Шымкентте әскери колледж өзінің құрылған күнін ерекше атап өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Шымкент қаласында орналасқан Кеңес одағының батыры генерал-майор Сабыр Рахымов атындағы Әскери колледж Ұлы Жеңістің 80-жылдығы, 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні және колледж болып қайта құрылғанына 1 жыл толуына арналған салтанатты жиын өткізді.
Мерекелік іс-шара мемлекеттік Ту шығарумен басталды. Мемлекеттік Туды салтанатты түрде сахнаға алып шығу рәсімі колледж басшысының орынбасары подполковник Нұржан Сәрсенбаевтың пәрменімен орындалды. Бұл сәтте оркестрдің орындауында мемлекеттік Әнұран орындалды.
Мерекелік шараға әскери колледж басшылығы, мұғалімдері мен тәрбиеленушілері, сонымен қатар Шымкент гарнизонында орналасқан әскери бөлімдер мен мекемелер басшылары, күштік құрылымдар басшылары, мерзімді қызмет сарбаздары және патриоттық шараларда әрқашан алда көрінетін отставкадағы полковник Серікбай Оңбаев бастаған «қалалық Ардагерлер коалициясының» өкілдері қатысты.
Салтанатты жиынның алғашқы құттықтау сөзі колледж бастығы полковник Мақсат Есалыұлы Ахшаловқа берілді. Ол өз сөзінде оқу орнының бір жыл ішінде жеткен жетістіктерін атап өтіп, жастарды Отанға адал қызмет етуге шақырды.
Іс-шараға арнайы қатысқан Шымкент қаласы әкімінің аппарат басшысының орынбасары Әсет Маратұлы Әбдрахман, қалалық мәслихат төрағасы Бахадыр Мәдәліұлы Нарымбетов және Тұран ауданы әкімінің орынбасары Бақыт Қорғамбайұлы Мелдебеков құттықтау сөз сөйлеп, колледж жеке құрамына ізгі тілектерін жеткізді.
Мерекелік жиын аясында марапаттау рәсімі де өтті. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрі, генерал-полковник Руслан Фатихұлы Жақсылықовтың атынан арнайы марапаттарды тапсыру үшін сахна төріне Шымкент қаласы Тұран ауданының әкімі Берік Айдарұлы Әшірбеков мен ҚР Ішкі істер министрлігіне қарасты «Бауыржан Момышұлы атындағы Оқу орталығының» бастығы, полиция полковнигі Асылбек Қадырұлы Алиев шақырылды.
Іс-шараның қорытындысында әскери колледж тәрбиеленушілері мен қалалық мәдениет үйінің көркемөнерпаздар ұжымының ұйымдастырған концерттік бағдарламасы қонақтардың көңіліне шаттық сыйлап, мерекенің көркіне айналды.