Астанада 99255 әскери бөлімінің базасында запастағы әскери міндеттілердің кезекті жоспарлы оқу-жаттығу жиыны басталды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Әскери жиынға шақырылған астаналықтар жеке құрамды жинау пунктіне келіп, әскери киім-кешек алды. Жұмылдырылған ресурстарды хабардар ету, қабылдау және шақыру барысында әкімдіктің құрылымдық бөлімшелері мен елордалық аумақтық қорғаныс бригадасының өзара іс-қимыл мәселелері пысықталды.
– Жиынның негізгі мақсаты - жұмылдыру ресурстарын дайындау және қайта даярлау, әскери міндеттілердің далалық білімін және олардың іс-қимылдарының үйлесімділігін арттыру. Жиын бригада басқармасы басшылық құрамының жұмылдыру іс-шараларын ұйымдастыру және өткізу саласындағы білімдерін жетілдіруге бағытталған, – деп түсіндірді Астана қаласы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы полковник Фархат Құрманғажинов.
Астана қаласының аумақтық қорғаныс бригадасына даярлықтан өту үшін 70 әскери міндетті офицер мен 30 сержант шақырылды. Олардың арасында әртүрлі кәсіптер мен қызмет түрлерінің өкілдері бар.
– Он сегіз жыл Қарулы күштердің түрлі әскери бөлімдерінде қызмет еттім. Бүгін елорда әкімдігінің бұйрығымен әскери жиынға шақырылдым. Мұндай іс-шаралардан ешқашан қашпауымыз керек. Біздің көпшілігімізде пандемия кезінде жиыннан өту тәжірибесі бар. Біз, запастағы офицерлер, жастарға үлгі болуға тырысамыз, – деді «Толағай алыптары» жобасының авторы запастағы майор Тимур Спатаев.
Жиынға шақырылған белгілі әнші запастағы аға лейтенант Ибрагим Ескендірдің айтуынша, әскери міндеттілер өздерінің кәсіби шеберліктерін үнемі жетілдіріп отыруы қажет.
– Жастар өз елінің тірегі болуы керек. Жиынға өз Отанын сүйетін және оның алдындағы жауапкершілікті сезінетін нағыз жауынгерлер шақырылады. Алдымызға қойылған барлық міндеттерді ойдағыдай орындайтынымызға сенімдімін, – деді И. Ескендір.
Әскери міндеттілердің он күндік жиыны жұмылдыру және күзет ротасын жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежесіне келтіру тақырыптарын пысықтауды көздейді. Бұдан басқа, тактикалық-арнайы оқу-жаттығу барысында жауынгерлік үйлестіруді жүргізу, әскери және мемлекеттік маңызы бар нысандарды күзету мен қорғауды ұйымдастыру мәселелері пысықталатын болады. Жиын 2025 жылдың 23 мамырына дейін жалғасады.
Астананың қорғаныс істері жөніндегі департаменті әскери міндеттілер үшін әскери жиын кезінде орташа айлық жалақы сақталатынын еске салды. Оқу бағдарламасын сәтті меңгергендерге кезекті әскери атақтар берілетін болады.