Қазақстанда Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Қазақстан балалары» атты ұлттық онкүндік науқаны басталды.
Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева арнайы видеоүндеуінде мәлімдеді. Игі бастама Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асуда, деп хабарлайды DKnews.kz.
Науқанның басты ұраны – «Отбасы – тәрбие бастауы!». Министрдің айтуынша, әр баланың өмірінде ең маңызды рөлді атқаратын — отбасы. Дәл осы ортада тұлға қалыптасып, рухани әрі адами қасиеттері дамиды.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ата-ана мен мемлекеттің бала тәрбиесіне ортақ жауапкершілігін әрдайым айтып келеді. Бұл — ел болашағына салынған берік іргетас», – деді Аида Балаева.
Ата-аналық құндылық — қоғам тірегі
Жақында өткен әлеуметтік сауалнама нәтижесіне тоқталған министр:
- Қатысушылардың 90%-ы ата-ана болуды өмірдегі ең маңызды міндет деп есептейді.
- 85%-ы отбасының берекесі үшін ата-ана мен баланың арасындағы өзара түсіністіктің маңызын атап өткен.
Мемлекет өз тарапынан балаларды қамқорлықпен және сүйіспеншілікпен қоршау үшін барлық қажетті жағдайларды жасап келеді. Бұл бағытта Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мен Мәдениет және ақпарат министрлігі ауқымды жұмыстар атқаруда.
Балалар үшін нақты көмек пен жүйелі жобалар
Министр өз сөзінде бірнеше маңызды жобаларға тоқталды:
- «One-Stop-Service» пилоттық жобасы аясында балаларға қатысты 50-ге жуық қылмыстық іс қаралып, 700-ден астам әйел мен балаға жедел психологиялық, құқықтық көмек көрсетілді.
- «Саламатты Қазақстан» пойызы 100 мыңнан астам адамға қызмет көрсетті. Әсіресе, көпбалалы аналар мен мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға ерекше көңіл бөлінді.
- Балалардың цифрлық қауіпсіздігі мен суицидтің алдын алу бойынша нақты бастамалар қолға алынды.
Сонымен қатар, Президент төрағалық еткен Үшінші Ұлттық Құрылтайда берілген тапсырмаға сәйкес, Үкімет қазіргі уақытта «Қазақстан балалары» ұлттық бағдарламасын әзірлеуде. Бұл бағдарлама еліміздегі балалардың өзекті мәселелерін шешуге бағытталған, кешенді ұлттық стратегия болмақ.
Жаңа жоба – «Ата-ана академиясы»
2024 жылы Мәдениет және ақпарат министрлігі «Ата-ана академиясы» жобасын іске қосты. Бұл жоба қазақстандық отбасыларға бала тәрбиелеудің отандық және халықаралық үздік тәжірибелерін үйретуге бағытталған. Жақын арада арнайы онлайн платформа іске қосылады деп жоспарлануда.
Қоғамның басты капиталы – бала
Сөз соңында Аида Балаева барша ата-аналарға үндеу жасап:
«Балаларыңыздың қызығушылығына, арманы мен қажеттілігіне көбірек назар аударыңыздар. Ашық әрі сенімді қарым-қатынас – баланың үйлесімді дамуының негізі»
Министрдің айтуынша, еліміздің ең үлкен жетістігі – бақытты әрі дені сау ұрпақ. Бұл – Қазақстанның шынайы дамуының көрсеткіші.