Жас шектеусіз би: елордада зейнеткерлер арасында алғаш рет байқау өтті

1430
Фотосурет: Gov

Дүниежүзілік би күніне орай тұңғыш рет Астана қаласында зейнеткерлер арасында «Көктем тамшылары» атты би конкурсы өтті, деп хабарлайды DKnews.kz. 

Өнер байқауына 61-75 жас аралығындағы әуесқой биші ата-әжелер қатысты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Би конкурсының мақсаты – егде жастағы адамдар арасында би өнерін насихаттау, дене және рухани мәдениеттің үйлесімін көрсету, ұлттық би мәдениетін дәріптеу және би арқылы зейнеткерлердің өз өнерлерін көрсетуге мүмкіндік беру.

Байқаудың талабы бойынша өнерпаздар ұлттық би, классикалық би, заманауи би, бал биі, вальс пен танго және т.б. жанрдағы биден сынға түсті. Өнер ұжымдарынан би түріне сәйкес арнайы костюмдер талап етілді.

Аталған өнер додасына Алматы, Байқоңыр, Сарыарқа, Нұра, Есіл аудандарынан келген 10-ға жуық би ұжымдары қатысты.

Атап айтқанда, «Қыздар-ай», «Аэлита», «Әдемі дәуір», «Магия вальса», «Салтанат», «Әдемі-ау», «Жаңа толқын», «Жасмин» және «Элегант дэнс», «Інжу-Дэнс» би топтары әр түрлі жанрдағы би қойылымдарын көрсетті.

Зейнеткерлер «Әсемдік», «Шудың бойында», «Кең дала» билерін, «Бачата», шығыс биі мен вальс, танго билерін көрермен назарына ұсынды.

Сайысқа қатысқан би ұжымдарының арасында әр түрлі республикалық, халықаралық байқаулардың жеңімпаздары да бар. Мәселен, «Нұра» ауданынан келген «Қыздар-ай» хореографиялық ансамблі Қырғызстанда өткен «Таланты SUMMER FEST KYRGYZSTAN» атты Халықаралық байқауда жүлделі орындарға ие болды. Ал, Сарыарқа ауданының «Әдемі дәуір» би тобы жақында өткен «ASTANA-KOKTEM-FEST» шығармашылық байқауының жеңімпазы атанды.

Би сайысының қорытындысы бойынша байқаудың бас жүлдесі Нұра ауданының «Қыздар-ай» би тобына бұйырса, ал 1-орынды Сарыарқа ауданының «Әдемі дәуір» би тобы жеңіп алды. Қалған 2,3 орындарды Байқоңыр, Есіл аудандарынан келген «Достар», «Жаңа толқын» би топтары өзара бөлісті.

Сонымен қатар, «Ең үздік костюм», «Көрермен көзайымы», «Ең үздік би қойымы» номинациялары бойынша үздіктер анықталып, «Элегант дэнс», «Аэлита», «Қыздар-ай» би топтары ерекшелене білді.

Байқаудың жеңімпаздары мен қатысушылары естелік сыйлықтарымен, мадақтау қағаздарымен марапатталды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -