Алматыда Қазақстанның қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайларды басқару жүйелерін нығайту жобасы басталды.
Жобаның Колумбия университетінің Қоғамдық денсаулық сақтау мектебі (ICAP) жанындағы ICAP орталығының және Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының (ҚДСҰО) өкілдерінен тұратын ұйымдастырушылары кез келген қауіпке дайын болу аса маңызды екеніне ерекше назар аударады.
Біз жобаның қыр-сырын, оны жүзеге асырумен байланысты қиындықтарды екі негізгі маманмен: Еуразия елдеріндегі Колумбия университетінің ICAP директоры Анна Дерябинамен және Қазақстандағы қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайларды басқару жүйелерін нығайту жобасының үйлестірушісі Зәуре Ахметовамен талқыладық.
Қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайларды басқару жүйесін құру бастамасы қалай басталды?
Анна Дерябина: Бұл идея Қазақстан үшін ауыр апатқа айналған 2024 жылғы алапат су тасқынынан кейін пайда болды. Үкімет пен жергілікті билік органдары түрлі аймақтардағы жағдайға ден қою және келеңсіз салдардың алдын алу үшін бұрын-соңды болмаған күш-жігер жұмсады. «Шеврон» компаниясы Қазақстанға қолдау көрсетуді күшейту қажет екенін түсініп, тиімді жоспарлау және су тасқыны салдарының халық денсаулығына тигізетін кері әсерін барынша азайту үшін денсаулық сақтау жүйесінің әлеуетін арттыру мүмкіндіктерін қарастыруды ұсынды. ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен және Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығымен талқылау нәтижесінде гуманитарлық көмекпен, шұғыл шаралармен шектелмей, әлеуетті жүйелі түрде арттыруға көңіл бөлу керек екені туралы шешім қабылданды. Осылайша нақты денсаулық сақтау саласында жоспарлау, төтенше жағдайлар кезінде шара қолдану және алдын алу тұрғысынан ұлттық жүйенің әлеуетін күшейту жобасы дүниеге келді.
Сіздің ойыңызша, неліктен бұл тақырып бүгінгі таңда ұлттық денсаулық сақтау жүйесі үшін аса өзекті?
Анна Дерябина: Бұл тақырып қашан да өзекті. Бүкіл денсаулық сақтау қызметінің әлеуетін жылдам арттыруға, соның ішінде эпидқадағалауды күшейтуге, медицина қызметкерлерін жұмылдыруға, ауруханаларды қайта бейіндеуге және медицина қызметкерлерін дәрі-дәрмекпен, жеке қорғаныс құралдарымен және қажетті көлікпен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін жүйе қажет. Мұндай жұмыс жоспар мен дайындықты қажет етеді, оны кенеттен жүзеге асыра салуға болмайды. Қазақстанда мұндай жағдайларда барлық қызметтердің жұмысын реттейтін нормативтік актілер бар, бірақ егжей-тегжейлі мәлімет жоқ. Биоқауіптерге дайындықты және шара қолдануды қамтамасыз етудің ұлттық жоспары не істеу керек екенін сипаттай отырып, мемлекеттің стратегиясын нақты айқындайды, бірақ оны жүзеге асыру үшін нақты қадамдарды тізіп беру қажет. Қадам-қадамдық нұсқаулардың, жүйелі жоспарлаудың жоқтығы көбінесе импровизация мен оқыс әрекеттерге жол ашады, ал шешімдер мен қарымта шаралар жекелеген адамдардың ынта-жігері мен жеке бастамасына ғана сүйенеді. Жүйені халық денсаулығына теріс әсер ететін кез келген келешек оқиғаларға тиімдірек дайындау үшін техногендік, табиғи немесе биологиялық болсын, түр-сипатына қарамастан, кез келген қауіп-қатерлерді басқарудың әмбебап тәсілін енгізу қажет. Иә, әрине, әрбір нақты салаға, мысалы, радиациялық немесе биологиялық қауіпсіздік саласына өз мамандары қажет, бірақ қауіп-қатерлерді басқару жүйесіне қатысты жалпы әдіс-тәсілдер бәріне ортақ болып қала береді.
Қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайларды басқару контекстінде стандартты операциялық процедуралардың қандай бағыттары басым болып саналады?
Зәуре Ахметова: Біріншіден, қауіп-қатерлер туралы хабар тарату. Жүргізіліп жатқан профилактикалық іс-шаралар туралы халықты дұрыс және уақытылы құлақтандыру олардың тиімділігіне кепілдік береді. Мысалы, әлеуметтік желілерде денсаулыққа қатысты жалған ақпараттың таралуы халықтың негізді шешім қабылдауына кері әсерін тигізетінін бәрі біледі, сол себепті аурулардың алдын алу және емдеу қиынға соғып жатады.
Екіншіден, ведомствоаралық ынтымақтастық. Сектораралық деңгейде төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимылдардың бірыңғай алгоритмін әзірлеу жедел ақпарат алмасуға және шешім қабылдауға ықпал етеді.
Үшіншіден, басым жұқпалы ауруларды анықтау; пандемиядан кейін биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері жаһандық ауқымдағы басымдыққа айналды.
Коронавирус пандемиясымен күресу тәжірибесі ҚР қоғамдық денсаулық сақтау жүйесіне қалай әсер етті?
Анна Дерябина: Ешбір ел пандемияға толық дайын болған жоқ. Қазақстанда көп жұмыс тиімді атқарылды, ал кейбір аспектілерде тіпті халықаралық тәжірибеден озып кетті. Бірақ елде денсаулық сақтаудағы жүйелік кемшіліктерді көрсететін бірқатар қиындықтар туындады, соның ішінде білікті кадрлардың тапшылығы, инфекцияларды қадағалауда жеткіліксіз дайындық, жеткілікті қаржыландырмау. Соған қарамастан, денсаулық сақтау саласының мамандары аса құнды тәжірибе жинады. Енді бәріміз сол тәжірибені болашақта төтенше жағдайлардың алдын алуды жоспарлау үшін пайдалануымыз керек.
Неліктен жоба еліміздің тек бес өңірінде: Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында ғана жүзеге асырылып жатыр?
Анна Дерябина: Бұл өңірлерді таңдауға былтыр су тасқынынан қатты зардап шеккені себепші болды. «Шеврон» компаниясы бизнес активтері орналасқан батыс облыстарға ерекше көңіл бөледі және өңірдің дамуына, соның ішінде қызметкерлерінің денсаулығы мен әл-ауқатын қамтамасыз етуге мүдделі. Жобаның шектеулі ресурстарын және Қазақстанда ДДСҰ арқылы жүзеге асырылып жатқан тағы бір ірі жоба — «Пандемия қорының» бар екенін ескере отырып, жауапкершілік салаларын өзара бөлісу туралы шешім қабылданды. Біздің жобаның іс-шаралары батыс өңірлер мен Солтүстік Қазақстан облысын қамтиды, ал «Пандемия қоры» аясындағы жоба еліміздің басқа өңірлеріндегі іс-шараларға қолдау көрсетеді.
Осы өңірлердегі қандай ерекше ерекшеліктер немесе қиындықтар бірінші кезекте көңіл бөлуді талап етеді?
Зәуре Ахметова: Қазақстан үшін негізгі сын-қатерлер елдің климаты мен географиялық ерекшеліктерінен туындайтын ішкі қауіп-қатерлермен тығыз байланысты. Көктемде өзен жүйелері бар және ойпатты өңірлерде су тасқыны болады. Жазда орман және дала өрттері тіркеледі. Қыста көктайғақ, қарлы боран мен дауыл көлік қатынасы мен инфрақұрылымды бұзады.
Аса қауіпті инфекциялардың табиғи ошақтарына ерекше назар аудару керек. Қазақстан аумағының едәуір бөлігі, шамамен 40%, обаның табиғи ошағы болып табылады, ал сібір жарасының ошақтары республиканың барлық өңірлерінде бар. Осындай ішкі қауіп-қатерлер тұрақты қадағалау және алдын алу шараларын қажет етеді. Қазіргі уақытта биоқауіпсіздік мәселелерін реттейтін бірқатар заңнамалық құжат әзірленген.
Сыртқы қауіп-қатерлер ең алдымен жұқпалы ауруларды сырттан әкелумен байланысты. Климаттың өзгеруі, халықтың белсенді көшіп-қонуы, халықаралық туризм мен экономикалық байланыстардың дамуы салдарынан Қазақстанға Денге безгегі, тырысқақ және безгек сияқты біздің елге тән емес аурулардың жыл сайын алыс-жақын шетелдерден келіп жатқаны тіркеледі. Алайда мемлекеттік шекарадағы санитарлық-карантиндік бекеттер мен медициналық ұйымдардың жедел бірлескен жұмысының арқасында бұл дерттердің ел аумағында таралуына жол берілмейді.
Климаттың өзгеруі жаңа, анағұрлым патогенді және жұқпалы қоздырғыштардың пайда болуына септігін тигізеді. Жаңадан пайда болған аурулардың 70%-дан астамы жануарлармен байланысты. Бұл ықтимал пандемияларға сектораралық деңгейде дайындық жүргізу және қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайларға ден қою шараларын үздіксіз жетілдіру қажет екенін айқын көрсетеді.
Жобаның негізгі мақсаты қандай? ICAP және серіктес ұйымдар алдында жобаны іске асырудың әр кезеңінде қандай міндеттер тұр?
Анна Дерябина: Жобаның алғашқы шараларының бірі бес облыс арасында ақпарат пен тәжірибе алмасу семинары болды. Семинарға Денсаулық сақтау министрлігі, Төтенше жағдайлар министрлігі, санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау және төтенше жағдайлар комитеттерінің аумақтық департаменттерінің өкілдері қатысты. Ақпарат алмасумен қатар қатысушыларға жұмыстың басым бағыттарын анықтау, әсіресе, жоба тарапынан қосымша қолдауды қажет ететін жергілікті қызметкерлердің біліктілігін арттыру және дайындау, сектораралық ынтымақтастықты нығайту сияқты міндеттер жүктелді.
Зәуре Ахметова: Санитарлық-эпидемиологиялық қызметте жедел әрекет ету топтары құрылған. Төтенше жағдайда сол топтардың жұмысының нақты алгоритмі бар. Жоба аясында біз өзімізге ведомствоаралық іс-қимыл деңгейін арттыруды міндет етіп белгіледік. Соңғы уақытта төтенше жағдайлар орын алған кезде бірінші кезекте ведомствоаралық ақпарат алмасу жағы зардап шегеді. Бұл олқылық бір жұмыстың бірнеше рет қайталануына әкеліп соғады, ал кейбір іс-шаралар тиісті бақылау мен қадағалаусыз қалады.
Осылайша жоба аясында құрылған мамандардың көпсалалы қауымдастығы өңірлік деңгейде ықтимал төтенше жағдайларға жедел ден қою тобына айналады.
Тиімділік тұрғысынан жоба қалай бағаланатын болады?
Анна Дерябина: Жобаның қысқа мерзімді тиімділігін бағалау үшін төтенше жағдайларды басқару саласында білімі мен біліктілігін арттыратын мамандардың санына назар аударамыз. Облыстық деңгейде 100 маман даярлау жоспарланып отыр, алдағы уақытта олардың білім динамикасын бағалайтын боламыз. Сонымен қатар облыстардағы жұмыстың жоспарлы және құрылымды сипатын жақсартуға ұмтыламыз. Осы мақсатта жетіспейтін стандартты операциялық процедуралар мен әдістемелік ұсынымдарды әзірлеуде қолдау көрсетеміз.
Бір жылдан кейін өңірлерде олардың пікірінше болып жатқан өзгерістерді бағалау үшін бұрынырақта айтылғандай семинар өткізу жоспарланған. ДДСҰ-мен бірлесе отырып, біз симуляциялық жаттығуларды пысықтау үшін бірқатар семинар өткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл қымбат тәжірибелік жаттығуларға жақсы балама болады.
Зәуре Ахметова: Семинардан кейін кері байланысты ұйымдастыру керек. Бір жылдан кейін өңірлерге сапармен барып, сонда өткізілетін семинарларда стандартты операциялық процедураларды енгізудің табыстылығын, төтенше жағдайларға ден қоюдың өңірлік жоспарлардың өзектілігін, өңірдегі кадрлық әлеует деңгейін, соның ішінде медицина қызметкерлерінің, ветеринарлардың, облыстық денсаулық сақтау басқармалары өкілдерінің әлеуетін, олардың өзара іс-қимылы мен ақпарат алмасуының тиімділігін бағалаймыз.
Сіздердің ойларыңызша, бүгінгі күні қоғамдық денсаулықты сақтаумен байланысты қандай қауіп-қатерлер төніп тұр?
Зәуре Ахметова: Ең алдымен антибиотиктерге төзімділік мәселесін атап өткен жөн. Бұл мәселені Денсаулық сақтау министрлігі мен ветеринария қызметі қадағалап, бақылап отырғаны сөзсіз. Дегенмен, халық әлеуметтік желіден түрлі ақпарат алып, өз-өзін емдеп жүрі.
Сапалы медициналық көмекке қолжетімділік маңызды мәселе болып қала береді. Халықтың, әсіресе, ауылдық жерде тұратын халықтың көрсетілетін қызметтерге көңілі тола бермейді. Медицина қызметкерлерінің, әсіресе, алғашқы медициналық-санитарлық көмек (АМСК) деңгейінде білімін арттыруға ерекше назар аудару қажет.
Жалпы ДДСҰ болжамына сәйкес 2035 жылға қарай әлемде медициналық қызметкерлердің жаһандық тапшылығы күтіліп отыр. Сондықтан жыл сайын медицина қызметкерлеріне жүктеме тек арта түседі, сол себепті кадрларды даярлау, олардың мәртебесі мен мотивациясын арттыру мәселелерімен жұмыс істеуіміз керек.
Сонымен қатар өмір сүру ұзақтығының ұлғаюы байқалады, соның салдарынан жүрек-қан тамырлары аурулары, онкологиялық аурулар, тыныс алу органдарының аурулары, несеп-жыныс жүйесі және асқазан-ішек жолдары аурулары сияқты созылмалы инфекциялық емес аурулармен ауыратындар саны артатыны анық. Бұл мәселе қарт адамдарға мамандандырылған көмек көрсету жағын дамытуды талап етеді.
Осындай ауқымды ведомствоаралық бастамаларды жүзеге асыруда көбінесе қандай кедергілерге тап боласыздар? Бұл жобада сіздер үшін ең маңыздысы не?
Анна Дерябина: Кадрлардың үздіксіз ауысуы, оқыту бағдарламаларының институционализацияланбауы айтарлықтай қиындық туғызады. 100 қызметкерді оқыту білікті мамандар тапшылығы мәселесін шешпейді. Мұндай оқыту тек жобамен шектелмеуі тиіс, еліміздегі кадрларды даярлау мен қайта даярлаудың қолданыстағы жүйесіне кіріктірілуі қажет.
Сондай-ақ біз үшін жобаға қатысы бар ұйымдардың, соның ішінде жергілікті атқарушы органдардың оны өз жобасы деп қабылдауы маңызды, өйткені облыс әкімдіктері деңгейінде жобаның қажет екен жете түсінбеу, оның тиімділігіне сенбеу нәтижені жоққа шығаруы мүмкін.
Бақытымызға орай, қазіргі уақытта сындарлы ескертулер мен ұсыныстар беріп жатқан барлық қатысушылардың қызығушылығын көріп отырмыз.