5 мамыр күні Ұлытау облысының Жаңаарқа ауданында Ұлттық ұланның батыры, республикалық жарыстардың чемпионы марқұм Айбат Амановты еске алуға арналған бокстан үш күндік турнир басталды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Турнирдің ашылу салтанатына батырдың ата-анасы мен туыстары, Ұлттық ұланның «Оңтүстік» және «Орталық» өңірлік қолбасшылықтарының әскери қызметшілері, аудан басшылығы мен ардагерлер қатысты.
Аудан әкімі Қанат Қожықаев:
«Жерлесіміз Айбат Аманов – патриотизм мен Отанға деген адалдықтың жарқын үлгісі. Оның ерлігі ешқашан ұмытылмайды»
Батыр сарбаздың анасы Гүлназ Үлкенқызы жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеп, қолдау білдірген барша жұртқа алғысын жеткізді.
Биылғы турнирге алты команда құрамындағы 100-ден астам спортшы қатысуда.
Еске салайық, 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде Айбат Аманов пен Мадияр Қайсаров жауынгерлік борышын атқарып жүріп, ерлікпен қаза тапқан болатын. Олар қайтыс болғаннан кейін III дәрежелі «Айбын» орденімен және «Ұлттық ұлан қызметінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды.