Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Қазақстан-Британ техникалық университетімен бірлесіп, «Бірінші кредиттік бюро» ЖШС қолдауымен жоғары оқу орындарының студенттері мен магистранттары арасында тәуекел-менеджмент бойынша «Risk Management Case Competition 2025» екінші кейс-чемпионатын өткізді, деп хабарлайды DKnews.kz.
Конкурсқа 21 университеттен 81 команда және Қазақстан, Өзбекстан, Англия және Австралиядан құралған ЖОО аралық құрамалар қатысты.
Чемпионаттың мақсаты – машиналық оқыту әдістерін қолдана отырып, антифрод-модельдерді әзірлеу бойынша практикалық міндетті шешу, бұл деректерді талдауға, алгоритмдерді оңтайландыруға және нақты қолдану жағдайында модельдердің жоғары дәлдігін қамтамасыз етуге кешенді көзқарасты талап ететін маңызды сын-қатер болып табылады.
«Антифрод-модельді әзірлеу кезінде алаяқтық әрекеттерді тиімді анықтайтын машиналық оқыту әдістерін таңдауды ескеру қажет. Жүйе қабылдаған шешімдерді түсінуге және түсіндіруге болатындай етіп модельдің түсіндірілуін қамтамасыз ету де маңызды. Бұл пайдаланушылардың сенімін арттыруға және жүйемен өзара әрекеттесуді жақсартуға көмектеседі. Мұндай модельдер алаяқтықтан қорғаудың ажырамас бөлігіне айналады және қаржы процестерінің қауіпсіздігі мен сенімділігін қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады» Агенттік Төрағасының орынбасары Тимур Әбілқасымов
Агенттік банк секторын қадағалау процестерінде машиналық оқыту алгоритмдерін белсенді қолданады, оларды корпоративтік, сол сияқты бөлшек қарыз алушылардың кредиттік қабілеттілігін бағалау үшін қолданады. Осы модельдерді пайдалану экономикалық өзара байланыстарды дәлірек анықтауға және олардың банк жүйесінің орнықтылығына әсерін бағалауға мүмкіндік береді.
Нәтижесінде бірінші орынды Maqsut Narikbayev University университетінің «Blue Ocean» командасы иеленді. Екінші орын бірден екі командаға берілді: Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті мен ҚБТУ студенттерінен құралған «RiscOps» және ҚБТУ атынан қатысқан «RiscMasters» командасына. Үшінші орын MNU, AITU және NU университеттерінің студенттерінен құралған «BIG4» командасына бұйырды.
Чемпионат жеңімпаздарына FRM 1 халықаралық емтиханын тапсыруға арналған гранттар табысталып, екінші деңгейлі банктерде кәсіби тәжірибеден өту мүмкіндігі ұсынылды.
Risk Management Case Competition – бұл интеллектуалды платформа, онда жас кәсіби мамандар сыни ойлау дағдыларын, креативті тәсілді және тәуекелдерді басқару мен модельдеуде стандартты емес шешімдерді табу қабілеттерін көрсетеді.
Мұндай чемпионаттарды өткізу жас мамандардың практикалық құзыреттіліктерін дамытуға, нақты деректермен және тәуекелдерді талдаудың заманауи технологияларымен жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыруға ықпал етеді. Осындай бастамалар академиялық қоғамдастық пен қаржы саласы арасындағы байланысты нығайтады, заманауи экономиканың сын-қатерлеріне дайын кадрларды даярлауға ықпал етеді.