі және кеме жасау салаларын қамтиды. Оның айтуынша, бұл бастамалар алдағы жылдары тікелей шетелдік инвестициялар ағынын ұлғайтуға серпін беріп, бүгіннен бастап ел экономикасының технологиялық жаңғыруының негізін қалап жатыр.