Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (Агенттік) азаматтарды алаяқтықтан қорғау мақсатында жүйелі түрде шаралар қабылдап келеді, деп хабарлайды DKnews.kz.
Осылайша жалған кредиттер ресімделген азаматтардың құқықтарын қорғау заңнамалық түрде күшейтілді:
- 2024 жылғы 20 тамыздан бастап кредиторлардың алаяқтық кредиттер бойынша тергеу іс-шараларын жүргізудің барлық кезеңіне сыйақы есептеуді және талап-арыз жұмысын тоқтата тұру міндеті енгізілді;
- жалған кредиттер бойынша клиентке қойылатын талаптар клиенттің қатысуынсыз алаяқтық тәсілмен қарызды ресімдеу фактісі анықталған заңды күшіне енген сот шешімі бойынша тоқтатылады;
- 2024 жылғы 1 қыркүйектен бастап кредиторлардың кредит алудан ерікті түрде бас тартуды белгілеу кезеңінде азаматтардың заңсыз ресімделген кредиттері бойынша борышты есептен шығару міндеті енгізілді («Стоп-кредит» қызметі).
Сонымен қатар, әлеуметтік желілерде таратылып жатқан «алаяқтық жолмен ресімделген кредиттер есептен шығарылады» деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Агенттік азаматтарға ресми дереккөздерге ғана сенуге кеңес береді.
Қазіргі уақытта қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғауды күшейту мақсатында депутаттық корпус қаржылық алаяқтық фактілерін азайтуға бағытталған қосымша заңнамалық өзгерістерді бастамалап отыр.
Түзетулер онлайн-қарыздарды рәсімдеу кезінде 24 сағаттық «салқындату кезеңін» енгізуді, сондай-ақ банктер мен микроқаржы ұйымдарына (МҚҰ) кредитті алғаш рет рәсімдейтін азаматтармен олардың кредитор бөлімшесіне жеке келмей-ақ қарыз шартына қол қоюына тыйым салуды көздейді.
Сондай-ақ жекелеген азаматтар санатымен тұтынушылық кредит шарты тек олардың келісімі алынғаннан кейін ғана жасалуы тиіс деген талап енгізу мәселесі қаралуда.
Ұлттық Банктің Антифрод-орталығының қызметін күшейту мақсатында оған ұялы байланыс операторлары, құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдар қосылады. Бұл алаяқтық нөмірлер мен транзакцияларды жылдам анықтау және бұғаттау үшін ақпарат алмасуды жеделдетуге мүмкіндік береді.
Антифрод-орталықтың «қара» тізіміне енгізілген тұлғалар үшін қаржылық қызметтерге қолжетімділік шектелетін болады.
Ұялы байланыс саласында SIM-карталар санына шектеу қою, абоненттерді міндетті түрде биометриялық сәйкестендіру және SIM-бокстарға бақылауды күшейту шаралары енгізіледі.
Аталған түзетулер қазіргі уақытта Парламент Сенатының қарауындағы Қаржы нарығын дамыту және қаржылық қызметтер тұтынушыларының құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі Заң жобасына енгізілген.