Қазақстан Қарулы Күштерінің басты міндеттері белгіленді

880
Фотосурет: Gov

Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықовтың төрағалығымен Қарағанды гарнизонында Қорғаныс министрлігі алқасының көшпелі отырысы өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.

Онда 2024-2025 жылдардағы қысқы оқу кезеңінің қорытындысы шығарылып, жазғы оқу кезеңіне арналған қызметтің басым бағыттары айқындалды.

Алқа жұмысына Қорғаныс министрлігінің, Бас штабтың басшылық құрамы, Қарулы күштер түрлерінің бас қолбасшылары, әскер тектері мен өңірлік қолбасшылық әскерлерінің қолбасшылары, сондай-ақ әскери оқу орындарының бастықтары қатысты.

Қорғаныс ведомствосының басшысы геосаяси жағдайдағы өзгерістерге назар аударды. Қазіргі заманғы жауынгерлік іс-қимылдарды жүргізудің шетелдік тәжірибесін талдауды ескере отырып, ол қазақстандық армияны даярлаудағы басымдықтарды белгіледі.

Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Бас штаб бастығы генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдиновтың жауынгерлік және жұмылдыру дайындығының жай-күйі туралы, Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаевтың Қарулы күштердегі әскери тәртіп пен құқықтық тәртіптің жай-күйі туралы баяндамалары тыңдалды.

Қорғаныс министрінің орынбасарлары жұмылдыру резервін дайындау, әскери міндеттілердің жиынын жоспарлау, резервтегі қызмет жүйесін дамыту, әскери бөлімдерде қатаң жарғылық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтар мен қылмыстарға жол бермеу мәселелеріне ерекше назар аударды.

Әскерлерді даярлау деңгейін, кадрлық әлеуетті, тылдық және техникалық қамтамасыз етуді арттырудың жекелеген мәселелері талқыланды.

Алқа отырысын қорытындылаған Қорғаныс министрі командалық құрамға бірқатар басым міндеттер қойды. Олардың қатарында тактикалық барлау міндеттерін пысықтай отырып, ұшқышсыз ұшу аппараттары операторларын даярлау, жауынгерлік және арнайы даярлық бойынша практикалық сабақтарды ұйымдастыру, инженерлік-саперлік бөлімшелерді даярлау, қауіпсіздік шараларын күшейту, қарумен жұмыс істеу жөніндегі талаптарды сақтау және т. б. тапсырмалар бар.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -