Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Алматы облысына жұмыс сапарындан өңірдің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерімен кездесті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Арнайы экономикалық аймақтағы ғылыми-инновациялық нысандарды аралап, Ядролық физика институтының жұмысымен танысты.
Алматы облысында егіс науқаны белсенді жүріп жатыр. Биыл ауыл шаруашылығы дақылы 436,8 мың гектарға дейін жеткізілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 13 мың гектарға артық. «Кең дала» бағдарламасы бойынша биыл көктемгі егіс жұмысына облыс шаруаларына 15,7 млрд теңге жеңілдікпен қаржы бөлініп, 32 өндірушіге қаражат берілген.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша екі жылда жалпы құны 10,8 млрд теңге болатын 1 361 қарыз алушы жеңілдікпен несие алған. 2025 жылы 2,5 млрд теңге көлемінде тағы 211 қарыз берілмек.
Биылғы бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша өңірдегі АӨК секторына салынған инвестиция көлемі 13,2 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге көп. Биыл облыста жоспар бойынша 33,5 млрд теңге сомасына 17 инвестициялық жоба іске асырылмақ. Оның 11-і шаруаларға 2,5%-дық жеңілдікпен, СҚО тәжірибесін тарату бағдарламасы бойынша іске асырылады. Бұл күнде 103 жаңа жұмыс орны құрылған алты жоба орындалып үлгерген.
«Байсерке Агро» ЖШС оқу орталығында өткізілген вице-премьермен кездесуге 20-дан астам фермер қатысты. Кездесу барысында Серік Жұманғарин Үкіметтің диқандарды қолдауға айрықша назар аударуының нәтижесінде 2025 жылғы бірінші тоқсанның қорытындысына сәйкес, ауыл шаруашылығы саласы 3,7% экономикалық өсуді көрсеткенін атап өтті.
«Мемлекеттің шаруаларды қолдауын сезініп отырғандарыңыз даусыз. Егер 2022 жылы көктемгі егіс пен егін жинауға жеңілдікпен 70 млрд теңге берілсе, бүгінде 5%-бен 700 млрд теңге, соған ұқсас мөлшерлемемен техника лизингіне тағы 200 млрд теңге бөлінді» Серік Жұманғарин
«Qazaq Balyq» қауымдастығының Алматы филиалының төрағасы, «Балық мектебі» жастар арасында балық шаруашылығын танымал ету мектебінің негізін қалаушы Мәрлен Тұрсынәлі балық өсіру саласын дамыту бойынша өз ұсынысын айтты. Оның айтуынша, балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы саланың дамуына айтарлықтай серпін берген. Сонымен қатар, су тапшылығы жағдайында балық өсіруді одан әрі тиімді дамыту үшін жем-шөп құнын субсидиялауда, бассейндерге жер асты суын пайдалану үшін ұңғыманы бұрғылау шығынын жабу мақсатымен суға жеңілдікті тариф енгізуде, өнімге ветеринариялық құжат алу процесін оңайлатуда, цифрландыруда мемлекеттің қолдауы қажет.
Серік Жұманғарин АШМ-ге барлық ұсынысты егжей-тегжейлі қарап, балық шаруашылығын қолдау мүмкіндігін пысықтауды тапсырды.
Сондай-ақ кездесуде фермерлер субсидия төлеу кешіктірілетінін жеткізді. Вице-премьер қазіргі уақытта барлық өңірде субсидия алуға өтінім осы мақсатқа бюджеттен жыл сайын бөлінетін қаражат көлемінен едәуір асып түсіп жатқанын айтты. Фермерлерді АӨК саласындағы инвестициялық жобаларды 6% жеңілдікпен салалық қаржы институттары арқылы қаржыландыру мүмкіндігін пайдалануға шақырды.
Сонымен қатар Серік Жұманғарин фермерлерді көп пайда әкелетін дақыл егу арқылы әдеттегі бидай алқабын қысқарта отырып, егінді әртараптандыруға, дәнді дақыл өңдеуді дамытуға шақырды.
Премьер-министрдің орынбасары жұмыс сапары шеңберінде «Инновациялық технологиялар паркі» АЭА нысандарын аралады. Оның аумағында бүгінде АЭА құрылған сәттен бергі жалпы инвестиция көлемі 205 млрд теңге 182 компания орналасқан. Шамамен 7 мың жұмыс орны ашылып отыр. 820 жұмыс орны ашылатын 129,4 млрд теңге сомасындағы тағы 12 жоба салынуда.
Сондай-ақ вице-премьер Қазақстандағы атом саласының іргелі технологиялары мен өнімдерін, оның ішінде өнеркәсіпке арналған радиоизотоптар мен радиофармпрепараттарды жасауға дейінгі зерттеу мен әзірлеменің толық циклін жүзеге асыратын жалғыз ғылыми ұйым – Ядролық физика институтының қызметімен танысты. Соңғысы, фтор-18, йод-131 және Мо-99 радиоизотопы негізінде жасалып, онкологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеу үшін қолданылады. Өнеркәсіпке арналған радиоизотоп Еуропаға экспортталады. Еліміздің мұнай-газ өнеркәсібінде қолданылады.