Шоттарды бұғаттау және мәжбүрлеп өндіріп алу: салық төлемеген жағдайда қолданылатын шаралар

1254
Фотосурет: ©️ Tengrinews.kz / Турар Казангапов

Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті салық төлеушілерге салықтар мен төлемдерді төлеу бөлігінде өзінің салық міндеттемелері орындалмаған жағдайда қолданылатын негізгі тәсілдер мен шаралар туралы хабарлайды, деп хабарлайды DKnews.kz. 

Хабарлама – салық төлеушіге салық міндеттемелерін уақытылы орындау, салықтар мен әлеуметтік төлемдерді төлеу қажеттілігі туралы салық органдарының заңды құжаты. Хабарлама Салық төлеушінің кабинеті арқылы, пошта қызметі арқылы немесе қолма-қол алынған сәттен бастап тапсырылды деп есептеледі.

Дербес шотта салық берешегі қалыптасқан жағдайда салық органы 5 жұмыс күні ішінде салық төлеушінің атына хабарлама жібереді. Салықты уақытылы төлемеген кезде кешіктірілген әр күн үшін өсімпұл пайда болады.

Заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлерге қатысты берешекті өндіріп алу

Егер берешек өтелмеген болса және 6 АЕК-тен асса, салық төлеушілердің банктік шоттарының шығыс операциялары бұғатталады:

  • тәуекел деңгейі жоғары болса – 1 жұмыс күнінен кейін;
  • тәуекел деңгейі орташа болса – 10 жұмыс күнінен кейін.

Сондай-ақ, касса бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру және салық төлеушінің мүлкіне билік етуді шектеу қолданылады. Берешек төленбеген немесе толық төленбеген жағдайда салық органы салық берешегін мәжбүрлеп өндіріп алады. Соманы өндіріп алу инкассалық өкім негізінде жүргізіледі.

Егер заңды тұлғалардың және дара кәсіпкердің банктік шоттарында қаражат жеткіліксіз болса, өндіріп алу шаралары дебиторлардың есебінен немесе салық төлеушінің мүлкін сату есебінен қолданылады.

Жеке тұлғаларға қатысты берешекті өндіріп алу

Егер дара кәсіпкер немесе жеке практикамен айналысатын тұлға болып табылмайтын жеке тұлға салықтық берешек туралы хабарлама алғаннан кейін 30 жұмыс күні ішінде салық төлемесе және қарыз 1 АЕК-тен асса, салық органы салық бұйрығын шығарады. Бұдан әрі бұл бұйрықты жеке тұлғаға Салық төлеушінің кабинеті арқылы 5 жұмыс күнінен кешіктірмей жібереді.

Егер бұйрықты алғаннан кейін борыш өтелмесе, салық органы 5 жұмыс күні ішінде бұл бұйрықты мәжбүрлеп орындауға әділет органдарына немесе жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасына жібереді.

Мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары мен шоттардың бұғатталуын алдын алу мақсатында Департамент салық төлеушілерге алынған хабарламаларға жедел әрекет етуді ұсынады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -