Қазақстанда байланыс қызметкерлері кәсіби мерекесін атап өтуде: интернетпен қамту деңгейі 94%-ға жетті

1672
Фотосурет: Gov

Қазақстанда 17 мамырда телекоммуникациялар желісінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп жүрген мамандардың кәсіби мерекесі — Байланыс қызметкерлері күні атап өтіледі, деп хабарлайды DKnews.kz.

Бұл – заманауи қоғам өмірінің ажырамас бөлігіне айналған байланысты қамтамасыз ететін сала қызметкерлеріне көрсетілетін ерекше құрмет күні.

Атаулы күн дүниежүзілік деңгейде де маңызға ие. Ол – Халықаралық электр байланысы одағының бастамасымен бекітілген Дүниежүзілік электр байланысы және ақпараттық қоғам күнімен тұспа-тұс келеді. Қазақстан бұл ұйымның мүшесі ретінде 1992 жылдан бері белсенді жұмыс жүргізіп келеді.

Қазіргі таңда байланыс және телекоммуникация саласында еліміз бойынша 100 мыңнан астам маман еңбек етуде. Олардың кәсіби шеберлігі мен табанды еңбегінің нәтижесінде Қазақстан халқының 94 проценті интернетке қол жеткізе алады. Соңғы бес жылда 1 578 ауылға интернет желісі қосылды.

«Министрлік байланыс пен интернет сапасын арттыру бағытындағы жұмыстарды күнделікті негізде жалғастырып келеді. Соңғы он жылда талшықты-оптикалық байланыс желісінің ұзындығы 12 есеге артып, бүгінде 130 мың шақырымнан асты. Нәтижесінде еліміздегі 6 256 ауылдың 2 606-сы оптикалық желіге қосылды. Бұл – білім, медицина, кәсіпкерлік пен цифрлық қызметтердің шалғай өңірлерге де қолжетімді болуына жол ашты. Алдағы уақытта тағы 3 000-нан астам ауылға талшықты оптикалық байланыс желісін тарту көзделіп отыр» Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев

Кәсіби мереке қарсаңында елордада алғаш рет байланыс саласы қызметкерлері арасында республикалық кәсіби шеберлік байқауы өтті. Оған еліміздің жетекші телекоммуникациялық компанияларынан құралған 9 команда қатысты. Қатысушылар теориялық білімдерін ғана емес, жоғары дәлдік пен жауапкершілікті талап ететін – талшықты-оптикалық желілерді дәнекерлеу сияқты күрделі техникалық шеберліктерін де көрсетті.

Мерекелік шаралар аясында саланың үздік мамандарын марапаттау рәсімі өтті. Министр Жаслан Мәдиев байланыс қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, саланың дамуына сүбелі үлес қосқан қызметкерлерге марапаттар табыс етті.

Атап айтқанда, бірқатар қызметкерлерге кәсіби шеберлігі мен жетістіктері үшін «Үздік байланысшы» төсбелгісі, ал көпжылдық адал еңбегі мен саланы дамытуға қосқан үлесі үшін «Еңбек ардагері» медалі табысталды. Бұл – олардың еңбегіне берілген зор бағаның айқын көрінісі.

Байланыс қызметкерлерінің еңбегі – көзге көрінбегенімен, әрбір қазақстандықтың күнделікті өмірінде маңызды рөл атқарады. Олар – адамдарды, қалалар мен ауылдарды, ел мен әлемді жалғап тұрған көрінбес көпір.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -