Қазақстандықтардың депозиттері: қаржылық қауіпсіздік шекарасы қайда аяқталады?

1122
Фотосурет: Finratings.kz

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКБҚ) жеке тұлғалардың банктердегі ең сұранысқа ие және кең таралған жинақ ақшаларының көптеген тұрпатын: салымдардың барлық түрлерін, оның ішінде мерзімді, мерзімсіз, шартты, талап етілмелі салымдарды, ағымдағы шоттар мен төлем карточкаларындағы ақшаларды қорғайды. Жеке тұлғалар үшін қорғану құқығы қазақстандық заңнамада қарастырылған. 

Алайда кейбір қаржы өнімдері және банктік қызметтер, оның ішінде жеке тұлғаларға көрсетілетін қызметтер Қор кепілдігімен қорғалмайды.

Сондай көрсетілетін қызметтердің бірі – ислам банктеріндегі депозиттер. Қалған қазақстандық банктер жеке тұлғалардың депозиттеріне міндетті кепілдік беру жүйесіне қатысады.

Металдық шоттарды да ҚДКБҚ кепілдігі қамтымайды. Клиент алтын немесе күмісті аллокирленген шотқа сатып ала отырып, металл шоты ашылған банктің сенімділігіне байланысты тәуекелдерді өзі көтереді.

Заңды тұлғаларға келер болсақ, олардың банктік салымдары мен шоттарындағы ақшалары депозиттерге кепілдік беру жүйесімен қорғалмайды. Бұл ретте дара кәсіпкерлер, жеке нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар және кәсіби медиаторлар Қор тарапынан салымшы-жеке тұлғалармен бірдей дәрежеде қорғалған.

Сонымен қатар ҚДКБҚ кепілдіктері банк клиенттерінің банк ұяшықтары мен сейфтеріндегі ақшалары мен құнды заттарын қамтымайды. Банктің сейфтік көрсететін қызметтері бойынша клиенттердің мүліктері банк лицензиясынан айырылса да оларға қол сұғылмайды. Бұл жағдайда олардың иелеріне қайтарылуын банктің уақытша әкімшілігі қамтамасыз етеді.

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беры қорының кепілдіктері сондай-ақ банктік депозиттік сертификаттарға да қолданылмайды. Атауында «депозиттік» сөзі болғанымен, бұл инвестициялық құрал банк салымы емес, бағалы қағаз болып та табылады. Банктік депозиттік сертификаттар биржада айналымға жіберілмейді, иесінің аты-жөнін, атаулы құнын, мерзімін және сыйақы мөлшерлемесін банк клиентпен арадағы шартта нақты белгілейді. Банктер депозиттік сертификаттар бойынша сол мерзімге салымдарға қарағанда едәуір жоғары табыстылық ұсынады. Алайда қазақстандық заңнамаға сәйкес жалпы банктердің депозиттік сертификаттары және бағалы қағаздары депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесінің қорғау аясына кірмейді.

«Банктік депозиттік сертификаттар бойынша да инвестицияға қатысты қағидалар қолданылады: барынша жоғары табыс аламын деп, барлық ақшаны инвестициялық құралдарға жұмсауға болмайды. Оның үстіне оны мерзімінен бұрын өтеу бойынша иесінің құқығы шектелуі мүмкін, ондай жағдайда ақшаны шарттың бүкіл мерзімі аяқталғанша алуға болмайды. Сондықтан ақшалай қор жинау үшін кем дегенде қорғалған және анағұрлым «икемді» депозитті қарастырған жөн», – деп жауап берді Қор сарапшылары.

Осы ретте жинақ салымдар тиімді балама табыс көзі болуы мүмкін: Ұлттық Банктің бірқалыпты қатаң ақша-несие саясаты аясында банктер мұндай депозиттер бойынша жоғары мөлшерлемелер ұсынады. ҚДКБҚ теңгелік салымдар бойынша, сыйақаларын қосқанда 20 млн теңгеге дейін кепілдік береді.

Салымшылар үшін ақшаларын ҚДКБҚ кепілдік бермейтін банктік өнімдерге орналастырудың қандай тәуекелдері бар?

Салымшылар металл шоттарына алтын немесе күміс алу, банктік депозиттік сертификаттар алу арқылы немесе ақшаларын ислам банктерінің қаржы құралдарына орналастыра отырып, банктің сенімділігін бағалауға қатысты тәуекелдерді өздері көтереді. Атап айтар болсақ, егер банк лицензиясынан айырылатын болса, қолданыстағы заңнамаға сәйкес металл шоттардың немесе банктік депозиттік сертификаттардың иелері 8-ші кезектіліктегі «басқа» кредиторларға жатқызылады. Банкті тарату барысында кредиторлармен есеп айырысу банк активтерін сату қорытындысы бойынша және олар жеткілікті болған жағдайда жүргізіледі.

Бұл ретте Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының кепілдіктері банк лицензиясынан айырылған жағдайда кепілдік берілген депозиттер бойынша депозиторлар-жеке тұлғалармен жедел түрде есеп айырысуды көздейді. Еске саламыз, ҚДКБҚ Tengri Bank, Capital Bank Kazakhstan және AsiaCredit Bank бойынша олар лицензиясынан айырылған күннен бастап, 6-8 жұмыс күні ішінде салымшыларына кепілді өтем төлей бастады. Ал заң бойынша төлемді бастаудың максималды мерзімі – 35 жұмыс күнін құрайды.

Тіпті ҚДКБҚ кепілдік берген депозиттерге байланысты қандай тәуекелдер болуы мүмкін?

Депозиттер бойынша кепілдіктер: 

  • қазақстандық заңнамада дара кәсіпкерлерді қосқанда, барлық депозитор-жеке тұлғалар үшін қарастырылған,
  • Қордың арнайы резервінің қаражатымен қамтамасыз етілген (2025 жылдың 01 мамырына қарай 1,2 трлн теңге),
  • алайда, сомасы бойынша шектелген.

Салымшылар банктерге максималды кепілдік сомасы шегінен артық ақшаны орналастыра отырып, тәуекелдерді өз бетімен көтереді: егер банк лицензиясынан айырылса, ҚДКБҚ салымшыға максималды кепілдік мөлшері шегінде ғана өтем төлейді. Ал одан асқан қалдық ақша таратылатын банктің міндеттемелері бойынша 4-ші кезектегі кредиторлардың қатарына жатқызылады. Бұл міндеттеме банктің тарату комиссиясына жүктеледі. Алайда таратылатын банктің активтері жеткілікті болып, алдыңғы қатардағы кредиторлар алдындағы міндеттемелер толығымен орындалғаннан кейін ғана өтелетін болады.

Сол үшін банкте ірі ақша қаражаттары болған жағдайда, кепілдік берілген соманың көлемін арттыру үшін ақшаны бір емес, әртүрлі банкке кепілдік мөлшері шегінде орналастырған жөн.

Еске саламыз, депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысушы әрбір банктегі депозиттер өз алдына бөлек және тең дәрежеде қорғалған:

  • теңгедегі жинақ салымдар бойынша – 20 миллион теңгені,
  • теңгедегі жинақ салымдардан басқа карточкалар, шоттар және депозиттер бойынша – 10 миллион теңгені,
  • шетел валютасындағы салымдар, карточкалар және шоттар бойынша – 5 миллион теңгені құрайды.

Егер салымшының бір банкте әртүрлі бірнеше депозиті және солардың арасында жинақ салымы да бар болса, Қордың жиынтық кепілдігі салымшының әрбір салымы бойынша белгіленген максималды кепілдік сомасын есепке ала отырып, 20 млн теңгені құрайды және одан асырылмайды.

Депозиттер бойынша кепілдіктер туралы қандай сенімді ақпарат көздері бар?

Қазіргі уақытта қазақстандық банктердің депозиторлары депозитке кепілдік берілген-берілмегені және қандай максималды сомаға кепілдік берілгені туралы ақпаратты міндетті түрде депозитті ашу барысында алады. Салымның осы түрі немесе шоты бойынша ҚДКБҚ кепілдіктері туралы ақпарат және басқа да маңызды талаптар шарттың, өтініштің немесе клиент қол қоятын бөлек құжаттың бірінші бетінде ыңғайлы кесте нысанында көрсетіледі. Банк салымы шартының мазмұны және оны рәсімделуіне қатысты бұл талаптар ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен ҚДКБҚ бастамасы бойынша 2024 жылы 7 тамызда енгізілген. Максималды кепілдік сомасы туралы ақпаратты депозитті ұзарту барысында да ескерген маңызды.

Бұдан басқа, депозиторлар депозиттер бойынша кепілдіктер және кепілді өтемді төлеу тәртібі туралы да жалпы сипаттағы мәліметтерді алады. 

Клиенттер банктің бөлімшелерінде немесе онлайн түрінде депозит ашып, шартқа қол қою барысында банк оларға шотының немесе салымының негізгі талаптары туралы мәлімет беруге міндетті.

Бұдан басқа, ақпарат Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының колл-орталығында 1460 қысқа нөмірі бойынша (қоңырау тегін), kdif.kz сайтында, сондай-ақ Банктер және банк қызметі туралы және Екiншi деңгейдегі банктерiнде орналастырылған депозиттерге мiндеттi кепiлдiк беру туралы Қазақстан Республикасының Заңдарында қолжетімді.

Бұған дейін Қордың сарапшылары депозит пен депозиттік сертификаттың бір-бірінен айырмашылығы туралы толығырақ жазған болатын. 

Қор сонымен қатар Tengri Bank, Capital Bank Kazakhstan, AsiaCredit Bank және басқа да таратылатын банктердің төлем мерзімі барысында белгілі бір дәлелді себептерге байланысты кепілді өтем алуға өтініш бермеген салымшыларының өтемді қалай алуларына болатындығы туралы да жазған.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -