Қазақстан «Travel by Dart» шоуында Amazon Prime-да көрермендерді қалай баурады

1452
Фотосурет: Travelpress.kz

Танымал америкалық «Travel by Dart» тревел-шоуы жаһандық Amazon Prime платформасында Қазақстанға арналған үш бірдей эпизодты ұсынды. Ауқымды жоба әлемнің түкпір-түкпіріндегі 400 миллионнан астам көрерменге бағытталған және теледидар арналары, стриминг қызметтері мен халықаралық әуе компанияларының борттық жүйелерін қамтиды.

«Travel by Dart» шоуының форматы бойынша саяхат бағыты әлем картасына түскен дротик арқылы анықталады. Өткен жылы шоудың америкалық продюсерлері Қазақстанда түсірілім ұйымдастыру үшін «Kazakh Tourism» компаниясына жүгінді. Алматы, Астана қалаларының, Алматы және Ақмола облыстарының әкімдіктері бұл бастаманы қолдап, логистика мен негізгі туристік нысандарға кіру бойынша үлкен қолдау көрсетті.

«Қазақстан америкалық шығармашылық топ үшін табиғи әсемдігі, мәдени мұрасы және халықтың қонақжайлығы үйлесім тапқан мемлекет ретінде нағыз жаңалыққа айналды. Халықаралық медиа платформалармен және жетекші тревел-жобалармен тегін негіздегі әріптестік – Қазақстанды тартымды туристік бағыт ретінде ілгерілету құралдардың бірі. Amazon Prime платформасында елімізге арналған бірнеше эпизодтың жарық көруі – Қазақстанның АҚШ нарығындағы туристік имиджін нығайту жолындағы маңызды қадам», – деп атап өтті «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Қайрат Садвақасов.

«Travel by Dart» шоуы Amazon Prime арқылы ғана емес, сонымен қатар әлемнің көптеген тележелілерінде және бірқатар әуе компанияларының бортында көрсетіледі. Тревел-шоу Қазақстанды мәдени мұрасы бай, табиғи ландшафттары алуан түрлі және бірегей дәстүрлері бар перспективалық туристік бағыт ретінде таныстырды. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі көрермендер Шарын шатқалын, Көлсай көлдерін, «Алтын-Емел» ұлттық паркін, Щучинск-Бурабай курорттық аймағын, Бәйтерек монументін, «Astana Opera» театрын, Орталық Азиядағы ең үлкен мешітті, «Сауран» базарын және басқа да көрнекті орындарды тамашалай алды.

Телешоу эпизодтарында Алматы облысындағы Саты ауылы ерекше аталды. Бұл елдімекен 2023 жылы БҰҰ-ның Дүниежүзілік туристік ұйымы UNWTO тарапынан әлемдегі ең үздік туристік ауылдардың бірі ретінде танылды. «Travel by Dart» авторлары қазақтың гастрономиясының ерекшеліктеріне де үңілді. Олар ұлттық тағамдардан дәм татып, дәстүрлі асханалармен танысты. 

Жоба жүргізушісі Сорин Михайлович пен түсірілім тобының қызығушылығын тудырған ерекше эпизодтардың бірі – бүркітпен аң аулау өнері.

Атап өткен жөн, Amazon Prime – әлемдегі ең ірі стримингтік сервистердің бірі және Amazon экожүйесінің құрамына кіреді. Платформа 240 астам елде қолжетімді және лицензиялық әрі түпнұсқа видеоконтент ұсынады. Оның ішінде  көркем фильмдер, телесериалдар, деректі және тревел-багдарламалар бар.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -