Абай облысында әскер қатарында абыройлы еңбек етіп, тату-тәтті өмір сүріп жатқан әскери қызметшілер отбасы жетерлік, деп хабарлайды DKnews.kz.
Солардың бірі – «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдерде қызмет атқаратын 3 сыныпты сержант Асхат Кошумбаев пен сержант Мадина Кошумбаевалар отбасы. Отағасы Асхат 35411 әскери бөлімінің барлау ротасының технигі болса, Мадина 44736 әскери бөлімінің құпия бөлімшесінің бастығы лауазымында.
Отағасы Асхат ұжымда зор құрметке ие, қызметке деген құлшынысы жоғары, өз ісінің нағыз шебері. 20 жылға жуық еңбек өтілі бар ол қызмет барасында ІІІ және ІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» төсбелгілерімен марапатталған. Ал 2024 оқу жылының қорытындысы бойынша жауынгерлік даярлық бойынша «Үздік әскери қызметші» атанған. Қазір Асхат елімізді қорғауда өз үлесін қосып жүрген мемлекеттік қызметкерлердің бірі.
- Екеумізде әскери салада қызмет етіп жүргеніміз мені қуантады. Себебі әскери орта отансүйгіштікке, еліміздің нағыз патриоты болуға тәрбиелейді. Сондай-ақ балалардың тәрбиесіне де әсер етеді деп ойлаймын, — дейді Асхат.
Әскер қатарына жолдасынан кейін қосылса да Мадинаның жетістіктері аз емес. Отбасы мен қызметті қатар алып жүрген ол да өткен оқу жылының қорытындысы бойынша үздіктер қатарынан көрініпті. Мадина әскер қатарында ерлермен қатар иық тіресіп ұзақ жылдар бойы еңселі еңбек етіп жүрген аяулы жар. Кең пейілді, мейірімі мол, жайдары мінезінің арқасында қызметтестерінің ықыласына бөленген. Осы еңбегі бағаланып жақында мемлекеттік құпияларды қорғау қызметінің күніне орай Құрлық әскерлері бас қолбасшысының атынан қызметтік міндеттерді адал орындағаны және жоғары әскери кәсіптілік біліктілігі үшін грамотамен марапатталыпты.
Адам өміріндегі басты құндылық – отбасын құрып, ұрпақ өрбіту болса, соның ішінде әйел затының негізгі міндеті – өмірге ұрпақ әкеліп, ана атану. Мадина Нұрғазықызы мен Асхат Асанұлы отбасыларында үш бала тәрбиелеп отыр. Бүгінде балаларының үлкені 10 сыныпта оқитын Айдана «Алтын белгі» төсбелгісіне үміткер болса, ортаншысы Мөлдір 7 сыныпты озат аяқтағалы отыр. Ал кенже ұлдары Әлтайыр балабақша тәрбиеленушісі.
- Әскери қызметші болу мен үшін үлкен абырой. Әрине кез келген жұмыстың оңайы жоқ. Қазақта «Ана бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген жақсы сөз бар. Яғни, отбасы мен қатар бала тәрбиелеу секілді биік міндеттер жүктелген. Міне, осының барлығын нәзік жандар қиналмай қызметті қоса атқарып келеді. Осының барлығы әйел жүрегінің мейірімінің шексіздігі деп білемін. , – дейді Мадина.
Отан үшін адал қызмет етіп, еңбекте де, отбасында да ортақ жетістіктерге жетіп жүрген отбасы бүгінде көпке үлгі болып отыр. Әскери саланың тізгінін ұстаған жарасымды жұптың алдағы арманы да ортақ, ол –өсіп келе жатқан балаларын үлкен өмірде жолдарын табуға көмектесу. Ұрпақтарын бірге өсіріп, еліміздің патриоты етіп тәрбиелеу.