Алматы қаласында көптен күткен «Ашық аспан астындағы кинокөрсетілім» жобасы өз жұмысын бастады. Жастар саясаты басқармасының қолдауымен, қала волонтерлерінің бастамасымен жүзеге асып жатқан бұл жоба – қала тұрғындары мен жастарына жаз мезгілін қызықты әрі пайдалы өткізудің таптырмас мүмкіндігі, деп хабарлайды DKnews.kz.
Ерекше форматтағы бұл жоба – қаладағы мәдени демалысты қолжетімді етіп қана қоймай, отандық киноиндустрияны насихаттау мен танымал етуге бағытталған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, кинокөрсетілімдер Алматының барлық 8 ауданында апта сайын өтетін болады. Бұл – әр аудан тұрғындарына сапалы кинотуындыларды тегін тамашалауға жол ашатын тамаша мүмкіндік.
Жобаның ашылу кешінде сөз сөйлеген Алматы қаласы волонтерлер фронт-офисының жетекшісі Бағдат Анарбаева кинокөрсетілімнің маңыздылығына тоқталып, бұл бастаманың қоғаммен байланыс орнатудағы рөлін ерекше атап өтті:
«Бүгін біз қала тұрғындары үшін ерекше атмосфера сыйлайтын “Ашық аспан астындағы кинокөрсетілімдерді” бастап жатырмыз. Бұл тек фильм көру ғана емес – бұл адамдар арасындағы байланыс, ашық диалог, мәдениет пен отандық өнерге құрмет. Енді әр апта сайын қаламыздың әр ауданында отандық фильмдерді көрермен назарына ұсынамыз. Волонтерлердің белсенділігі мен қоғамға пайдасы осындай жобалар арқылы одан әрі арта түседі деп сенеміз», – деді ол.
Кешке қатысқан көрермендердің де әсері ерекше. Жастар үшін мұндай іс-шаралар өзара танысуға, ортақ қызығушылық табуға, рухани байып, бос уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік береді. Кешке алғаш рет қатысқан қала тұрғыны, студент Айзере Қали былай деп пікір білдірді:
«Мұндай іс-шаралар – біз секілді жастар үшін үлкен мотивация. Біріншіден, отандық киноны қолдаймыз, екіншіден, табиғат аясында, ашық аспан астында уақыт өткізу – ерекше әсер сыйлайды. Мен бүгін өзім үшін жаңаша эмоция алдым. Осындай форматтағы мәдени кештер жиі өтіп тұрса екен», – дейді Айзере.
Айта кетейік, Алматы қаласында жыл сайын жастарға арналған 1000-нан астам экологиялық, мәдени, спорттық және білім беру бағытындағы жобалар жүзеге асырылады. Бұл бастамалардың барлығы – жастардың шығармашылық әлеуетін арттыруға, оларды қаланың мәдени-қоғамдық өміріне тартуға және сапалы бос уақыт өткізуге арналған.
«Ашық аспан астындағы кинокөрсетілім» – сол жобалардың жарқын үлгісі. Ол тек көңіл көтеру ғана емес, ұлттық киноны дәріптейтін, көрермен мен өнер арасында рухани көпір орнататын әлеуметтік-мәдени бастама болып отыр.