15 мамыр — Халықаралық отбасы күніне орай Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қазақстандықтарды осы маңызды мерекемен құттықтады. Өз құттықтауында ол отбасы — жай ғана қоғамның бір бөлшегі емес, тұрақты әрі өркендеген мемлекеттің негізі екенін атап өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Министрдің айтуынша, БҰҰ бастамасымен 30 жылдан астам уақыт бұрын белгіленген бұл жылы мереке әрқайсымызға басты адами құндылықтарды — қамқорлық, қолдау, сүйіспеншілік пен балаларымыздың болашағы туралы еске салады. Бүгінде Қазақстанда 6,2 миллионнан астам отбасы бар, ал отбасын қолдау — мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала береді.
Құрметті достар! Сіздерді Халықаралық отбасы күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл жүрекке жылы мереке отыз жылдан астам уақыт бойы отбасы атты ең қастерлі құндылықты еске салып, насихат етіп келеді. Біріккен Ұлттар Ұйымының бастамасымен бекітілген бұл күн – әрбір адам үшін маңызды мәселелерге назар аударуға, яғни қамқорлық, қолдау, махаббат және балаларымыздың жарқын болашағы секілді ізгі құндылықтарды ұлықтауға мүмкіндік береді Аида Балаева
Аида Балаеваның айтуынша, елімізде ана мен баланы қорғауға бағытталған шаралар жүзеге асырылып, азаматтардың қауіпсіз әрі лайықты өмір сүруі үшін барлық жағдай жасалуда. Әсіресе жас отбасыларға ерекше назар аударылып отыр: заңнама жетілдірілуде, әлеуметтік жәрдемақылар төленіп, психологиялықтан бастап заңгерлікке дейін түрлі көмек түрлері көрсетілуде. Қазіргі таңда Қазақстанда 112 Отбасын қолдау орталығы жұмыс істейді. Бұл орталықтар азаматтарға өмірлік маңызды мәселелерді шешуге көмектеседі.
«Отбасы мықты болса — мемлекет те берік болады», — деді министр. Ол сүйіспеншілікпен бала тәрбиелеп, отбасылық дәстүрлерді сақтап, оны келер ұрпаққа жеткізіп жүрген барлық азаматтарға алғысын білдірді.
Отбасы — қоғамның тек бір бөлшегі ғана емес. Бұл — бізді жақсы көретін, түсінетін, қабылдайтын аяулы мекен. Дәл осы жерде тұлғалық қасиетіміз қалыптасып, құндылықтар мен армандарымыздың іргетасы қаланады. Отбасы берік болса — мемлекет те қуатты болады. Балаларын сүйіспеншілікпен тәрбиелеп отырған, отбасылық дәстүрді ұқыппен сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келе жатқан әрбір жанға шынайы алғысымды білдіремін. Сіздер — еліміздің тірегі, жарқын болашақтың негізісіздер Аида Балаева
Осы күні еліміздің түкпір-түкпіріндегі үлгілі отбасыларды дәріптеп, қолдауға бағытталған «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауына өтінім қабылдау да басталды. Аида Балаева барлық азаматтарды байқауға қатысып, шабыттандыратын отбасы тарихтарымен бөлісуге шақырды.
Сонымен қатар министр Отбасы күніне арналған онлайн-челленджтің басталғанын хабарлады. #отбасыкүні2025 және #деньсемьи2025 хештегтерімен жылы отбасы суреттерін, дәстүрлер мен естеліктерді жариялауға шақырды.
Барша отбасыға шуақты өмір, мықты денсаулық, жылылық пен бақ-береке тілеймін. Әр шаңырақта қуныш пен шаттық мол болсын! Бүгін – тағы бір ерекше күн. Дәл осы күні «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауына өтінім қабылдау басталады. Қазақстанның әр өңірінде өзгелерге үлгі болатын, тағылымды тарихы бар отбасылар бар екеніне сенімдімін. Баршаңызды осы маңызды әрі ізгі байқауға қатысуға шақырамын. Сіздердің өмірлік тәжірибелеріңіз көпшілікке шабыт сыйлайтыны сөзсіз. Сонымен қатар, сіздерді Отбасы күніне арналған онлайн-челленджге қатысуға шақырамын! #отбасыкүні2025 және #деньсемьи2025 хештегтерімен жүрекке жылы фотоларыңызды, отбасылық тарих пен дәстүрлеріңізді бөлісіңіздер. Өнегелі өмірлер, берекелі отбасылар баршамызға үлгі! Аида Балаева