2035 жылға дейін Қазақстан химия өнеркәсібіне 4,8 трлн теңге инвестиция тартады

1199
Фотосурет: freepik.com

Елімізде химия өнеркәсібі саласында 49 жоба жүзеге асырылуда, деп хабарлайды DKnews.kz.

Үкімет отырысында өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев химия және мұнай химиясы саласын дамыту жөніндегі шаралар туралы баяндады. Бүгінгі таңда химия өнеркәсібінің өңдеу өнеркәсібі құрылымындағы үлесі 4,6%-ды құрайды. Оның айтуынша, сала ауыл шаруашылығы, металлургия және құрылыс материалдарын өндіру сияқты секторлардың дамуына оң әсер етеді.

Жыл қорытындысы бойынша өндіріс көлемі 7,7%-ға өсіп, 1,1 трлн теңгеден асты. Министр саланың негізгі ірі кәсіпорындары ең алдымен ішкі сұранысты қамтамасыз ете отырып, экспорттық әлеуетті дамытып жатқанын атап өтті. Соңғы бес жыл ішінде жалпы салада 5%-ға тұрақты өсу қарқыны байқалады. Бұл отандық өндірушілердің жүйелі жұмысы мен мемлекет тарапының қолдауынан мүмкін болып отыр. 

«Өнеркәсіп саласында іске асырылған заңнамалық бастамалардан басқа, химия саласына оң әсер еткен бірқатар нақты нормалар қабылданды. Мысалы, мемлекеттік сатып алу кезінде ұлттық режимнен алу нәтижесінде өткен жылы лак бояу материалдары, тұрмыстық химия және май өндірісінің көлемі 30%-ға өсті. Отандық пестицидтердің нарықтағы бәсекелестікке қабілеттілігін арттыру мақсатында олардың өндірісінде пайдаланылатын шикізаттар ҚҚС-тан босатылды. Сонымен бірге субсидияланған тыңайтқыштарды елден заңсыз шығарылуын тоқтату үшін аммофос, селитра сияқты маңызды тыңайтқыштардың экспорты лицензия беру арқылы реттелді» Ерсайын Нағаспаев

Ерсайын Нағаспаевтың айтуынша, жылдың тоқсандық қорытындысы бойынша өнім көлемі 12,5%-ға өсіп, 406 млрд теңгені құрады. Осы жылы өндіріс көлемін 5%-ға арттыру көзделген. Жоспар бойынша өсім биылғы жүзеге асырылатын жобалар және тыңайтқыштар мен фосфорды 13%-ға, натрий цианидін 15%-ға, полипропилен өндірісін 32%-ға арттыру арқылы іске асырылатын болады.

«Агрохимия саласы еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды орын алады. Осыған орай 2030 жылға дейін жергілікті аграрийлерді отандық тыңайтқыштардың негізгі түрлерімен толық қамтамасыз ету жоспарлануда. Қайта жаңғырту және жаңа жобалар есебінен 2030 жылға дейін жалпы тыңайтқыштар көлемі төрт 4 млн тоннаға дейін ұлғайтылады. Сонымен бірге карбамид, калий хлориді және дикальцийфосфат сияқты жаңа тыңайтқыштар түрлерін өндіру көзделіп отыр» Ерсайын Нағаспаев

Сондай-ақ министр химия саласын дамытудың басым бағыттарының бірі – көмір химиясын жүйелі пысықтаудың қолға алынғаны туралы хабарлады. Еліміздің ауқымды көмір қорларын ескере отырып, бұл бағытта даму – шикізаттық модельден бас тарту және қосылған құнды айтарлықтай арттырудың негізгі жолы. 

«Осы мәселе бойынша өндірісі жоғары дамыған Қытайлық инвесторлармен, атап айтқанда CHN Energy және East China Engineering and Technology сияқты ірі компаниялармен жұмыстар жүргізілуде» Ерсайын Нағаспаев

Сонымен қатар министрдің сөзінше көмір-химиясын дамытудың Жол картасы әзірленіп, оның шеңберінде отандық ірі көмір өндіруші кәсіпорындар мен ғылыми институттар көмірді терең өңдеудің озық технологияларын енгізу бойынша жұмыс жүргізуде.

«Бүгінде химия саласында 49 жоба іске асырылуда. Олардың негізгілері мұнай және металлургия салаларында пайдаланылатын химиялық өнімдер түрлерін шығаруға бағытталған. Мысалы, елімізде өндірілетін каустикалық сода толығымен отандық металлургия өнеркәсібінде пайдаланылады» Ерсайын Нағаспаев

Оның айтуынша елдің бай шикізат әлеуеті фосфориттер, калий тұздары, бариттер, күкірт, мұнай, газ және басқа да химия саласында жаңа өндірістерді құруға мүмкіндік береді. Ерсайын Нағаспаев 2035 жылға дейін салаға 4,8 трлн теңге көлемінде инвестиция тарту күтіліп отырғанын айтты.

«Жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік қолдау шараларының, инвестициялық белсенділік пен жаңа жобалардың нәтижесінде химия өнеркәсібі тұрақты өсу қарқынын көрсетуде. Министрлік өз тарапынан саланы дамытудың оң қарқынын сақтау үшін жұмысты жалғастыратын болады» Ерсайын Нағаспаев

 

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -