Бизнес бір рет басу арқылы: Қазақстан кәсіпкердің Бірыңғай жеке кабинетін іске қосады

1452
Фотосурет: @jcomp / freepeik.com

ҚР Қаржы министрлігі тың цифрлы қызметті – «Кәсіпкердің бірыңғай жеке кабинеті» жобасын қолға алған болатын, деп хабарлайды DKnews.kz.

Фотосурет: ҚР ҚМ Баспасөз қызметі

Қазір еліміздің кәсіпкерлері министрліктің ЭШФ, БСП, Кеден, ҚЕД, E-Qazyna-тізім, СӘАЖ және Qoldau сынды көптеген ақпарат жүйесімен жұмыс істеп келеді. Бұл жүйелердің әрқайсысында жоғары мамандандырылған қызметтер жолға қойылған. Алайда олардың бар екені жайлы және мүмкіндіктері туралы барлығы бірдей білмейді. «Кәсіпкердің бірыңғай жеке кабинеті» (КБЖК) жобасы аталған жүйелердің барлығын біріктіріп, бірыңғай платформа түрінде қызмет көрсетуге арналған.

Осы арқылы кәсіпкерлер барлық негізгі мемлекеттік әрі квазимемлекеттік платформаларға қол жеткізіп пайдалана алады. Бұл қажетті процестерді айтарлықтай жеңілдетіп, уақыт үнемдеуге септеседі.

Бірыңғай жеке кабинетті енгізу ұлттық цифрлы трансформация аясында жүзеге асырылып, Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асырудың бір бөлігі болып саналады. Бұл мемлекет пен бизнестің арасындағы іс-қимылдың жаңа мәдениетін қалыптастыруға жасалған қадам.

КБЖК кәсіпкерді тіркеуден бастап салық жеңілдіктерін алу мен сатып алуға қатысуға дейінгі іскерлік процестің барлық циклін қамтиды. Аталған кабинеттің көмегімен салық есептілігін беруге, артық төлемді қайтаруға, төлемдерді нақтылауға, салық режімін өзгертуге және бюджетпен есеп айырысуларды бақылауға болады. Яғни, барлығын электронды форматта мемлекеттік органдарға бармай-ақ іске асыруға болады.

Сондай-ақ қолданушылардың жайлы қызмет алуына ерекше назар аударылып отыр. Осыған байланысты баршаға түсінікті болатындай платформаның интуитивті дизайны таңдалып, ол барлық қажетті сынақ пен тексерістен өткізілді.

Қызмет көрсету сапасын бұдан да күшейту үшін веб-нұсқаның барлық функционалын сақтайтын мобильді қосымша әзірленіп жатыр. Ол App Store және Play Market-те қолжетімді болады. Осы арқылы қолданушылар қажетті қызметті еліміздің кез келген жерінен тәулік бойы ала алады.

Бүгінде жоба даму сатысында тұр, содай-ақ сыртқы платформалармен интеграция аяқталып, интерфейсті жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Кәсіпкердің бірыңғай жеке кабинеті отандық бизнестің қажеттіліктеріне бағдарланған және мемлекетпен ашық, қолжетімді және заманауи түрде өзара байланысты қалыптастыруға арналған тиімді цифрлы инфрақұрылымды құрудағы маңызды кезең болып саналады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -