Алматыда мәдениет, тарих және туризмді біріктіретін «Алматының тарихи жады» жобасы іске қосылды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Енді 2GIS картасынан көрнекті қазақстандықтардың жерленген орындарын, ескерткіштер мен мемориалдарды, сондай-ақ, белгілі тұлғалардың өмірі мен шығармашылығына байланысты көшелерді табуға болады. Туристік бағыттар бойынша арнайы маршрут құру мүмкіндігі де қолжетімді.
Жоба зиярат мәдениетіне – көрнекті тұлғалардың қабіріне құрметпен бару дәстүріне ерекше мән береді. Орталық зират, Кеңсай-1 және Кеңсай-2 ашық аспан астындағы музей ретінде цифрлық маршрутқа енгізілді. Дерекқорға Ұлы Отан соғысы ардагерлерін қосқанда 383 жерлеу орны тіркелген.
Жоба сондай-ақ, мәдени мұрасы бай көшелерді де қамтиды. Мысал ретінде жазушылар, ғалымдар мен мәдениет қайраткерлері тұрған Төлебаев көшесін айтуға болады.
Жоба қала сарапшылары мен музейлерінің бірлескен жұмысы нәтижесінде жүзеге асырылды.