Алматыда өз бетінше салынған құрылыстарға қарсы күрес жалғасуда, деп хабарлайды DKnews.kz.
Нұр-Алатау шағын ауданында Қ. Тауасарұлы көшесі, 71/21 мекенжайында орналасқан үш қабатты екі ғимаратты бұзу жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл нысандар қажетті рұқсат құжаттарынсыз салынған.
Жоспардан тыс жүргізілген тексерістен кейін меншік иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылып, сот ғимараттарды бұзу туралы шешім шығарды. Алғашында бұзу жұмыстары ерікті түрде басталғанымен, кейін оның толық орындалмағаны анықталды. Қазір сот орындаушыларының қатысуымен мәжбүрлі түрде бұзылып жатыр.
Алматы әкімі Ерболат Досаевтың құрылысқа бақылауды күшейту туралы тапсырмасына сәйкес, 2023 жылдың басынан бері қалада 74 заңсыз нысан — тұрғын үй кешендері, сауда орындары және өз бетінше тұрғызылған басқа да құрылымдар толық немесе жартылай сүрілген.