Метрология — ғылым мен өндірістің жүрегі

1639
Фотосурет: Gov

20 мамыр — бүкіл әлемде Метрология күні атап өтіледі.

Әр миллиметр, грамм мен градус маңызды саналатын қазіргі заманда өлшеудің дәлдігін қамтамасыз ететін мамандар бар, деп хабарлайды DKnews.kz.

Олар — метрологтар. Олар тұрмыстық таразылардан бастап, ірі өндірістік технологияларға дейін барлық салада нақтылықты қамтамасыз етеді. Медицина, авиация мен сауда — барлығы да осы мамандардың мұқият жұмысына тәуелді. Ендеше, Қазақстанның қазіргі метрологтары кімдер? Олар бұл мамандықты не үшін таңдады және бүгінгі күні қандай сын-қатерлерге тап болып отыр? Біз осы саланың өкілдерімен тілдесіп, дәл ғылымның астарында не жатқанын және метрологияның заманмен бірге қалай өзгеріп жатқанын білмек болдық.

Ауаны өлшейтін маман

Владимир Александров — Республикалық мемлекеттік кәсіпорын «ҚазСтандарттың» Қарағанды филиалы директорының орынбасары, газ орталарындағы компоненттердің молярлық үлесі бойынша мемлекеттік эталонға жауапты маман. Ол метрология саласына жиырма жыл бұрын, университетті аяқтағаннан кейін бірден келіп, дәрі-дәрмектерді талдау мен сертификаттаумен айналысатын сынақ зертханасында жұмысын бастаған.

Сол кездің өзінде-ақ оны өлшеудің күрделі қырлары — физика-химиялық әдістер, әдістемелерді әзірлеу және өлшеудің анықталмауын есептеу қызықтырған. 2006 жылы ол ресми түрде метрология саласына қадам басып, алдымен Шығыс Қазақстан филиалында, кейін Қарағандыда қызмет атқарған.

Бүгінде ол дәлдік аса маңызды саналатын сала — поверакалық газ қоспаларын өндіруге жауапты. Оның айтуынша, соңғы жылдары автоматтандыруды енгізу тек дәлдікті арттырып қана қоймай, өнім түрлерін кеңейтуге де жол ашқан.

«Әрбір метрологтың өз бағыты бар: бірі — мемлекеттік эталондармен, енді бірі — өндірістегі құралдарды тексерумен айналысады. Ал мен — ауа құрамындағы химиялық компоненттерді өлшеудің тұрақтылығына жауаптымын. Бірақ барлығымыздың ортақ мақсаты — дәлдік. Ол болмаса, ғылым да, өндіріс те дамымайды», — дейді Владимир Александров.

Метрологияны өмірлік ісіне айналдырған маман

Наталья Выродова метрология саласындағы еңбек жолын 1999 жылы бастаған. Ол кезде сала енді қарқын алып келе жатқан, кәсіпорын оңтүстік астанадан елордаға жаңадан көшкен кез еді. Бүгінде ол — «ҚазСтандарт» РМК №3 зертханасының бас маманы.

«Бұл — бір орында тоқтап қалуға мүмкіндік бермейтін мамандық. Күн сайын жаңа, стандарттан тыс тапсырмалар келеді, олар терең білім мен икемді ойлауды талап етеді», — дейді Наталья.

Оның айтуынша, метролог болу — тек өлшеумен айналысу емес. Бұл — физика мен құрал-жабдықтардың жұмыс істеу принциптерін жақсы білу, нормативтік-құқықтық құжаттардағы өзгерістерді үнемі қадағалап отыру. Қазіргі заманғы метролог — бұл әрі зерттеуші, әрі заңгер, әрі IT-маман.

«Цифрландыру, кванттық технологиялар, өлшем бірліктерінің жаңа анықтамалары енгізілуде. Бәрі қарқынды өзгеріп жатыр, біз де соған ілесуіміз керек», — деп атап өтті ол.

Натальяның айтуынша, қазіргі таңда халықаралық ынтымақтастықтың маңызы зор.

«Ешбір ел метрологияны оқшау күйде дамыта алмайды. Өлшеу нәтижелеріне сауда, ғылыми зерттеулер мен қауіпсіздік тәуелді. Біз халықаралық ұйымдармен тығыз жұмыс істейміз. Өлшемдеріміздің мойындалуы — өнімдеріміздің де мойындалуы деген сөз», — дейді ол.

Оның пікірінше, заманауи метролог — бұл тек өлшеуші маман ғана емес, сонымен қатар шет тілдерін, цифрлық платформаларды және жаһандық трендтерді меңгерген білікті кәсіби маман. Бұл — ғылымды, технологияны және нақтылыққа деген жауапкершілікті үйлестіре білетін адам.

36 жыл дәлдік пен мамандыққа адалдық

Саулеш Айтжанова — «ҚазСтандарт» РМК Ақтөбе филиалының бас маманы. Оның еңбек өтілі — 36 жыл, оның 20 жылдан астамын метрология саласына арнаған. Ол 1989 жылы рентген зауытында инженер-химик болып жұмыс істей бастаған, ал 2002 жылы Метрология институтына ауысып, химиялық өлшеу әдістемелерін әзірлеумен және сараптаумен айналыса бастады.

«ГОСТ болмаса — жұмыс болмайды. Бәрі әдістемеден басталады. Ал дұрыс әзірленген әдістеме — нәтижедегі дәлдіктің жартысы», — дейді Саулеш. Ол ерітінділер дайындайтын маманнан бастап, тығыздық, қысым және газдық талдау эталондарымен жұмыс істейтін сарапшы деңгейіне дейін өскен.

Бүгінде ол метрология саласының қалай өзгеріп жатқанын нақты байқап отыр: цифрлық жүйелер, бағдарламалық қамтамасыз ету және жаңа технологиялар мамандардан көпсалалы білімді талап етеді.

«Қазіргі метролог тек физика мен химияны ғана білумен шектелмейді. Ол IT-құралдармен жұмыс істей алуы, цифрлық платформаларды меңгеруі және жаңа шындықтарға бейімделе білуі қажет. Поверка өзгеріп жатыр. Біз де өзгеруіміз керек», — дейді ол.

Саулеш әсіресе жас әріптестеріне мақтанышпен қарайды:

«Олар — ынталы, білімқұмар жастар. Мұндай мамандармен болашаққа нық сеніммен қадам басуға болады».

Ол үшін жұмыстағы ең үлкен қуаныш — нақты кәсіпорындардың мәселесін шешу:

«Өзіміз әзірлеген әдістеме өндірісте іске қосылып, нәтижесінде өндіріс көлемі ұлғайып, кәсіпорын басшылығы алғыс айтқанда — міне, осы нағыз жетістік, біздің еңбегіміздің жемісі», — дейді ол.

Қазақстанда ондаған үздік маман жұмыс істейді және олардың әрқайсысы өлшеулердің бірлігін қамтамасыз етуге өз үлесін қосып келеді. Қазіргі заманғы метролог — тек микроскоппен жұмыс істейтін адам емес. Ол — аналитик, инженер, лингвист, зерттеуші және цифрлық технологияларды меңгерген кәсіби маман. Олардың еңбегі арқылы еліміздің қауіпсіздігі, экономикалық тұрақтылығы және технологиялық дамуы қамтамасыз етіледі.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -