Алматыда Zarina Altynbayeva Youth Music Competition (ZAYMC 2025) халықаралық жас музыканттар байқауының финалы өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Биылғы байқаудың тақырыбы – «Түркі халықтары мен композиторларының музыкасы». Бұл тақырып түркі елдерінің бірлігі мен мәдени дәстүрлер сабақтастығын айқындайды. Байқаудың негізін қалап, көркемдік жетекшісі қызметін атқарған — Қазақстанның халық әртісі, Қазақ ұлттық опера және балет театрының жетекші солисі Зарина Алтынбаева.

Халықаралық қазылар алқасының қатарында Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан және Қырғызстанның белгілі академиялық өнер қайраткерлері болды.
Биыл байқауға алғаш рет халықаралық мәртебесі беріліп, жаңа «Түркі композиторының туындыларын ең үздік орындаған» номинациясы енгізілді. Сонымен қатар «Түркі әлемінің антологиясы» атты жинақ шығарылды. 150-ден астам өтінімнен 44 қатысушы финалға өтті, және байқаудың нәтижесінде әртүрлі номинациялар мен жас категориялары бойынша лауреаттар мен дипломанттар анықталды. Негізгі сыйлықтармен қатар, Бибігүл Төлегенова, Марат Бисенғалиев және Гюльсун Онай атындағы арнайы сыйлықтар табысталды.

Байқау аясында қазылар алқасының шеберлік сағаттары, сұрақ-жауап сессиялары және ашық дәрістер өткізілді. Іс-шара Абай атындағы Қазақ ұлттық академиялық опера және балет театры сахнасында Гала-концертпен аяқталды. Кеш бағдарламасында түркі халықтары композиторларының шығармалары мен әлемдік классиканың таңдаулы туындылары орындалды.
Жеңімпаздардың толық тізімі байқаудың ресми сайтында жарияланған: https://ru.zaymc.kz/zaymc2025results