Мәжілістің жалпы отырысында депутат Олжас Құспеков Ұлттық Банк жанынан мемлекеттік криптовалюта резервін құруды ұсынды. Оның айтуынша, мұндай қадам цифрлық активтерді реттеудегі олқылықтарды жоюға және қаржылық тұрақтылық пен азаматтардың қауіпсіздігін арттыруға сеп болмақ, деп хабарлайды DKnews.kz.
Депутаттық сауалында Куспеков парламенттік бақылау барысында цифрлық активтер саласында жүйелі қауіптер мен құқықтық реттеудегі олқылықтар анықталғанын атап өтті. Бұл тәуекелдер қаржы жүйесінің тұрақтылығына, азаматтардың мүлкіне және мемлекеттік институттардың беделіне нұқсан келтіруі мүмкін.
— Біріншіден, қылмыстық істер аясында тәркіленген криптоактивтерді сақтау мәселесі осы күнге дейін заңдық тұрғыдан шешілмеген. Тиісті құқықтық әрі техникалық механизмнің болмауы активтердің жоғалуына, ұрлануына немесе үшінші тұлғалар арқылы заңдастырылуына әкелуі ықтимал. Екіншіден, сарапшылар жастардың заңсыз криптонарыққа жаппай тартылып жатқанын атап өтуде. Бұған әлеуметтік желілердегі блогерлер мен өзін «криптокоуч» деп атайтын тұлғалардың белсенді әрекеттері әсер етуде, — деді мәжілісмен.
Оның айтуынша, мұндай коучтар мен блогерлерде лицензия жоқ болғанымен, олар азаматтарға заңсыз платформаларды насихаттап, кепілдендірілген табыс уәде етеді. Бұл заңнама талаптарының бұзылуына алып келіп отыр. Сонымен қатар, кейбір екінші деңгейлі банктер криптовалюта бойынша заңсыз операцияларды қызмет көрсету аясында іске асыруда.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметтеріне сілтеме жасаған депутаттың айтуынша, он екінші деңгейлі банк арқылы 4,2 млрд теңгеден астам сомада күмәнді операциялар жүргізілген.
— Көп жағдайда ішкі бақылау тетіктері қолданылмайды. Заңмен тыйым салынғанына қарамастан, лицензиясы жоқ криптобиржалар өз жұмысын жалғастыруда. Олар App Store мен Play Market платформаларында ашық қолжетімді, жарнамаланып жатыр, түрлі іс-шараларға да қатысады. 2023 жылы Қазақстандағы криптоайналымның 86,2%-ы немесе 3,5 млрд АҚШ доллары заңсыз сегмент арқылы өткен, — деді ол.
Осыған орай депутат қылмыстық істер шеңберінде тәркіленген цифрлық активтерді сақтау мақсатында Ұлттық банк жанынан арнайы мемлекеттік крипторезерв құруды ұсынды. Сонымен бірге, бірқатар қосымша бастамаларды да көтерді:
- «Инвестициялық коучинг» ұғымын заңнамаға енгізіп, бұл қызмет түрін лицензиялауды міндеттеу;
- Ережелерді бұзған аккаунттарды бұғаттау тетігін әзірлеу;
- Ақша аударымдарына аудит жүргізіп, банктер тарапынан ішкі бақылауды күшейту;
- Лицензиясы жоқ криптобиржаларға тиесілі сайттар мен қосымшаларды бұғаттау;
- Рұқсат етілген платформалардың ресми тізімін жариялау.
Айта кетейік, бұған дейін «Ақ жол» фракциясы депутаттары криптовалюта айналымын заңдастырып, крипто-теңге — ұлттық валютаның цифрлық нұсқасын шығару идеясын көтеріп, елде арнайы Криптобанк құруды ұсынған еді. Алайда бұл бастама Ұлттық банктен қолдау таппады.
Депутаттық бастама қоғам мен нарық қатысушылары тарапынан да пікірталас тудырды. Binance Kazakhstan компаниясының бас менеджері Нұрхат Көшімов ұсынысқа қатысты мынадай пікір білдірді:
— Дүниежүзілік және Қазақстандағы цифрлық активтер нарығы үшін криптовалютаның жиі талқыланып, маңызды тақырыпқа айналуы — қуантарлық жайт. Саясаткерлер мен саланың жетекші өкілдері өз ұстанымдарын ашық айтып, криптовалютаның қаржы жүйесіндегі орнын мойындап, оған басымдық беріп отырғаны — маңызды үрдіс.
Қазақстанның стратегиялық крипторезерв құруға деген ұмтылысын біз толық қолдаймыз. Әрине, мұндай резервті қалыптастыру заңнамалық өзгерістерді қажет етеді, сондықтан бұл процесс жылдам жүрмейтіні анық. Алайда бұл бастама Қазақстандағы криптоактивтерді реттеудің айқын механизмдерін қалыптастыруға оң ықпал етеді деп сенеміз, себебі заңнама терең әрі нақты пысықталуы тиіс.
Бастама әзірге талқылау деңгейінде, алайда ол Қазақстанда криптоэкономиканы заңдастыру жолында маңызды қадамға айналуы мүмкін.